Жақында облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов облыстың денсаулық сақтау нысандарын аралап, материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысқан болатын. Сонда қаладағы №1 перинаталды орталығының тозығы жеткен жабдықтарын жаңарту мақсатында кәсіпкерлерге ой тастаған.
Үкімет медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіп отыр. Ал облыс аумағында жасауға болатын жасау-жиһаздармен қамтамасыз етуге болады ғой.
Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасы облыс кәсіпкерлерімен кездесу өткізгенде осындай ойлар айтылған еді.
Жауап күттірілмеді. «Мега СМАРТ» ЖШС мен «Шымкент жиһаз фабрикасы» ЖШС, «Нұр Әлем» ЖШС, «Ембавуд» ЖШС өкілдері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көмек көрсетуге ниет білдірді.
Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің есебінен №1 перинаталды орталыққа науқастар жататын бөлмелерге жеке гигиеналық және өзге де заттар қоюға арналған 120 шкаф жеткізіліп берілді.
Сондай-ақ, «Bai & R Group» ЖШС Шымкенттегі «Ана мен бала» медициналық орталығының ауласына орындықтар орнатып берді.
Қазір «алма піс, аузыма түс» деп отыратын заман емес. Облыстың өзінде іске асырылатын жұмыстарды Үкіметтің мойнына аударып, сырттан тамашалау алдында айқын мақсаты бар, ертеңі нұрлы халықтың бойына жараспайды.
Оңтүстіктің кәсіпкерлері бар тапқан-таянғанын қойын-қонышына тыға беретін ниеті жаман баяғының Қарынбайы емес. Олар елге жақсылық етудің абыройлы іс екендігін жақсы біледі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы