Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Алматы қаласында «Қазтелерадио» АҚ-тың базасында өткен жиынға қатысты. Іс-шара барысында аналогтық эфирлік телетаратылымды Қазақстан Республикасының аумағында кезең-кезеңмен тоқтату мәселесі талқыланды.
Министрдің айтуынша, цифрлық эфирлік телетаралымды қолданысқа енгізу және дамыту, сапалы цифрлық отандық телеарналардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету – әлеуметтік тұрғыдан маңызды жоба.
– Аналогтық эфирлік таратылымның кезең-кезеңмен өшірілуі мобильді байланыстың дамуына, аналогтық желімен қызмет көрсету шығындарын азайтуға, халықаралық міндеттемелерді орындауға және аудандық телерадио хабарларын таратудың өркендеуіне себеп болмақ, – деді Д.Абаев.
Бүгінгі күні аналогтық және жер бетіндегі цифрлық таратылым желілері қатар жұмыс істеуде. Аналогтық таратылым желісімен мемлекеттік телеарналардың хабар таратуы үшін жыл сайын жұмсалатын мемлекеттік шығындар шамамен 1,2 млрд. теңгені құрайды.
Сондай-ақ, іс-шараларды іске асыру мерзімдерін ұзарту ұялы байланыстың төртінші буыны 4G-ді енгізуге кедергі туғызады.
Сонымен қатар, жиын барысында ұлттық телерадио хабарларын тарату желісін «Intelsat-904» шетелдік спутнигінен отандық КА «KazSat-3» спутнигіне ауыстыру мәселесі талқыланды.
– Желіні шетелдік спутниктен отандық спутникке ауыстыру техникалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да қажет болуда. Осыған байланысты «OTAU TV»-нің барлық абоненттерін қазақстандық «Қазсат-3» спутнигіне көшіруге күш салуымыз керек, – деді министр.
Министрдің айтуынша, ауыстыруға қатысты барлық техникалық іс-шаралар осы жылғы қыркүйек айының аяғына дейін аяқталуы қажет.
Жиын соңында БАҚ арқылы халыққа ақпараттық насихат жүргізуді күшейту туралы тапсырма берілді. «Қазтелерадио» АҚ-қа «OTAU TV» абоненттерінің «Қазсат-3» спутнигіне толықтай көшірілуі және жергілікті органдармен бірлесе отырып, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға цифрлық эфирлік таратылым қызметтерін қосу мәселесін әзірлеу тапсырылды.
«Егемен-ақпарат»