• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
12 Шілде, 2016

Спорт журналистері Еуропа додасына бағасын берді

397 рет
көрсетілді

[caption id="attachment_50868" align="aligncenter" width="560"] absoluttv.ru[/caption] Жақында бір ай бойы Францияда өткен футбол тойы да мәресіне жетті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, футбол жанкүйерлері осы теңбіл доп додасын асыға күтті.  Енді, міне біз асыға күткен Еуропа чемпионаты көзді ашып жұмғанша ілезде өте шықты. Биылғы чемпионатқа 24 елдің ұлттық құрама командалары қатысты. Соның ішінде жарысқа Уэльс, Солтүстік Ирландия, Словакия, Албания, Исландия құрамалары алғаш рет қатысып, бақ сынасты. Ал чемпионаттың қызықты-қызықсыз өткені туралы көп айтуға болады. Топтық турнирде голдар аз соғылса, плей-офф кезеңінде командалар ширап, қызықты да тартысты ойындар көрсете бастады. Біз чемпионаттың қалай өткені туралы белгілі спорт журналистерінен сұрап, бірнеше сұрақ қойған едік. Енді соны назарларыңызға ұсынамыз.  1. Биылғы Еуропа чемпионатынан қандай әсер алдыңыз? Көңілдегідей өтті ме? 2.Еуропа чемпионы атағына қай команда лайық еді? Португалияның ойыны туралы айтып берсеңіз. 3.Еуро додасында 24 команда болған дұрыс па, 16 ма? Чемпионаттың үздік ойыншысы деп кімді айтар едіңіз? 4.Еуропа чемпионатының символикалық құрамасын айтып бересіз бе? [caption id="attachment_50869" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption]  Нұрғазы САСАЕВ, sportsffa.kz сараптамалық порталының редакторы 1.Биылғы Еуропа чемпионатында көңілден шығатын да, шықпайтын да ойындар болды. Әйтсе де, тамаша тактикалық ойын үлгілерін көрдік. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, азулы қарсыластарынан айласын асырып, ұжымдық ойын үлгісін көрсеткен құрамалардың ойындарына тәнті болдық. Әрине, жекелей жұлдыздарына сенім артқан командалар да болды. Ең бастысы, өзімізге үлгі тұтуға болатын ұлттық құрамаларды, олардың жанкештіліктері мен ауызбірліктерін телеэкран арқылы болса да, көзбен көрдік. Исландия мен Уэльстің қайсар жігіттеріне қарап сүйсіндік. Футболшылары мен жанкүйерлері арасындағы сый-құрметке қызыға қарап, рухани ләззат алдық. «Қаш-шан, біз де осылай қуанышқа бөленер екенбіз» деп тамсандық та. Бәрінен де осы (соңғысы) басымырақ болды... 2.Еуропа чемпионатына лайық құрама көп еді. Бірақ «бақ шабама, бап шаба ма» дегендей, солардың арасында болмаса да, биыл Португалияның асығы алшысынан түсті. Бәлкім, чемпиондық ойын үлгісін көрсетпеді дейтіндер болар. Толық келісемін. Бірақ қазақта «жүгірген алмайды, бұйырған алады» деген де мәтел бар. Иә, олар өз тобынан әупіріммен шықты. Одан кейін кіл мықтылармен финалға дейін жолы түйіскен жоқ. Бұл да бағының жанып, айының оңынан туғанын білдіреді. Спорттық баптарына Еуродода барысында келіп, финалға көп шаршамай, шалдықпай жетті... Бір қызығы, биылғы Еуропа чемпионатында қазақы "мүшел жас" болды. Бұл үрдіс сонау 1992 жылдан басталған. Қазақ елі егемендігін алғаннан бері дейікші. Яғни, 12 жыл сайын Еуро додасында құрлық чемпионы болып көрмеген құрама топ жарып жүр. Атап айтқанда, 1992 жылы ешкім мүлде ойламаған Дания чемпион болды. Тура 12 жылдан кейін, яғни 2004 жылы тағы да ешкім күтпеген Грекияның жұлдызы жанды. Тағы бір "мүшел жас"... 2016 жыл... Хорватия ма, әлде Бельгия ма деп едік. Жоқ – Португалия. Эйсебионың аруағы қолдады ма, биыл осы елдің футболшыларының бағы жанды. 