Кім кінәлі?
ОҚО төтенше жағдайлар департаменті өткізген брифингте айтылып, көктем басталғалы бері 36 адамның суға кеткендігі хабарланды. Cоңғы қайғыға соқтырған оқиғалардың дені құтқарушылар бақыламайтын аймақтарда болған.
Ал Оңтүстіктің туризм кластерінің бір бұтағы болады деп үкілеп отырған Шардара су қоймасында биыл үш адам суға кетті. Шардара аудандық төтенше жағдайлар және өртке қарсы қызмет бөлімінің бас маманы Абай Сәтпаев осындай келеңсіз жағдайларға байланысты тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүріп жатқандығын айтады. Енді су жағалауларына шомылуға тыйым салынған жерлерге билбордтар орнатылып, тақтайшалар іліне бастаған. Оқушылармен кездесулер де өтіп тұрады. Жамағат көп баратын мешіттерде бұл мәселе имамдардың араласуымен ақылға салынады.
Бүгінде Шардара су қоймасында тәулік бойы кезекшілік қойылған. Үш аудан аумағын қамтыған көлде құтқару топтары кезекшілік етеді. Бірақ, штат аз болғандықтан бәрін бірдей қамтамасыз ету мүмкін емес екен. Өйткені, облыс аймағында 320 өзен, көлшік бар. Ал құтқарушы қызметіндегі штаттық бірлік 98 ғана, маман жетіспейді. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қайғылы оқиғаға үлкендердің салғырттығы себеп дейді. Ойын баласын ата-ана іздей қоймайды, бақылауға алмайды. Ал оның салдары ауыр қайғыға әкеліп жатыр. Мәселен, суға кеткен 36 адамның 27-і жас балалар. Осы балалардың 20-ы екі жас пен бес жас аралығындағы бүлдіршіндер.
Күні кеше ата-ана бақылауынсыз қалған 2 жасар Абдуллах есімді бала Қошқар ата өзеніне ағып кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Бақытқали Есеркепов іздеу жұмысына 40 құтқарушы мен 8 арнаулы техника жұмылдырылғанын айтады. Баланың өлі денесі өзеннің төрт шақырым қашықтығынан табылған. Әттең, осы жұмыстардың бәрі алдын ала ұйымдастырылып, ТЖД қызметкерлері қайғылы оқиғалардың алдын ала білсе ғой. Сонда жан сыздатар жайлар да болмас еді-ау. Демек, талай отбасыға қан құстырған бұл оқиғалар жас балалар қауіпсіздігін ерекше қадағалау керектігін тағы да еске салады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы