Стэнфорд қаласындағы сауда орталығында күзетші робот тәртіп бұзды. Ол бір жарым жасқа енді толатын балдырғанды алдымен ұрып құлатып, артынша аяғын басып кетіпті.
Моделі Knightscope K5 роботтың биіктігі бір жарым метрге жуықтайды, салмағы 140 кило. Сауда орталығында өзіне тиісті аумақта тәртіп бұзғандарды тіркеп отыратын робот енді өзі тәртіп бұзып отыр.
Жансыз машинадан таяқ жеген Дарвин Чен есімді балдырғанның анасы: «Робот менің ұлымды басынан ұрып жіберді, ұлым еденге етпетінен құлап түсті. Сосын сезімнен жұрдай темір ұлымның аяғын басып өтіп, кетіп қалды», дейді.
Робот сауда орталығына бір жыл бұрын жұмысқа қабылданған екен. Камералармен және басқа да сезгіш тетіктермен жабдықталған машина шектен тыс қатты айқай-шу мен қозғалыстарды тіркеп отырады. Knightscope K5-тің тәртіпсіздігінен аузы күйген орталық қызметкерлері енді сауда орталығына келген балалардың қауіпсіздігі үшін бас ауыртуда.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»