3.Өзі УЕФА құрамында 55 мемлекет қана бар. Соның жартысынан астамы финалдық кезеңде ойнады. Бұл тым артықтау, әрине. 1984 және 1988 жылғы Еуропа чемпионаттары қандай еді?! Финалдық кезеңде сайдың тасындай іріктелген сегіз құрама ғана ойнайтын. Әрбір ойыны финал іспетті болатын. Ол кезде әлем чемпионатының деңгейі де “Кәртамыс ғалам” біріншілігінің жанында жіп есе алмай қалатын. 1996 жылдан бастап, финалда 16 құрама ойнайтын болды. Биылдан бастап – 24 команда. Сәні кетіп бара жатқандай... Биылғы чемпионаттың үздік ойыншысы Антуан Гризманн деп ойлаймын. Голды да бәрінен көп соқты. Жартылай финалда Германия құрамасының қақпасына екі доп соққаны – ерен жетістік. Жалпы, өзімнің де бойым биік болмағандықтан ба, футбол алаңында өз өнеріне төрткүл дүниені тәнті қылып жүрген шағын денелі футболшыларды жақсы көремін... 4.Бұл енді нағыз символикалық құрама бола қояр ма екен. Себебі әрқайсымыз өзімізге ұнайтын футболшыларды атаймыз ғой. Әрі сүйікті футболшыларымыздың барлығы дерлік ұжымдық ойын өрнегін ұйымдастыратын және үйлестіретін – жігіттер. «Қара жұмысты» атқаратындар тыс қалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын, қазір комментатор болып жүрген бір әріптесіміз айтып еді, «жас кезімде өзіме ұнайтын ойыншылардан символикалық құрама жасатайтынмын, кейін сол жазғандарымды оқысам, бәрі де шабуылшы екен, тіпті қақпашы да жоқ болып шықты» деп. Соның кері болмаса да, соған жетеқабыл болғалы тұр-ау... Десек те, 4-3-3 және 4-5-1 сұлбасында ойнауға болатын әмбебап құрама “құрадым” деп ойлап отырмын, өзімше: Буффон – Хектор, Кьелини, Барцальи, Срна; Погба, Рэмси, Перишич; Гризманн, Бейл; Криштиану Роналду. [caption id="attachment_50871" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Ардақ ТОҒЫМОВ, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы 1.Бастапқыда чемпионаттағы ойындар ұнамады. Шынын айту керек, көп доп соғылмалды, іш пыстыратын ойындар көп болды. Ал плей-офф кезеңінен бастап командалар ашыла бастады. Біраз сенсацияға толы матчтарды да көрдік. Жалпы, чемпионатқа көнілім толды деймін. 2.Басында Германия чемпион атанады деп болжам жасаған едім. Өкінішке қарай, жартылай финалда олар алаң иелерінен жеңіліп қалды. Италияның ойыны ұнады. Сенсация жасаған Исландия мен Уэльстің ойындарына да бәріміз таң-тамаша болдық. Ал Португалияның арманы жоқ. Топтан әрең дегенде шығып, кейін қосымша уақытта немесе пенальти сериясында қарсыласын жеңіп, финалға шықты. Финалда да солай жеңіске жетті-ау... Олардың еңбегі зор. 3.Әрине, 24 команда өте көп. Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне УЕФА-ға мүшелері 54 елдің командасы қатысса, соның тең жартысынан сәл көп команда құрлықтық додаға шыға береді деген сөз ғой... 16 команда - ең дұрыс шешім болар еді. Тіпті кезіңде Еуро бәсекесінде 8 команда ғана ойнаушы еді. Үздік ойыншы, менің ойымша ол – Пепе! 4.Қақпашы – Руй Патрисиу, қорғаушылар – Пепе, Касилияни, Драхслер, Пике, жартылай қорғаушылар – Ренату Санчеш, Гризманн, Пайе, Шакири, шабуылшылар – Роналду мен Бэйл. [caption id="attachment_50873" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Сәкен СЫБАНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің журналисі 1.