Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып отыр. Ұйымның Бас Ассамблеясында 138 мемлекеттің Қазақстанды қолдап дауыс беруі бұл еліміз үшін үлкен құрмет, халықаралық деңгейдегі беделінің барлығы деп түсінуіміз керек.
Қазақстан Республикасы бұл беделге қалай жетті? Ол – Елбасымыздың кемеңгерлік саясатының арқасы. Ел Президенті алдымен халқымыздың қасіретіне айналған Семейдегі ядролық сынақ полигонын жапты. Сонан соң төрткүл дүниеге қатер төндіріп, алаңдататын ядролық қарудан бас тартты.
Қазақстан отаршылдықтың, қырғын соғыстың зауалын бастан кешкен ел. Сондықтан Елбасы адам баласына қасірет әкелетін істерден аулақ болып, тәуелсіздігіміздің тұғырын адал еңбекпен, дамыған экономика, жақсарған тұрмыспен бекітуді қалады.
Елбасымыздың адамзатқа бейбіт өмір тілейтін бұл бастамасын БҰҰ-ға мүше елдердің басшылары қолдап, дүниежүзіндегі бейбітшілікті нығайтуға, соғыстың алдын алуға бағытталған игілікті үлес деп жоғары бағалап отыр. Халықаралық қауымдастықты ядросыз әлем құруға, соғысты болдырмауға шақырған АҚШ-тағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жарияланған «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжатына айналғаны да баршаға аян. Бұл да Елбасының көрегендігі еді.
Бірлік – біздің басты мақсатымыз. Президентіміз бастап, барлық қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, қоғамдық институттар, жалпы халық болып ынтымағымызды нығайту жолында жұмыла еңбек етпесек, елімізде тұрақтылық болмас еді.
Еңбек – біздің басты қаруымыз. Тәуелсіздік алған осы аз жыл ішінде еліміз айтарлықтай дамып, көркейді. Ең бастысы – елімізде береке бар, тыныштық бар. Мұндай елге инвестиция құюшылар да аз болған жоқ. Бастысы – Елбасымыз алға үлкен мұрат қоя білді және оған жетуге халықты жұмылдырып, ертеңіміздің жарқын боларына жұртшылықты иландыра білді.
Алпауыт елдердің өзін сансыратқан қаржылық және саяси дағдарыстардан Елбасымыздың кемеңгерлік саясаты арқасында халқы түсінушілік танытып, табиғи табандылығы, төзімділігі, еңбекқорлығы арқасында шығып келеді.
Осындай бірлікті, рухы мықты ел ғана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қабылдаған шешімдерін, жауапкершілікпен орындай алады.
Міне, сондықтан да Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып отыр. Бұл біздің Елбасымызға, елімізге көрсетілген сенім, халқымыздың қомақты табысы, жарқын жетістігі, үлкен мәртебе деп түсінемін.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы жұртшылығы да осындай ұлы істерге бастаған Президентіміздің сара саясатын қолдап, оны жүзеге асыруға үлестерін қоса береді.
Рухолла САМАТОВ,
«Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы төрағасының орынбасары
Батыс Қазақстан облысы