Еліміз тәуелсіздік алған кезде әскери авиаторларды дайындау жұмыстары Ақтөбе қаласындағы азаматтық авиация жоғары ұшу училищесінің базасында басталды. 1994 жылы училищенің жанынан ӘӘК-тің әскери факультеті құрылып, курсанттарды іріктеу жұмысы өтті.
Қазақстан Қарулы Күштерінің әуе күштеріне авиациялық мамандар қажет болған соң, аталған оқу орны ұшқыштарды 4 инженерлік және
4 ұшу мамандығы бойынша дайындауды бастады. Осы білім ордасынан 1998 жылдың 22 тамызында алғашқы авиаторлар өмірге жолдама алды. Оған Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 2003 жылы училище Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты болып қайта аталды.
Өткен 20 жылда әскери оқу орнынан 2000 түлек мамандық алып, ұшқыш нұсқаушылар Як-18Т, Ан-2, Ми-8, Л-39, Ан-26, Ес-145 сияқты ұшақтарды игерді. ЖОО-ның біршама түлегі әртүрлі елдердің қарулы күштері Әскери-әуе күштерінің әртүрлі халықаралық жарыстарында, сондай-ақ авиациялық өнер көрсетуде еліміздің намысын лайықты түрде қорғап жүр.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»