• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2016

Қоғамдағы кесапат

503 рет
көрсетілді

Газеттегі бір толғамнан түйген ой Кейде «Егемен Қазақстан» газеті қоғамдық-саяси тақырыппен бірге өмір-тіршіліктің өзінен туындаған материалдарды жинақтап беретіні бар. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың «Әкем болсаң қайтейін?!.» (24 ақпан 2016 ж.) атты әңгімесін оқығаннан кейін ауыр күрсіне ойланып қалғаным есімде. Газеттің «Қаз-қалпында» деген айдарымен берілгенмен, бас-аяғы тұтас және қоғамдағы ең бір өзекті жайды көтерген өткір туынды екен. «Әкем болсаң қайтейін?!.» атты осы ой толғамында жазушы қоғамдағы кесапатты жайды суреттепті. Базбіреулер бұл жеке жағдай ғой деп жұмсарта сөйлеуі мүмкін. Біздіңше, бұл анда-санда, ырыбайда бір кездесетін жағдай емес, қазіргі қатқыл заманның қазақтың ой-санасына, болмысына әсер етіп, өзгеріске ұшыратуының бейнесі. Қазақ деген халықтың табиғатында бұрын үлкен адамның жағасынан алып, төбеле­се кетпек түгілі, үлкеннің алдында бей-бере­­кет сөйлеуінің өзі ерсі көрінетін. «Үл­кен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген ма­­қал­дың мәні мен айтылуы тегін емес-ті. Автор қазақы болмысымызға мүлде қарама-қарсы, бірақ қазіргі кезде жоққа да шығара алмайтын көріністі әңгіме өзегі етеді және мұны өмірдің нақ өзінен алынғанын, өз басынан өткен оқиға екенін аңғартады. Жазушы жүрегіне екінші рет операция жасалып, қырық күн өтіп, өзіне-өзі енді келгенде, емханаға үш досы көңілін сұрай келген. Бірі – академик, бірі – профессор, бірі – ауған соғысының ардагері. «Реке, сен бізді тоспа, жүре бер. Біз сау, сіз ауру адамсыз. Жүрегін тамырлармен жалғатқан адам қайдан сау болсын?!» дегеніне қарамай, дос­тарын машинаға мінгізіп шығарып салмақшы болады. Оқиға, міне, осы кезде басталады. Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімеден үзінді келтірелік. «Жапалақтап қар жауды. Ақпан айы болса да кеш жылы еді. Арсалаңдаған жас жігіттер көрінді. Олар да машина тоқтатуды ойлап, көше бойына үйіріле жиналып тұрып қалды. Дабырлай сөйлеп, қатты күліп, жерге шырт-шырт түкіріп мәре-сәре. Аздап шарап ішіп қызып алғандары анық сезіліп тұр еді. Бүгінгі күні, Астана мен Алматының көшелері түкірік пен қақырыққа қақалып тұр. Алпамсадай қара торы жас жігіт шегіне беріп академикті қағып кетті. – Арсалаңдап арақ ішкенді қашан қояды бұл қазақ? – деп академик жігітті сәл ғана итеріп жіберді. – Сенің арағыңды ішкен жоқпыз, – деді мұртты біреуі. – Әй, шал-кемпірлер үйде неге отырмайсыңдар? Көше кезген нелеріңді алған? – деді арыда тұрған біреуі. – Қағып түсірейін ба мынаны? – деді әкі­рең­деген алпамсадай қараторы жас жігіт. – Әкесіндей адамды қағып түсірем деуін қара мынаның!.. – деп академик гүж ете түсті. – Жігітім, адыраңдама. Әкеңдей адамнан кешірім сұра. Әдеп бұзбау керек, – деді профессор. Алпамсадай қара торы жігіт шұғыл бұрылып, профессордың жағасына жармасып сілкіп-сілкіп қалғанда, профессордың көнетоз пальтосының жағасы айырылып түсті. – Әкем болсаң қайтейін?! – деді қара торы жігіт. – Сендер әке болып не бітірдіңдер?.. Жастар анталап бізге қарсы дүрсе қоя берген. Оларға жауап беруге бізде мүмкіндік те қалмаған. Алпамсадай қара торы жігіт профес­сор­ды иектен сол қолмен қағып жіберген­де, ол жерге топ етіп құлап түсті. Төбелестің бар тәсілін білетін әккі спортсмендер екенін біз түсіндік. Бірақ бізге, жетпістегі