Әсерім жақсы. Біраз қызықты ойындар тамашаладық, түрлі драмалық жағдайларды көрдік, сенсациялар да жеткілікті болды. Шын жанкүйерге бұдан артық көп нәрсе де керегі жоқ-ау. Әсіресе Германия – Италия (1:1), Германия – Франция (0:2), Венгрия – Португалия (3:3), Уэльс – Бельгия (3:1), Франция – Исландия (5:2) секілді көз қуантар ойындарды ерекше атап өтер едім. Ұнамаған тұсы – плей-офф кезеңіндегі кейбір нәтижелі ойындар болмаса, жалпы алғанда, гол өте аз соғылды. Бұрынғы формат бойынша 31 матчта шамамен 75-80 гол қақпаға соғылса, биыл 51 кездесуде сондай мөлшермен кемінде 125 доп соғылатын шығар деп ойлағанмын. Сөйтіп, Еуро тарихындағы 700-гол да Франция жасыл алаңдарында соғылар деп күткен едім. Өкінішке қарай, олай болмады. 24 команда жабылып жүріп 108-ақ гол соқты (орта есеппен әр ойынға 2,11 голдан келеді). Бұл – Еуро тарихындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі (тек 1980 және 1996 жылдары ғана бұдан да нашар нәтиже тіркелген). 2.Турнир басталмай жатып, елдің аузынан түспейтін фавориттер болады. Бірақ солардың кейбірі кейін дода барысында ел күткен үдеден шықпай жатады. Сондықтан алдын ала ғана емес, чемпионат барысында өзінің алтын жүлдені алуға лайықтығын ойынымен дәлелдеген екі команданы айтайын. Біріншісі – Германия. Орталық шабуылшы позициясы болмаса, басқа жағынан еш мінсіз жасақталған команда. Марио Гомес жарақаттанып қалмағанда, бұл позиция үшін де аса алаңдамауға болар еді. Жартылай финалдағы ең осал тұс осы болды. Әйтпесе немістер гол соғарлықтай ұрымтал сәттерден кенде болған жоқ. Тек шырқ үйірілген шабуыл құйынына нүкте қоярлық мерген табылмады. Ойын жағынан бәрінен озық тұрды. Допты бұлардай шебер жетектейтін команда ілуде біреу шығар. Екіншісі – Италия. Қорғанысы берік, алға да, артқа да бірдей мән беретін, өте жылдам, әрі күш-қуаты тасыған команда. Топтағы Ирландиямен кездесу бұл есепке саналмайды, өйткені, онда негізінен қосалқы құрам ойнады. Басқа матчтарының бәрінде де мақсатты, жігерлі қимылымен ерекшеленді. Тек пенальтиді дұрыстап тебе алмаған ойыншыларының кесірінен зиян шекті. Әйтпесе өте ұйымшыл ойын көрсеткен Италия, әсіресе қолынан келгенінің бәрін істеген Джанлуиджи Буффон алтын жүлдеге әбден лайық еді. Ал Португалияға келсек, олардың ойыны туралы түбегейлі тұжырым айту қиын. Әйтеуір бейтарап жанкүйердің жанын рахатқа бөлейтін ойын көрсете қоймағаны анық. Топтық кезеңде өз деңгейінен өте төмен ойнады. Тек Венгриямен кездесуде, топтан шыға алмау қаупі төнгенде ғана жанталасты. Плей-оффтың бастапқы ойындарында да кереметтей көз қуанта қойған жоқ, ілініп-салынып жүріп жартылай финалға жетті. Уэльсті ғана айқын басымдықпен жеңді. Ал финалда мінез көрсетті. Алаңда өте тығыз орналасып, Гризманн, Жиру, Пайеттердің адымын тұсай алды, олардың допты еркін қабылдауына мұрша бермеді. Жалпы шешуші кезеңге таяған сайын Португалияның қақпашысы – мықты ойнай түсті, қорғанысы – әлгі венгрлермен «семсерлесуден» соң, ішінара құрамын ауыстырып, сақ та сауатты қимылдады, ортаңғы шептің ойынын өрімдей жас Ренату Санчеш жандандырды, шабуылда бар сенім Криштиану Роналдудың өзіне артылды. Ойын жағынан чемпиондыққа қаншалықты лайық екенін әркім өзі шамалар, бірақ үнемі көмбеге қолсозым тұста сүрінетін команданың, футбол тарихына Эйсебио, Фигу секілді тамаша ұлдарын ұсынған елдің, клубтық деңгейде ұтпағаны жоқ ұлы ойыншы Криштиану Роналдудың ақыры өйтіп-бүйтіп алтынға қол жеткізуінен пәлендей әділетсіздік көріп тұрған жоқпын. Оның үстіне, Франция да финалда чемпионға лайық ойын көрсеткен жоқ. 3.