• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2016

Шебер жігіттің «шедеврлері»

613 рет
көрсетілді

«Ел іші – өнер кеніші». Аягөз ауданының Мамырсу ауылындағы асықтан жасалған асықтың мүсіні көзге жылы ұшырайтын ұлттық нақыштағы ерекше мүсін. Сабыржан Ғаббасов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің алдында орналасқан композиция авторы – бейнелеу пәнінің мұғалімі Қайрат Сыдықов. Мектептің іс жүргізушісі Әсем Сары-бае­ва­ның айтуынша, ауылды абаттандыруға ай­рықша үлес қосып жүрген мұғалім сонымен бірге, тырналар мүсінін, «Өркениетті Қазақстан» атты үш композициядан құралған фитоның да авторы. – Қайрат – жоғары санатты мұғалім. Көп­теген өңірлік байқаулардың жеңімпазы. Он саусағынан өнер тамған ол қыстыгүні ауыл балаларына тарту ретінде мұз мүсіндер де жасайды, – дейді әріптестері. Асықты құрастыруға 1080 дана асық жұм­салған. Бұл асықтарды мектеп директоры Рифхат Заитұлы жинап, мүсіншіге тапсырған екен. Қайрат көптен көкейінде жүрген асықтың бейнесін алдымен темірден иіп жасап, содан соң темір қаңқаға асықтарды арнайы желіммен жап­сырып шыққан. Бір метрлік тұғыры бетон­нан құйылып, ою-өрнекпен әдіптелген. Ал асық мү­сінінің биіктігі – 60, ені 30 сантиметр­ге тең. Мектепте 20 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келе жатқан Қайраттың талантты шәкірт­тері баршылық. Олардың арасында отандық телеарналарда көрсетіліп жүрген «Әли мен Ая», «Бәйтерек» мультфильмдерінің көр­кем­деуші суретшілері де бар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы