• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2016

Үш тілде сөйлейтін қалам

877 рет
көрсетілді

2-7 жас аралығындағы бал­дырғандардың тілін ұстартып, дүниетанымын кеңейтетін «Зерек» атты қалам туралы біз осыдан төрт жыл бұрын жазғанбыз. Бірақ бұл сөйлейтін қалам ол кезде тек бір-ақ тілді еді. «Зерек» алғашында тек қазақша сөйлейтін. Енді жоба авторлары заман талабын ескеріп, «Зеректі» үш тілде сөйлейтін қаламға айналдырды. Демек, «Зеректей» досы бар балдырған қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қаріп танып әрі ойлау көкжиегін кеңейте алады. Бұл дегеніңіз, «Зерек» тек баланың досы ғана емес, тіп­ті ата-ананың өзіне қолғанат деген сөз. Өйткені, «Зерек» – бал­дыр­ғандарды өздігінен дамыту және қазақ, орыс, ағылшын тіл­дерін үйрету үшін суретті кітап­шаларды дауыстап оқитын құрылғы. Бүлдіршіндердің ой-өрісін дамыту мақсатында жа­салған бұл жүйе – арнайы мамандар мен педагогтардың ұзақ жылғы ізденісінің жемісі. Осы керемет қаламды жасаған өнер­тапқыштардың бірі – Ақжайық ауданындағы Абай атындағы мектеп-гимназияның 2004 жыл­ғы түлегі Абзал Қадырбаев. «Зе­ректі» жоба авторлары келер жы­­лы Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатыс­тырмақ ниетте. Сонымен, сөйлейтін қаламның ерекшелігі неде? Пайдалану туралы нұсқаулықта көрсетілгендей, сөйлейтін қалам – инновациялық технологияның сапалы және қауіпсіз электронды өнім. Оның атқаратын қызметі де аз емес. 2-3, 4-5 және 6-7 жастағы балаларға арналған дербес суретті кітап­шаларды пайдалана отырып, қаламды оған тигізу арқылы баланың өзін қоршаған ортаны танып-білуіне жол ашылады. Осылайша, «сиқырлы» қаламсап әр баланы үш тілде бірдей ер­кін, жатық сөй­леуге, сөз­дік қорын ба­йы­туға, оқу­ға, есеп­­тер шы­ға­руға, тақ­­пақ­тар жат­тауға, ән шыр­қау­ға баулиды. Суреттерді пайдалану арқылы ды­быс пен әуен­ге толы инте­рак­тивті са­бақ алу­ға болады. Суретті кітапшалар мен сөйлейтін қалам – балаларды жан-жақ­ты дамы­ту үшін ата-ана­лар­ға тап­тырмас кө­мекші. Оның құн­дылығы – балалар мектепке барғанша көп сөзді, сөйлемдерді, сандарды жаттап алып, сайрап тұрады. «Балабақшада болсын, үйде болсын, сөйлейтін қалам мен суретті кітапшалардың сәбиге бе-рері мол» деп пікір білдіріпті педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жәния Нұржан. Сондай-ақ, сөйлейтін қаламды компьютерге USB арқылы қосып, жады картасына ән жазып, оны МР3 картасы арқылы тыңдай да аласыз. Жүйедегі шағын көлемді SD картасын өзгертуге және оған бағдарлама жүйесіндегі оқу материалдарын енгізуге, өз қалауыңыз бойынша SD картаға әуен орнатуға болады. Бұған қоса «Зерек» – экологиялық талапқа сай таза материалдардан жасалған нағыз қауіпсіз қалам! Әсел ӘМЗЕҚЫЗЫ, журналист ОРАЛ