[caption id="attachment_50899" align="aligncenter" width="560"] Фото: tengrinews.kz[/caption]
Алматы қаласының 101 пультіне Медеу ауданынан «Алма-Ата» дәмханасы өртеніп жатыр...» деген суыт хабар түнгі сағат 21:58-де түскен.
Әуежайға баратын Шығыс айналма жолының бойындағы «Компот» деген қосымша атауы бар дәмханаға бұл кезде келушілерге лық толуы тиіс еді. Алайда, біресе суы таусылып, біресе электр жарығы өшіп қала беретін кафеге келетіндердің қатары көп болмай шықты.
Дәмхананың бүкіл шатырын қамтып алапат лаулаған қызыл жалынға тез арада келіп жеткен өрт сөндірушілерге су бүрку оңайға соқпады. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетованың хабарлауына қарағанда, құтқарушылар электр желісіндегі жүйесіздік салдарынан электр тогын негізгі жүйеден ажыратуға көп уақыт жіберіп алған. Сондықтан да, өрт сөндірушілер алғашында бастарын қатерге тігіп, шатыры лапылдап жанған ғимараттың төбесіне тәуекелмен су шашты. Газ толтырылған 5 баллон мен 1 оттегі баллоны сақтықпен сыртқа шығарылды.
Барлық қиындықтарға қарамастан өрт сөндірушілер бір сағаттың ішінде жалынды басып, 2 сағаттың көлемінде 600 шаршы метрлік ғимаратты толықтай қауіпсіз етті. Бірақ, жалын құшқан дәмхана бұл кезде толықтай күлге айналған. Зардап шеккендер жоқ.
Талғат СҮЙІНБАЙ