Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Премьер-министрдің орынбасары Олег Панкратов бастаған Қырғыз Республикасы делегациясымен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың да, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы да түрлі мәселелер қаралды.
Тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықтың түрлі аспектілерін, екі елдің энергия жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Көлік саласында делегациялар автомобиль және теміржол қатынастарын дамыту үшін күш-жігер жұмсауға келісті.
Оның сыртында Бақытжан Сағынтаев пен Олег Панкратов фитосанитарлық талаптарды сақтай отырып, өзара ауылшаруашылық тауарларын жеткізуді ұлғайту мүмкіндіктерін, су жеткізу, көші-қон, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қарастырды.
Келіссөздер барысында тараптар мемлекеттердің тауарлар мен қызметтерді саудалау, көлік, энергетика, туризм сияқты басым салалардағы өзара іс-қимылдарды одан әрі жалғастыруға ниет білдірді.