Еуро-2016 додасының жалпы алғанда жаман өтпегеніне қарамастан, мен бұрынғы 16 үздік қана қатысатын форматты қолдаймын. УЕФА-ның 55 мүшесі бар. 24 – солардың жартысына жуығы деген сөз. Финалдық турнирге соншама команданың қатысуы турнирдің жалпы деңгейін әлсірете ме деймін. Рас, дебютанттардың ешқайсысы да масқараға ұшыраған жоқ, қайта бәрі де өліспей-беріспес қайсар мінез көрсетті, тістесіп-шайнасты-ақ. Исландия мен Уэльс тіпті жарты әлемді таң қалдырды. Бірақ 24-тің ішінен 8 әлсізді шығарып тастау үшін ғана үш апта әуре боп, 36 ойын өткізу өзін-өзі ақтағанына сенімсізбін. Одан да ең мықты 16 құрама қатысқаны жөн дер едім. Сонда ойынның бәрі тартысты болады, топта 3-орын алған команда жарысты жалғастырмайды. Бірақ ол жағын шешетін біз емес қой... Мен үшін чемпионаттың ең үздік ойыншысы – Аарон Рэмзи. Өз басым оның алаң ортасындағы ойлы қимылына, допты командаласына бере салып, лезде ашыла қоятын сұңғылалығына, пасты серігінің аяғына өте ыңғайлы етіп беретініне, шешуші (нәтижелі) пасты шығару алдында әріптесі офсайдта қалмауы үшін қажетті пауза ұстай білетініне, допсыз жүріп-ақ қай қарсыласынан қауіп төнерін алдын ала сезіп, оның жолын бөгеуге ұмтылатынына керемет риза болдым. Кім біледі, егер ол жартылай финалда алаңға шыққанда, бәрі басқаша болар ма еді... Дегенмен, дүбірлі доданың дүлдүлі – финалистердің сапынан шыққаны жөн шығар. Онда француз Антуан Гризманн мен португалдық Пепені атаймын. Біріншісі қашанда қақпа алдындағы қарбалас сәттің дәл ортасынан табылатын жанкештілігімен, гол соғар мезетті сезе білетін мергендігімен тәнті етті, бүгінгі әсіресақ футболда 7 ойында 6 гол соғу – ерлікке барабар іс. Екіншісі командасының шабуылдағы ойыны жүрмей жатқанда, бар салмақты өзіне қабылдаған қорғаныс шебінің қолбасшысы бола білді. 4.Қақпашы – Джанлуиджи Буффон (Италия). Қорғаушылар – Леонардо Бонуччи (Италия), Лоран Косьельни (Франция), Пепе (Португалия), Йонас Хектор (Германия). Жартылай қорғаушылар – Аарон Рэмзи (Уэльс), Тони Кроос (Германия), Иван Перишич (Хорватия). Шабуылшылар – Криштиану Роналду (Португалия), Антуан Гризманн (Франция), Гарет Бэйл (Уэльс). [caption id="attachment_50874" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, «Айқын» газетінің журналисі, спорт комментаторы 1.Маған ұнады. 24 команданың қатысуы, ІІІ орын алған командалардың плей-оффқа шығуы күтпеген нәтижелер әкелді. Жарыс фавориттерінің бірінен кейін бірі сыпырылып жолда қалуы, есесіне турнирге тұңғыш қатысқан 5 құраманың төртеуі шешуші кезеңге шығуы, Исландияның Англияны ұтуы, Уэльстің қола жүлде иеленуі өте қызықты болды. Жалпы әлем футболының бағыт-бағдарын айқындап отырған Еуропа құрлығында құрамалар деңгейі теңесіп қалғанына қуандым. Ал Криштиану Роналдудың құрамамен үлкен табысқа жетуі тіпті керемет. 2.Менің ойымша, көрсеткен ойыны жағынан құрлық чемпионы атағына Италия, Германия және Франция құрамалары лайық болды. Италия әуелден тастүйін ойын көрсетсе, Германия қыза шапты. Ал Франция әуелі жеңіске зор жігермен жетіп жүрсе, бірте-бірте нағыз бабына келді. Бірақ мықтылар ғана ұта берсе, ешбір спортта қызық қалмас еді. Сондықтан жартылай финал мен финалды өте жақсы өткізген Португалияның чемпион атануына күмәнмен қарамақ емеспін. Жігіттер бір мақсатқа жұмылды, турнирдің барлық мүмкіндігін сарқа пайдаланды. Жылдар өткен соң олардың негізгі уақытта бір ғана матчта ұтқаны емес, чемпион атанғаны ғана есте қалады. Сондықтан «қолынан келіп, қонышынан басқан» Фернанду Сантуш шәкірттеріне шын ықыласпен қол соғамын. 