Дүбірге толы дүниенің жақсы жаңалығы көп болса екен деп тілейміз. Ал сол жақсы лебіз өз елімізге қатысты болғанда бөркімізді аспанға атқандай қуанамыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекеттің 138-і Қазақстан үшін дауыс берді. Мұның өзі заңды құбылыс еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы сыртқы саясатының арқасында дүниежүзіндегі бейбітшілікті жақтайтын мемлекеттер мен ірі халықаралық ұйымдар Қазақстанды танып отыр.
Енді 2017-2018 жылдарға Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болу арқылы Қазақстанның бейбітшілікті сақтау ісіне қосар үлесі қомақты бола түспек. Қазір дүние күрделі кезеңді бастан кешіп отыр. Экономикалық, қаржылық дағдарыс теңіз толқыны секілді қайталап соғып отыратын құбылыс. Халықаралық экономикалық байланыстардың орнығуы, еліміздің ішкі қуаты мұндай тығырықтардан жол табуға мүмкіндік беріп келеді. Бірақ, соңғы кездері террорлық әрекеттер қай елді де сансыратып отыр. Содырлар, терроршылар ел, жер таңдамайтын болды. Олар жасаған жарылыстарды күн сайын еститін болдық. Қауіптің қайдан боларын білмеген қай елдің де бейбіт тұрғындары жазықсыз зардап шегіп, мерт болуда.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының күн тәртібінде тұрған осындай өзекті мәселелерді шешуге атсалысады. Төрткүл дүние, алпауыт елдер мен беделді халықаралық ұйымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық тұрақтылықты сақтау жөніндегі ұсыныстарын жоғары бағалап келеді. Биыл Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік саммиті аясында мәлімдеген манифесінде Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпті қарулардың содырлар қолына түсіп қалмауын ескертіп айтты. Қазір елдерде күн құрғатпай болып жатқан террорлық әрекеттер көреген саясаткердің ескертпесін құлаққа ілу керектігін де меңзейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан тарапы алдағы екі жылда төрткүл дүниеге «кемедегінің жаны бір» деген қазақ халқының даналығын талай дәлелдейтін болады.
Қалқаман ЖАҚЫП,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры
ҚОСТАНАЙ