Жерді айналып шығуға жақын
Күннен қуат алатын батареялармен жабдықталған Solar Impulse 2 ұшағы былтыр 9 наурыз күні Жер шарын айналып шығу үшін көкке көтерілген болатын. Мәреге жақын қалған ұшақ Каир қаласындағы әуежайға келіп қонды. Ұшақтың ендігі бағыты – Абу-Дабиге жетіп, сапарды түйіндеу.
Solar Impulse 2 деген атауға ие әуе кемесі 17 мың күн батареясымен жабдықталған. Соңғы 16 ай ішінде ол 15 қалаға аялдап, 35 мың шақырым қашықтықты ұшып өтті. Тынық мұхитты, Америка континентін, Атлантиканы, Еуропаны бағындырған ұшақ былтыр әуеде 120 сағаттан артық уақыт қалықтап, рекорд орнатқанын да айта кету керек.
Күннен қуат алатын ұшақтың қанаттарының ұзындығы Airbus A340 бірдей, яғни, 63 метрге тең, салмағы – 1600 кило. Балама энергияны насихаттау мақсатында жасалған ұшақтың сапарына қазір әлем жұртшылығы көз тігіп отыр деуге болады.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»