3.Менің ойымша, 16 үздік болғаны дұрыс. Бірақ шешім қабылданған екен, соған бағынуға тиіспіз. 24 үздік сапына тұңғыш рет еніп, айды аспанға шығарған Уэльс, Исландия, Солтүстік Ирландия, Словакия құрамаларының сынды бұзбағанына да көңілім тоқ. Қалайда пайда түсіруді көздейтін заман ғой, сондықтан УЕФА-ның бұл шешімі де біраз уақыт өмір сүруге тиіс шығар. Меніңше, турнирдің үздік футболшысы – Гарет Бейл. Босағада жатқан құраманы төрге сүйреген ер Бейлдей-ақ болар. 4.Буффон, Седрик-Барцальи-Бонуччи-Севарссон, Гуннарссон-Пайе-Гризманн-Бейл, Криштиану Роналду. [caption id="attachment_50875" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Ришат ТҰРҒАНБАЕВ, «Жетісу» газетінің спорт шолушысы 1 – 2. Өте жақсы əсер алдым. Топтық кезеңде біраз көңіл түсіретін кезеңдер болған. Артынша тартысты ойындардың куəсі болдық. Португалияның ойыны айтарлықтай керемет болды деуге келмейді. Тек қыпшақтармен арадағы ойын ғана тартысты өтті. 3.Меніңше 24 команда дұрыс. Чемпионатқа жаңа шыққан Уэльс, Венгрия, Исландия секілді командаларға мүмкіндік. Гризманн, Пайе, Погбаның ойыны ұнады. 4.Чемпионаттың символикалық командасы – Германия құрамасы. [caption id="attachment_50876" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Қанат БАЗЫЛХАН, «Хабар» телеарнасының спорт шолушысы 1.Бұл чемпионат тұңғыш рет жаңа жүйе бойынша өтіп, қатысушы құрамалар саны да 24-ке артты. Қазір осы шешім қаншалықты өзін ақтады деген сауал төңірегінде пікірталастар көп. УЕФА көбірек пайда табуды ойлап, өз мақсатына жетті. Көптеген әлсіз құрамалар мүмкіндік алып, үлкен сынға араласты. Сондықтан Қазақстан секілді әлсіз командаға мүмкіндік туды. Осы жағынан қуануға болады. Ал, бірақ футболдан анау айтқандай керемет әсер алмадық. Бұрынғы жүйе жақсы еді. Бірінен бірі өтетін керемет ойындар болатын. 2.Енді топтық кезеңде бірде-бір ойынды ұта алмай, негізгі уақытта тек жартылай финалда жеңіске жеткен Португалияның чемпион атануы шынын айтқанда кездейсоқ жағдай ғой. Жеңіске жетудің түрлі жолы бар. Бірақ құрлықтың ең таңдаулы құрамалары арасында чемпионға тән ойындар көрсеткен құрамалар жетерлік. Бұл ұжымға жеребе де жолдас болды. Шын мәнінде бұл бас жаттықтырушы Фернанду Сантоштың жеңісі. Бұған дейін құраманың ойынына үйлесе алмай жүрген жұлдыз Роналдудың өзін қара жұмысқа шекті. Нәтижесінде қорғанысы мығым команда жасақтады. Ал жалпы ойындары жанкүйерлерге ұнаған жоқ. Чемпиондық атаққа лайық емес деген тым қаталдау, ойындары керемет болды деп айта алмайсыз. 3.Енді 24 команда ұйымдастырушылар үшін дұрыс болды. Қаржы жағынан пайдаға кенелді. Ал, 53 құраманың тең жартысының құрлық чемпионатына қатысқаны аса қызық болмады. «Ұсақ» командаларға уақытша қуаныш сыйлаған шығар. Бірақ чемпионаттың деңгейі артпады. Алда бұл жүйе қиындық тудырады. Себебі, Еуропада 24 құраманы қабылдай алатын елдер саны шектеулі. Сондықтан сол чемпионатты 16 командамен өткізу ыңғайлы әрі тартысты болатын еді. Ал бұл турнирдің үздік ойыншысы Антуан Гризманн. Себебі ол бәрінен көп гол соқты. 4.