• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2016

Қант неге қат?

988 рет
көрсетілді

Шілдені орталап, мезгіл сарша тамызға қарай ойысқанда Қара­ған­дыда қанттың хикаясы бас­тала­ды. Жылдағы жыр осы. Дү­кен сөре­лерінен, қоймалардың тү­кпі­рі­нен тәттінің осы бір түрі ұшты-күйлі жоғалып, баға көкке шапшиды. Жасыратыны жоқ, біздің халық­­тың «дефицит» дегенге жаны құмар ма дейсің. Мұнысы жұмыртқадан жүн қырыққан кәсіп­кер­лердің жанына майдай жаға­тыны айдан анық. Зер салып қарасаңыз, осы қат дүние дегенді қолдан жасайтын да кейбір пысықай кәсіпкерлер емес пе деп қаласыз. Оған негіз жоқ та емес. Мұндай жағдайда әбден әккіленіп алған олар бағаны да шарықтатып, пайдаға да шаш-етектен кенелетінге ұқсайды. Соңғы күндері облыста қант­тың бағасы күрт қымбаттап, бір килосы 300 теңгеден асып жы­ғыл­ды. Бағаның жүз теңгеге қым­баттағанына қарап жатқан жұрт жоқ, «Қант, қайдасың?», деп Қара­ған­дының көшелерінде ала­шапқын болып жүр. Әу баста супермаркеттерде осы қантты бір адамға шақтап қана сата бастады, ал әлеуметтік дүкен сө­релерінен бұл тауар жым-жылас жо­ғалған болатын. Ұсақ дүкен ұс­тайтын  кәсіпкерлер қолдағы бар қантты жаңа бағамен сатып жатыр. Әңгіме арасында әлгілер күні ертең қант бағасының 500 теңге болуы бек мүмкін дегенді қаперге сала ке­туді де ұмытпайды екен... «Қант қайда кетті?» деген сұ­раққа бұл саладағы кәсіп­кер­лердің жауабы дап-дайын. Сөйтсек, кінәнің бәрі тосап-қайнатпада екен. Ал енді шынтуайтына келсек, бүгінгі күнде тосап қайнататындардың да қатары сирей бастапты. Неге десеңіз, шайға қосып ішкенге таптырмайтын бұл то­сапты дайындаудың өзі қып-қы­зыл ақшаға түседі екен. Қанттың қалайша қат болғанын облыстық кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасындағылар былайша түсіндіреді. Олардың айтуынша, отандық қант өндіруші «ЦАСК» ЖШС соңғы айдың өзінде тәттінің бағасын бірнеше рет көтеріп жі­берген. «Ағымдағы жылдың мамыр айында қанттың бір килосы зауыттан 218 теңгеден босатылса, шілде айының басында баға 245 теңгені құрады. Жағдайдың бұлайша қалыптасқанын фирма Бразилиядан әкелінетін қант құрағы бағасының 354-тен 477 АҚШ долларына дейін көтерілуімен түсіндіреді. Бүгінгі күнде зауыт-өндіруші өңір­лердегі көтерме жеткізушілерге қантты уақытында жөнелте алмай отырған көрінеді. Осыған орай, қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдерімен бірге Алматыдан Қарағандыға қантты вагонмен жеткізу жөнінде мәселе талқыланып жатыр», деп хабарлады басқармадағылар. Өкінішке қарай, қант бағасының жылда-жылда жылмаң қағып кө­терілуімен күрес берекесіздеу болып тұрғанға ұқсайды. Та­би­ғи монополияларды реттеу де­пар­­­таментінің басшысы Асхат Жап­сарбайдың сөзіне құлақ түрсек, аяқ астынан жалған дефицит жасау біздің өңір үшін үйреншікті жағ­дайға айналыпты. «Мысалы, – дейді ол, – былтыр біз бірқатар нарық субъектілеріне қатысты кең көлемде тексеру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде іс сотқа түсті. Бірақ та, жеме-жемге келгенде біз сотта ұтыламыз да жатамыз. Біз талай кәсіпкердің қой­масынан ескі бағамен алынған май, жұмыртқа және қант сияқты тауарларды таптық. Бірақ, олар бұл тауарларды жаңа бағамен сатқанын тоқтатар емес. Өкінішке қарай, сот біз келтірген осы дәйектерді қаперге алмай-ақ қойды...». Ал Қарағандыдағы «Диас KZ» ЖШС-нің директоры Леонид Гесин шиеленіскен түйіннің жақын маңда өзінен-өзі шешілетініне сенімді. «Тамыз айында бәрі де өз орнына келеді. Неге десеңіз, Ресей аман болсын. Қазір ол жақта қанттың бір килосы 250-270 теңге тұрады. Тамыз айының басында олар  қант қызылшасын жинай бастайды. Іле Қазақстанға Ресей қанты келіп, баға да төмен түседі. Сондықтан, қарағандылықтарға қант көрмегендей қымбат бағаға үйіп-төгіп ала бермей, сәл ғана шыдай тұруға кеңес бергім келеді», дейді ол. Негізі, облыстағы қантты кө­­тер­­ме бағамен жеткізушілер ке­зінде қалалар мен аудандар әкім­діктерімен сауда саласында өзара түсіністік меморандумына қол қойған болатын. Сол келісімге сәйкес, қант бағасы 4 пайыздан жоғарыға көтерілмеуі тиіс болатын. Сонда қалай демеске лаж жоқ, саудаға серттің жүрмейтіні осы болғаны ғой... Обалы нешік, облыс басшылығы қант төңірегіндегі түйінді шешуге тас-түйін дайын екендігін көрсетті. Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында арнайы комиссия өңірлік тұрақтандыру қорынан 150 тонна қантты нарыққа шығару жөнінде шешім қабылдады. Сонымен, қант неге қат болады? Байқап қарасақ, сұраныс өскен заматта сумаң қаққан алып­сатарлардың ұсынысы да қолма-қол дайын тұрады екен. Қалай десеңіз де, бұл мәселенің бір ұшығы тосап қайнату мезгілін тосып отыратын ынсабы аздау кәсіпкерлердің пиғылында жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, қолдан қат дүние жасау­шылармен күрес болары болып, бояуы сіңгенде емес, жұрттың жүйкесін жұқартпай тұрып бұдан сәл ертерек басталса құба-құп болар еді-ау. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