Қазір қарап тұрсаң, осының бәрін бір адам істеді, бір адам басқарды, бір адамның жетегімен жүрді дегенге сенуің қиын сияқты. Бірақ бәрі шын мәнінде солай болған. Қазақтың: «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді», дегені осындайда еріксіз ойға оралады. Сосын «біреудің тойып секіретініне, енді біреудің тоңып секіретініне» илана түсесің. Әйтпесе, кешегі кеңес заманынан бері жұмыс жасап келе жатқан Шымкенттің сыра зауыты бұл кісіге ата-бабасынан қалған мұра емес-тін. Тәуелсіздіктің жетуімен бірге жекешелендіру үдерісі жүрген кезде оның меншігіне кездейсоқ келіп түскен батпандай байлық еді.
«Бал ұстаған бармағын жалайды» деп жатамыз. Бал болмаса да, саусағымен сыра сорып жүрген адам да күндердің күнінде шалқыған байлықтың астында қалады екен. Бірақ «семіздікті қойдың көтеретіні» анық болып шықты. Байыған үстіне байи түскен байшыкеш күндердің күнінде бұдан да жоғары шарлағысы, шарлап қана қоя салмай, шарықтап ұшқысы келді. Ұшқаны сол, аз да емес, көп те емес, Қазақстан Республикасы деген айбынды елдің тұтқасын ұстайтын басшысы болғысы келді. Өйткені, ол баяғы Аяз биді білмейтін еді, оның: «Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл», деген өсиетін ешқашан естімеген-тін. Тіпті, сол тәмсілді естіген күннің өзінде, соны тыңдай қоятынына қазір сенуіміз оншалықты оңай емес. Бұған – тірлігі себеп.
Оқырман қауым осы жазбаның алғашқы сөйлемдерінен кейін-ақ әңгіменің кім туралы болып отырғанын пайымдап қалған шығар. Иә, гәп қазіргі күндері билікті заңсыз басып алуға әрекет жасады деген айып тағылып отырған, бір кездері «Сыра королі» атанған бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешов турасында болып отыр. Кеше Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев оған қатысты тергеу деректері анықтаған бірқатар жайттарды әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Т.Төлешов билікті басып алу жоспарын жүзеге асыру үшін алдымен елдегі жағдайды тұрақсыздандырып, жұрт арасына от тастауға әрекет жасаған. Бұған барар алдында 2005 және 2010 жылы Қырғыз Республикасында болған жағдайларды мұқият зерттеп шыққан. Тіпті, осы мақсатта Қырғызстанға өзі арнайы барып, керекті материалдар мен дерек-дәйектерді іздестірген.
– Билікке халық арасында жаппай тәртіпсіздік орнатып, халықты наразылыққа азғыру арқылы келуге болатынын түсінген ол бұл арам пиғылын Қазақстанның батысында тез жүзеге асыруға болады деген болжамға келген, – деді бұдан әрі Р.Карасев. – Төлешов Қазақстанның батысында наразы топтар бар деп есептеп, олардағы әлеуметтік-экономикалық және өзге де мәселелерді зерттеген. Сосын соларды алға тарта отырып, наразы топтарды өз мүддесі үшін пайдалануды көздеген. Жаппай тәртіпсіздік пен әдейі ұйымдастырылған наразылық акцияларының барысында ол билікке ультиматум қойып, өзі үшін вице-президент лауазымын енгізуді көздеген. Ал артынша мемлекетті басқару тізгінін өзі қолға алмақшы болған.
Негізінде, мемлекеттік төңкеріс жасауға қызу дайындалған Тоқтар Төлешов жанына сыбайластар қарастыруды да ерте бастаған. Ол бұған еліміздің құзырлы органдарында қызмет еткен тұлғаларды көбірек тартқанды жөн көрген. Бизнесмен осы әрекеттердің шеңберінде оларға Жоғарғы сот пен Ішкі істер министрлігінде лауазымды қызметтер алып беремін деп уәде еткен.
– Тергеу анықтағандай, Бақтыбаев пен Досқалиев билікті күшпен басып аламын деген Тоқтар Төлешовтің ойынан хабардар болған және оны толық қолдаған. Мемлекеттік төңкеріс жасаған соң Төлешов олардың біреуіне Жоғарғы Соттың төрағасы қызметін, екіншісіне Ішкі істер министрінің қызметін алып беремін деген. Ал әскери бөлімдердің басшылары Жумин мен Пернебаев заңсыз ақшалай сыйақы үшін Төлешовке әскери ұшақ, әскери техника мен штаттағы әскери адамдарды берген, – деді Р.Карасев.
2014 жылдың тамызында Тоқтар Төлешов осы әскери әлеуетті пайдалана отырып, Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында әскери-спорттық шара өткізген. Сәкен Айтбеков Төлешовтің тапсырмасы бойынша лауазымды иелене отырып, қылмыс жасаған.
Естеріңізге сала кетейік, маусым айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Т.Төлешовтің сыбайластарын қолға түсірді. Олар Бас прокурордың бұрынғы бірінші орынбасары, Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі, заң саласы бойынша екінші сыныпты мемлекеттік кеңесші Ілияс Бақтыбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы, генерал-майор Хибартолла Досқалиев, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бұрынғы басшысының бұрынғы бірінші орынбасары, полиция полковнигі Сәкен Әлібеков, Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 35848 және 55652-әскери бөлімдерінің командирі, полковник Бекзат Жумин және Қайрат Пернебаев секілді тұлғалардан құралады.
Тергеу барысында бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешовтің халықаралық қылмыстық топтарды қаржыландырып, оларды үнемі қолдап келгені де анықталды. Бұл ретте олар өздерін «бауырлас топ» деп атаған. Ал, Тоқтар Төлешов осы трансұлттық қылмыстық топтардың басшыларына қаржылай көмек беріп келген.
– Тергеу анықтағандай, Тоқтар Төлешов «Хасан ата» атты лақап атымен танымал Аслан Усоянмен, «Ташкенттің Жорасы» деген Георгий Сорокинмен, «Мерный Гафур» атты лақап аты бар Гафур Арсланбек Рахимовпен, «Бухар Максим» атты лақап аты бар Нозин Жұмаевпен, «Ильяс көке» атты лақап атымен танымал Ильяс Сұлтановпен тығыз байланыста болған, – деді Руслан Карасев.
Тергеуде Тоқтар Төлешовтің жоғарыда аттары аталған адамдарға және олардың қылмыстық топтарына үнемі ірі көлемде қаржы аударып отырғаны белгілі болды. Міне, бір қитұрқы тірліктің бір баянсыз баяны осындай.
Біздің есімізге қазір орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің «Алтын балық туралы ертегісі» түсіп отыр. Тағдыр бұл кісінің қолына да сондай алтын балықты ұстатып еді. Бірақ ұстап тұра алмады. Дәлірегі, дәлдүріштікке салынып, дәлдиіп кетті. Өзіне сол алтын балықтың қалай тигенін мүлдем ұмытты.
Ақыры мынадай болып отыр.
Тегінде, «Алтын балық туралы ертегіні» кім-кімге де қайталап оқып тұрғанның зияны жоқ-ау.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»