Қақпашы Буффон. Сосын Италияның үш қорғаушысы Бонуччи, Бардзальи, Кьеллини. Олар өз міндеттерін адал атқарып, команданы ширек финалға дейін сүйреді. Орталық шепте неміс Тони Кроос пен Димитри Пайе мен Матюиди бар. Он сегіз жасар португалиялық Ренату Санчешті де айтуға болады. Алғы шепте Гризманнан бөлек, Роналду мен Бэйлдің ойыны ұнады. [caption id="attachment_50884" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Асқар АҒАТАЕВ, aktausport.kz ақпараттық – спорт порталының редакторы, спорт журналисі 1.Міне, бір айға созылған Еуропа чемпионаты да мәресіне жетті. Енді ұйымдастыру жағынан Еуро додасы өте тамаша өтті. Бірақ 24 команда Еуропа чемпионаты үшін тым көп. Менің ойымша бұрынғы 16 командалық форматты қайта қарастыру қажет сияқты. Өйткені, Албания, Румыния, Солтүстік Ирландия секілді командалардың ойыны іш пыстыратындай болды. Әрине, УЕФА-ны да түсінуге болады. Бұл ұйым командаларды көбейтумен біраз пайда тапты әрі футбол енді ғана дамып келе жатқан елдерге жақсы мүмкіндік берді. Дегенмен, футбол тойы жақсы өтті, көңілімнен шықты. 2.Доп домалақ демекші, бір команда Еуропа чемпионы болуға лайықты деп айта алмаймын. Себебі, турнирде чемпион болуға жоқ дегенде 3 команда лайық еді. Олар – Германия, Италия, Франция. Португалия мен Фрацияның да топтық турнирдегі ойындары көңілімнен шықпады. Әсіресе, Португалия сияқты топтық турнирде бір ойынды жеңбеген команда чемпион болуға лайықты деп айта алмаймын. Пепе мен Роналду үшін қуаныштымын. Аты әлемге әйгілі Эйсебионың аруағы да  бір аунап қалған шығар. 3.Чемпионатта 24 команданың болғанына қарсымын. 16 құрама болғаны дұрыс. 16 жасақ болса, чемпионат қызықты да тартысты өтеді. Ал 24 команда жалықтырып жібереді. Турнир де тым ұзап кетеді. Еуропа чемпионатында мен үшін сенсация болған команда ол әрине, Уэльс. Ал көңілімнен шыққан құрама ол – Англия.  Ағылшындардың құрамасында жақсы, жас ойыншылар көп болды. Соған қарамастан олар 8/1 финалда сүрініп қалды. Чемпионаттың үздік ойыншысы деп  Италия құрамасының қақпашысы Буффон мен Португалия командасының қорғаушысы Пепені айта аламын.  Португалияның қорғаныстағы керемет ойыны осы Пепенің арқасы. Жеңістің 20 пайызы да осы жігіттің еншісінде. 4.Қақпашы – Джанлуиджи Буффон (Италия), ортада қорғаушылар –Пепе (Португалия) мен Кьелини (Италия), сол жақтағы қорғаушы – Хеведас (Германия), оң жақтағы қорғаушы – Бакарик Санья (Франция), орталық жартылай қорғаушылар – Де Росси (Италия) мен Арон Рэмзи (Уэльс), Хектор (Германия) Эден Азар (Бельгия), шабуылшылар – Гризманн (Франция) мен Криштиану Роналдо (Португалия). [caption id="attachment_50885" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Еркін ШӘКІРҰЛЫ, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының журналисі 1.Биылғы Еуропа чемпионаты қызықсыз өтті. Барлық ойындарды үзбей, толық қарадым. Чемпионат қаржылық жағынан Франция үшін тиімді болған шығар. Ал жанкүйерлер үшін тартысты болмады деген ойдамын. 2.Португалия лайық. 2004 жылы Грекия қандай болса, биыл Португалия да солай чемпион атанды. Дайындығы жоғары болды. Соңғы екі матчта өздерін көрсете білді. Франция немесе Италия құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілуге лайық командалар дер едім. 3.24 команда шынында да көп. Уэльс, Венгрия, Словакия, Албания сынды ортаңқол құрамалардың шығуына жол ашты. Коммерциялық тұрғыда өте тиімді жоба. Дегенмен қызықты ойындар болды. Чемпионаттың үздік ойыншысы Антуан Гризманн дер едім. 4.Буффон, Бонуччи, Пепе, Косьелни, Фонте, Кросс, Санчеш, Роналду, Пайе, Гризманн, Жиру. [caption id="attachment_50886" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Рауан ОҚАС, спорт шолушысы Биылғы Еуропа чемпионаты жаңалықтарға толы болды. 