шалдарға, шегінер жер қалмап еді... Жастар төбелесті бастап кетті. Бұл төбелес емес, нағыз ұрыс болатын. Қып-қызыл майдан еді... Жастар «әкелерін», біз «балалары­мызды» аяған жоқпыз. Ел болудан қалған жұртты, ұлт болудан қалған халықты, ер болудан қалған жігітті бір-бір балағаттап алып, біздер, жетпіске келген шалдар, жиырмадан асқан желіккендерге еріксіз қарсы шықтық. Жер бетінде атасы мен немересі өзге тілде сөйлейтін жалғыз халық бар болса, ол қазақ халқы. Бұ халық, бұ дүниеде қой баққаннан басқа не тындырды? Қай өнерімен әлемді аузына қаратты? Жиыр­ма­дағылар бізді тас-талқан қылуға жұды­рық күштерінің жылдамдығы мен қуа­тын аямады, сіңірі тартылып шал болған жет­пістегілерде намыстан басқа түк жоқ еді». Жазушының әңгімесі, әрине, мұны­мен бітпейді. Жиырмадағылар жетпіс­тегілердің «тас-талқанын» шығарады. Академиктің танауы бұзылады. Профес­сордың шықшыты сынып, тістері ұшып кетеді. Қырық күн бұрын екінші рет жүрекке операция жасатқан жазушы оқыс қимылдан өзін ұстай алмай, маңдаймен аппақ суық қарды сүзіп құлап, естен танады. Содан кейін үш күн, үш түн реанимацияда ессіз жатады. Бір аптадан соң академик жүректен қайтыс болады. Мұны оқырманға түсінікті болу үшін айтып отырмыз. Қазіргі тіршіліктегі осы мазмұндас оқиғаларды, көріністерді жоққа шығарып көрші, қадірлі оқырман. Тамы­рынан, ата дәстүр-салтынан айы­рыл­ғандар әңгімедегі жеті жігіт қана ма?!. Қоғам қайда барады? Ата дәстүр мен салтынан, наным-сенімінен, тілінен айырылған қазақ қайда бара жатыр? Біз бүгінде қазақ деген құдайына қараған халықтың бір бөлігін жоғалтып алған жоқпыз ба? Мына жаһанданып, жатқан заманда тарыдай шашыраған азғантай халық рухани-адамдық жұтаңдыққа ұшырап, байлық, ақша ғана үстемдік құрған әбілет иіріміне жұтылып бара жатқан жоқ па? Әдебиетке, мәдениетке, ұлттық таным-мұратқа басымдық бермеген халықтың келешегі қандай? Әңгімені оқыған соң, көп сұрақ көңіліңді күпті етеді. Дәл қазір айқын жауабын да таба алмай, сарсаңға ұшырайсың. Ақырын тілейсің. Құрметті Роллан аға! Кеш болса да айтайын. Әңгімеңізді оқи отырып, жүректі тіліп өтетін осындай сан қилы ойға түстім. Жоғарыда айтқандай, «Егемен Қазақстандағы» туындыңызды оқығанда, ауыр ойға қалғанмын. Әңгімеңізде ызалы, күйінішті сөз бар. Ол – Абай атамыздың «улы сиясымен» өрнектелген, бүгінге жалғасқан ыза. Қоғамның өзінен, шындығынан туындаған қасірет. Осындай ащы шындықты жазушы айтпаса кім айтады?! Бәлкім, абырой-беделі жоғалған қаламгер қауымының даңқы қоғамның жарасын, халықтың дертін ешқандай есеп-қисапқа құрмай, жаны ауыра осылай айтуымен қайта оралатын болар. Қазіргі кез біреудің жақсылығын, жетістігін айтуға сараң уақыт қой. Бір-біріміздің шығармашылық жетістігімізді айтып, шын көңілден қуана да алмайтын сияқтымыз. Ал жақсылықты бөліссе, көбейе, еселене түспей ме?! Сіздің осы әңгімеңізді өзгелер де оқыса деймін. Олар да ойланса, сілкінсе деймін. Жаңа қоғаммен туындаған зауалды сезінсе деймін. Өзгеріп, жо­йылып бара жатқан қазақы ниет пен пиғыл, адамдық пен кеңдік, кішіпейілдік жүректерде қайта орнықса деймін. Қазақ деген халықтың қай заманда да басынан қасірет бұлты арылмай, ең соңғы нүктеге шейін келіп қалғанда, әйтеуір бір құдірет күшпен сілкініп оянып, ең бір қысылтаяң, ауыр кезеңнен аман-есен өтетін. Сондай жақсы күнге сенгіміз келеді, жазушы аға! Құрметпен Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің  профессоры ТАРАЗ