Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Бейжіңде ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Чжан Гаолимен кездесу өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Аталған кездесу Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қыркүйектің басындағы Қытайға сапары және Ханчжоу қаласындағы G20 саммитіне қатысу қарсаңында өткізіліп отыр.
Бақытжан Сағынтаев пен Чжан Гаоли Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Ол елдер алдында өзара тиімді әріптестіктің жаңа перспективаларын ашатын болады.
2020 жылға дейін екіжақты тауар айналымын 40 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу жөнінде екі ел көшбасшылары алға қойған міндетті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары сауда кедергілерін жою жөніндегі ережелерді қарастыра отырып, Сауда-экономикалық ықпалдастықты әртараптандыру бойынша іс-қимылдардың бірлескен бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Келіссөздер барысында сондай-ақ, инновациялық ынтымақтастық, кең ауқымды көлік, энергетика саласындағы, ауыл шаруашылығындағы жобалар шеңберіндегі өзара іс-қимылдар мәселесі де талқыланды.
ҚХР-ға сапары шеңберінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Сиань қаласында болып, Шэньси провинциясы парткомының хатшысы Лоу Циньцзянмен келіссөздер жүргізуді, Қытай бизнесі өкілдерімен кездесуді, жоғары технологиялар, аэроғарыштық талдамалар, биофармацевтика, АӨК салаларындағы технологиялық орталықтармен танысуды жоспарлап отыр.