24 команданың ойынын тамашалап, айызымыз қанды. Негізі чемпионатта 16 команда болған кезде топтан шығу, жалпы чемпион атану қиын болған сияқты. Ал бұл жолы үшінші орын алғандар да плей-офф кезеңіне шығып жатты. Соның бірі Еуропа чемпионы атанған Португалия құрамасы. Оның лидері Криштиану Роналду үшін қуаныштымын. 12 жыл армандаған мақсатына ақыры жетті. Көңіл толды. [caption id="attachment_50887" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption]  Әзиз ЖҰМАДІЛ, sportsffa.kz сараптамалық порталының шолушысы 1.Биылғы Еуропа чемпионаты футболдың Испания, Италия, Англия, Германия, Франция сынды аяқдоп державаларында ғана емес, «Кәрі құрлықтың» өзге де елдерінде дамып келе жатқандығын көрсетті. Иә, клубтық деңгейде айырмашылық жер мен көктей. Дегенмен, ұлттық құрамалардың деңгейі теңесіп келе жатқандай. Мәселен, бұрын аса мән бермейтін Уэльс, Исландия құрамаларың көз сүйсінетіндей ойын өрнегін көрсетіп, Бельгия, Англия сынды командаларды тізе бүктірді. Венгрлердің азуы шыға бастағанын байқадық. Дегенмен, биылғы Еуропа чемпионаты плей-офф кезеңінен басталды дер едім. Топтық кезең голға тым сараң болып, тіпті кейбір кездесулер финалдық доданың ойынына лайық емес еді. 2.«Біткен іске сыншы көп», чемпионат мәресіне жеткеннен кейін «егер» деген желеулер көбейе береді ғой. Финалға жеткен Франция мен Португалия, чемпион атанған соңғылары. Бұдан басқа аргумент болмауы тиіс. Дегенмен, Португалия құрамасы финалдағы қарсыласы Францияға қарағанда ақтық ойынға тың жетті. Артық күш жұмсамай-ақ финалдық матчқа дейін жетіп, Францияның сілікпесін шығарды. Мінезді команда екендігін көрсетті. Рас, ойындары ұнаған жоқ. Жарытып жүгірмегендей көрінді. Олардың орнында жеңіс тұғырына Германия немесе Италия құрамалары лайық секілді болды. Бірақ, қажетті сәттерде қамшыны басқан Португалия. 3.Жаңашылдықтан қашпаған дұрыс қой. Иә, кемшіліктері де жетерлік. Мәселен, өз тобында үшінші орын алған команданың Еуропа чемпионы атанғаны әділетсіздік секілді. Топтық кезеңде артық ойындар тым көп болып кеткен сияқты. Дегенмен, уақыт өте келе бұл кемшіліктердің барлығы да жойылар. Ең бастысы, бұл чемпионат екінші деңгейлі командалар үшін өздерін көрсетуге керемет мүмкіндік болды. Жаңа жүйенің арқасында Венгрия, Исландия, Уэльс, Албания құрамаларымен кеңірек таныстық. Болашақта Қазақстан құрамасы да осылардың арасынан көрініп қалар деген үміт басым. Ал үздік ойыншы атағына лайық бірнеше футболшыны тізіп бере алар едім. Ол – Криштиану Роналду, ол – Ренату Санчеш, ол – Антуан Гризманн, ол – Поль Погба, ол – Гарет Бэйл, ол... осылайша тізе беруге болады. Дегенмен, үздікті чемпиондар қатарынан іздеген дұрыс-ау. Соңғы матчты соңына дейін ойнай алмаса да үздік ойыншы атағын Криштиану Роналдуға берсек, ешкім де сөге қоймас. 4.Еуропа чемпионатының таңдаулы құрамы (3-4-3): Қақпашы: Мануэль Нойер (Германия) Қорғаушылар (солдан оңға қарай): Жером Боатенг (Германия), Пепе (Португалия), Андреа Бардзальи (Италия). Қорғанысқа тірек болар шеп: Поль Погба (Франция) Сол қапталдағы жартылай қорғаушы: Дмитрий Пайе (Франция) Оң қапталдағы жартылай қорғаушы: Якуб Блащиковски (Польша) Орталық жартылай қорғаушы: Аарон Рэмзи (Уэльс) Сол қапталдағы шабуылшы: Криштиану Роналду (Португалия) Оң қапталдағы шабуылшы: Гарет Бэйл (Уэльс) Орталық шабуылшы: