Қытайдағы жаңа туған төртемге осындай есімдер қойылды
ҚХР-дың Жичжао қаласында төртем өмірге келді. Балаға лайықты ат қою оңай емес екені белгілі. Ал жаңа туған шақалақтарға ата-анасы Сяодун (Шығыс), Сяонань (Оңтүстік), Сяоси (Батыс) және Сяобэй (Солтүстік) деген есім беруді жөн көріпті.
Олар – отбасының тұңғыштары. Нәрестелердің 27 жастағы анасы Ли Цзюань мен жарының отау құрғанына бірнеше жыл болса да, осы уақытқа дейін құрсақ көтере алмаған. Әулие кезіп, жер-жаһанды араламаса да, дәрігерлердің көмегіне жиі жүгініп отырыпты. Ақ халаттылардың нұсқауымен арнайы препараттар қабылдаған. Содан арада көп уақыт өтпей бойына бала бітіпті. Бір емес, төрт сәбиге аяғы ауыр екені белгілі болған. Ал 4 шілде күні, жүктіліктің 33-ші аптасында екі қыз бен екі ұлды босанған.
Сәбилер шала туған. Ең кішкентайының салмағы шамамен – 1,75 кило. Ендігі бір ай көлемінде дәрігерлердің бақылауында, интенсивті бөлімшесінде болады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»