шетелдік бұл жүк көлігінің бөлшектері Семейде құрастырылады
Семей қаласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «СемАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазақстандық құрамды арттыру мақсатында зауытта құрастырылатын SHACMAN жүк көліктерінің шанағы мен кейбір бөлшектері енді зауыттың өзінде шығарыла бастады. Бұл өз кезегінде 50 адамға жұмыс көзін тауып беріп отыр.
Қаладағы колледждердің бірін аяқтағанымен, ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген Айбек Оразбеков қызмет орнын аталған зауыттан тапты. Екі апта бойы тәжірибеден өтіп, жақсы нәтижесімен көзге түскен автомеханик жарты жылдың ішінде жүк көліктерін құрастырудың қыр-сырын жетік меңгерген.
Мен алтыншы постта жұмыс істеймін. Көліктің кабинасын құрамыз, құбырлар шығарамыз. Жұмысым өзіме ұнайды, деді ол. Зауытта күніне 3-4 SHACMAN көлігі шығарылады. Осы үлгідегі қазақстандық құрамның үлесі 38 пайызға артып отыр. Жүк көліктерін құрастыру бойынша 120 адам еңбек етеді.
Кәсіпорынның өндіріс басшысы Жандос Ілиясовтың айтуынша, жыл соңына дейін 400 дана техника құрастыру жоспарланған. Алайда, бұл көрсеткішті сұранысқа орай екі есеге дейін арттыру мүмкіндігі бар.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