Антуан Гризманн (Франция). [caption id="attachment_50888" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Руслан МЕДЕЛБЕК, спорт журналисі Биылғы Еуропа чемпионаты бастысы тыныш, ешқандай теракті, атыс-шабуылсыз өтті. Демек, құрлық додасы жақсы ұйымдастырылды деген сөз. Бірақ ойын жағынан жарыс тек плей-офф кезеңінен бастап қыза бастады. Биылғы чемпионатта Франция, Италия, Германия құрамасының ойын өрнегі чемпион командаға лайық еді. Финалда Португалияның жеңіске деген құштарлығы жеңіске жетеледі. Сондықтан Португалияның чемпион атанғанына өз басым шын қуандым. 24 команда Еуропа чемпионатының сәнін кетіргендей болған. Бірақ бұл командалар арасындағы бәсекені арттыратынына куә болдық. Яғни плей-офф кезеңінде үздіктердің бір-бірімен ерте кездесуі чемпионаттағы бәсекелестікті арттырды. Үздік ойыншысы атағына Роналду немесе Гризманн лайық. Символдық құрамды нақты анықтау қиын. [caption id="attachment_50889" align="aligncenter" width="560"] facebook.com[/caption] Ермұхаммед МӘУЛЕН, Kazsport телеарнасының спорт комментаторы 1.Биылғы Еуропа чемпионаты керемет бір әсер бере қойған жоқ. Кейбіреулердің әлем чемпионатына теңеп жататыны бар. Ол қате пікір. Тек Аргентина мен Бразилиясы ғана жоқ демесеңіз әлем чемпионаты деушілерге сенбеңіздер. Чили мен Колумбия қайда сонда? Мексика мен Коста-Рика қайда сонда? Міне, сондай командалар болған жоқ. Ал жалпы Еуропа чемпионатында Албания, Румыния, Украина секілді командалар үмітті ақтамады. Көптеген іріктеу ойындары секілді өтті. Бұлай жалғаса берсе Еуропа чемпионатын тамашалаудан қалатын секілдімін. 2.Португалия тәжірибиелі ұжым екенін байқатты. Бас жаттықтырушы ұстанған тактикасына еш күмәнсіз сенді. Соны соңына дейін ұстанды. Түбі жемісін берді. Қорғанысты мықтап ұстап, қарымта шабуылдармен түйреді. Португалия 2004 жылы Грекиядан жеңіліп еді ғой. Міне, соны айна қатесіз қайталап берді. Бұл олардың өткен күндерден сабақ алғандығын білдіреді. Португалия – чемпион! Демек, ол сол атаққа лайық команда. 7 ойынның тек біреуінде ғана негізгі уақытта жеңіске жетті. Міне, осылай болды. Бір жеңіспен Еуропа чемпионы атанды. Қалған матчтардың барлығын тең ойнап келді. 3.16 команда болып қала бергені дұрыс еді. Себебі топтық турнирдегі алғашқы 3 тур өте сүреңсіз өтті. Голды аз көрдік. Футболдың көркі гол емес пе? Ал 1 жеңіске жетіп 3 ұпай алған да, мүлде жеңілмей 3 ойын тең түскен команда да топтан шықты. Плей-оффқа жолдама алғандардың қатарында Португалияда болды. Баяғы ескі форматпен өткенде Португалия топтан шыға алмас еді. Сондықтан да, бұл формат өзіме түк те ұнаған жоқ. Футболдың бір берекесін кетірді.Чемпионаттың үздік ойыншысы деп 1 адамды айту қиын ғой. Бэйл, Буффон, Роналду, Нани, Гризманн секілді ойыншылардың барлығы да лайықты. Бірақ осылардың ішінде мен Гаррет Бэйлді айтар едім. Ол алғаш рет Еуропа чемпионатына қатысқан Уэльсті алға сүйреді. Соққан әрбір голы маңызды болды. Соның арқасында команда топтан шықты. Солтүстік Ирландияға қарсы өткен ойында соның пасынан автогол соғылды. Бельгияны жеңген кезде де Бэйл білгенінен жаңылмады. Ол Криштианудан мықты ойнады. Алайда, сол Португалияға жеңіліп қалды. Рэмзидің жоқтығы кері әсерін берді. Сондықтан да осы турнирде үздік деп мен Бэйлді айтар едім. 4.Буффон, Барцалли – Бонуччи – Кьелини, Мариу – Погба – Азар –Джуджак Бэйл – Криштик. Дастан КЕНЖАЛИН              
Соңғы жаңалықтар