Баршамыздың елжандылығымызды оятып, жанкүйер екендігімізді сезіндіріп, жасөспірімдерді СПОРТ деген сиқырлы әлемге жетелеуге сеп болып жатқан Ақ Азиада да аяқталды. Кеше Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарына қатысушылармен – қазақстандық спортшылармен кездесті.
Дүниенің әр шартарабында жүрген талай спорт додаларында жігеріміз жасып, қайратымыз құмдай үгілген кездердің де болғанын ұмытпаған жөн болар. Басқасын айтпағанда, Елбасы 2004 жылы Афинадан оралған спортшыларымызды қабылдап тұрып: «Афина Олимпиадасынан біз қорытынды жасауымыз керек», дегені де кеше ғана сияқты еді. Ал осыдан жеті жыл бұрын 7-ші Ақ Азиаданы өткізетінімізді білдік пе? 70 бірдей жүлдені Қазақстан спортының омырауына тағатынымызды болжадық па?
Сол жылы Елбасы жеңімпаздарға спорттың аты – спорт екендігін айтып, оның да қалтарыстары болатыны жайлы, спортшыларымыздың қателіктері туралы ой сараптай келе: «...Қысқы олимпиадаларға әзірлікті қызу жүргізу керек. Спортшыларды дайындау әлсіз болып отыр. Олимпиада жүлдегерлерін дайындауға әрбір облыс үлес қосуы қажет. Елімізде барлық стадиондар қалпына келтіріліп жатыр. Соңғы Олимпиададан біз қорытынды жасауымыз керек. Спорт агенттігі (ол кезде Спорт агенттігі) қорытынды жасауы керек», дегені сол сәтке куә болған біздің құлағымызда күмбірлеп тұрғандай болатын.
Енді, міне, араға санаулы жылдар ғана салып, Елбасының сол тапсырмасы, діттеген мақсаты ақиқатқа айналды! Тәуелсіздігіміз тұғырланып, тарих өзінің жаңа беттерін ашуда. Қазақстанның, қазақ халқының жаңа дәуірі басталды. Бұл сыбағалы үлес қазақ спортына да тиесілі екендігін төрткүл дүние танып келеді.
Осылайша 7-ші Қысқы Азия ойындарында күш-қуаттарын ғана емес, халқымыздың намысын да бәйгеге салып, мәреге абыроймен келген спортшыларға Елбасы:
– Командалық есептегі және медальдар саны бойынша мұндай жарқын да үздік жеңіс бізде бұған дейін ешқашан болған емес. Бұл қазақстандық спорттың нағыз салтанаты! Бұл біздің еліміздің салтанаты! Барша еліміз біздің атлеттерімізге жанкүйер болды. Қазақстандықтармен бірге мен де біздің спортшыларымыз үшін алаңдадым. Сан рет шырқалған мемлекеттік әнұранымыздың жеңісті әуенімен еліміз болып бірге толқыдық. Біздің бәріміз де жеңісті күттік, үмітіміз ақталып, табысқа қол жеткіздік, – деді Елбасы спортшыларға.
Президент сондай-ақ Азия ойындары Олимпиадалық ойындардан кейінгі екінші ірі кешенді жарыс болып табылатынын атап көрсетті. Бұған дейін Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыруды тек экономикасы қуатты үш мемлекет: Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея ғана қолға алды. Енді олардың қатарына Қазақстан қосылды. Азиаданың қарсаңында көптеген жаңа бірегей спорттық ғимараттар салынды. Қазақстан күллі әлемге ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК саммиттері немесе дін көшбасшылары съездері тәрізді ірі халықаралық форумдарды өткізе алатынын ғана емес, сондай-ақ қатысушылары мен спортшылары жағынан саны көп, жоғары халықаралық деңгейдегі спорттық ойындарды да өткізе алатынын көрсетті, деді.
– Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Роггемен кездесуім кезінде мен 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойындарын Қазақстанда өткізу мүмкіндігін талқыладым. Азиаданы табысты өткізгеннен кейін және біздің ірі жеңісімізден соң Қазақстанның мүмкіндігі арта түседі деп сенемін, – деген Мемлекет басшысы жарыс десе делебесі қозар спортсүйер қауымның үмітін үкілей түсті. Шетелдік қонақтар Азиаданың жоғары деңгейде өткеніне, оларға жылы шырайлы қабылдаулар мен қонақжайлық көрсетілгеніне, қызмет көрсету деңгейі жоғары болғанына және қазақстандықтардың мәдениетіне таңданыс білдірісті. Олардың есінде Азиаданың Астанадағы ашылу және Алматыдағы жабылу салтанаттары жақсы сақталып қалмақ. Бұл екі қаланы енді Азия құрлығындағы жаңа спорттық астаналар, әлемдік деңгейдегі жарыстар мен қысқы спорт түрлері бойынша жаттығу жиындарын өткізудің орталықтары деп атауға құқымыз бар. Спорттық әлеуетке қол жеткізілуі елімізде бұқаралық спорттың даму қарқынын арттыруға және биік жетістіктерге жетуге, Азиада жеңімпаздарының жеңісті жолын лайықты жалғастыратын, Қазақстанда спортшылардың жаңа толқынын тәрбиелеуге ықпал ететін болады. Сіздердің басты еңбектеріңіз – осында. Жеңіске жетуге барын салған спортшылар, жаттықтырушылар, команданың барлық мамандарының еңбегі зор. Сіздердің барлығыңызды 7-ші Қысқы Азия ойындарындағы жеңіспен тағы да құттықтаймын! Министр Досмұхамедов бастаған Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің қызметкерлеріне, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне өз алғысымды айтамын. Азиадаға қатысқан барлық қазақстандықтардың үлесін бағаламау мүмкін емес. Біздің спортшылар жеңді. Қазақстан спорты жеңді. Еліміз жеңді. Рахмет сіздерге!
Ақ Азиадада ел байрағын бір кезде түсірмеген спорт майталмандары да спорт шежіресіндегі тарихи сәтте Мемлекет басшысына Қазақстанда үлкен спортты белсенді дамытқаны, бірегей спорттық нысандардың құрылысы үшін, сондай-ақ рекордтар жасауда және алтын медальдар жеңіп алуда халықаралық спорттық жарыстарға қатысуға мүмкіндік туғызғаны үшін шын жүректен алғыстарын айтты.
Айнаш ЕСАЛИ.