Алматы-Қарағанды трассасының Қарағанды облысы аумағындағы бөлігінде жол-көлік оқиғасы орын алып, алты адам, соның ішінде екі бала қаза тапты.
Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияровтың айтуынша, қайғылы оқиға 9 шілде күні Гүлшат кентінен 20 шақырым жерде сағат 11:15-те болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Алматыдан Астанаға қарай келе жатқан «Лексус» автомобилі артқы доңғалағының жарылып кетуіне байланысты аударылып қалған. Қатты келе жатқан көліктің тізгініне жүргізуші ие бола алмаған. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде жүргізуші мен оның бес жолаушылысы түгел оқиға орнында қаза тапқан. Олардың арасында кәмелетке жетпеген екі бала бар», - деді Құдияров.
Қазір болған оқиға бойынша сараптама тағайындалды. Тексеру жүріп жатыр. Ол көлік жүргізушінің жолда жүру ережесін бұзуы ретінде қарастырылуда.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ.