Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Каспий жағалауы мемлекеттері сыртқы істер министрлерімен кездесті.
Премьер-Министр БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануда Қазақстан кандидатурасына қолдау білдіргендері үшін сыртқы саясат ведомствосы басшыларына алғысын жеткізді.
Кәрім Мәсімов соңғы жылдары біздің елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылдардың айтарлықтай белсенді бола түскенін атап өте отырып, «Каспий бестігі» шеңберіндегі ықпалдастықтың жоғары деңгейіне қанағаттанушылық білдірді.
Кездесуге қатысушылар көпжақты әріптестіктің және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің көкейкесті мәселелерін талқылады.
Каспий теңізі – ол біздің еліміздің дамуындағы аса маңызды мәселелердің бірі. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасын қабылдау үшін біз өзара тиімді шешімдер табатын боламыз деген сенім мол. Ол бүкіл өңір үшін алға қарай жасалған үлкен қадам болмақ, деді К.Мәсімов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар достық райындағы түсіністікті одан әрі нығайтуға, бүкіл салаларда, соның ішінде Каспий теңізін теңдестірілген дәрежеде пайдалануда, Каспийдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзара тиімді ынтымақтастықты дамыта беруге дайын екендіктерін айғақтады.
Еске сала кетейік, Әзербайжанның, Иранның, Ресейдің және Түрікменстанның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Астанаға Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасы бойынша ұстанымдарды өзара келісу үшін келген болатын.
«Егемен-ақпарат»