• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2016

Байқау қорытындысы шығарылды

563 рет
көрсетілді

Кеше Сыртқы істер министрлігі мен Қа­зақ­станның Бас редакторлар клубы «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты ІІІ Халықаралық бай­қаудың қорытындысын шығарды. Осы жылғы ұйымдастыру комитетіне 29 елден келіп түскен 60 өтінімнің арасынан қазылар алқасы ТМД, Еуропа, Америка, Азия, Таяу Шығыс және Африка бойынша бес жеңімпазды анық­тады. Қазылар алқасының құра­мына Сыртқы істер ми­нистрі Ерлан Ыдырысов, Сырт­қы істер министрінің орын­басары Роман Василен­ко мен Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексембай кірді. Е.Ыдырысов  биыл бай­қау­ға түскен өтінімдердің сапа­сы мен еліміздің даму сер­пі­ніне, Астанада бола­тын ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі мен Алматыда болатын Қысқы Универсиада ойындары секілді алдағы ірі халықаралық іс-шараларға шетелдік БАҚ тарапынан қызығушылықтың өсіп келе жатқанын атап өтті. «Осы жылы байқауымызға әлемнің төрт бұрышынан келіп түскен өтінімдер санының, ең бастысы – олар­дың сапасының артқаны бізді сүйсіндірді. Әлемдегі БАҚ-тарда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына, оның халықаралық қатынастарына деген қызығушылықтың ұдайы артуы байқалуда. Бұл Қазақстанның және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ашық саясатының нақты жемісі деп білемін», – деді Е. Ыдырысов. Қазылар алқасы ТМД автор­ларының арасынан Ресей­дің «Аргументы и фак­ты» апталық газетінің тіл­шісі Марина Набатникованы «Даму үшін жаралған. Қазақ­станмен сауда-экономи­калық қарым-қатынастар қалай дамып келеді?» атты мақаласы үшін марапаттау туралы шешім қабылдады. Еуропалық авторлар арасынан HuffingtonPost.fr онлайн-басылымында жарияланған «ЭКСПО-2017: болашақ энергиясы қандай болады?» мақаласы үшін француз журналисі Паулин Гаврилов марапатталды. Қазылар алқасы Америка құрлығынан жеңімпаз болып Washington Times газетінде жарияланған «Болашақ» өршіл бағдарламасымен шетелде оқитын қазақ жастары бұрынғы Кеңес республикасын көтеруге мүдделі» атты мақаланың авторы, АҚШ журналисі Дуглас Бертон танылды. Ал Таяу Шығыс және Африка елдері үміткерлерінің арасынан «The Jordan Times» газетінде жарияланған «Иордания мен Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікке деген көз­қа­расы ортақ» атты мақаласы үшін Иордания журналисі Мохаммед Газал (Mohammad Ghazal) марапатталды. Азия елдері үміт­кер­лерінің арасынан «Yeni Cag» газетінде жарық көрген «Еуразия кілті Қазақстанның дамуы мен тұрақтылығында» мақаласының авторы, Түр­кия журналисі Куршад Зорлу жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардан басқа бес өңірдің әрқайсысында қо­сымша жүлдегерлер анық­талды, олардың авторлары  қазылар алқасынан алғыс хат­тарын алатын болады. Байқау жеңімпаздары қыр­күйек айының басында Астана мен Алматы қала­ларына және Бурабай курортына сапар шеге алады. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар