Шілденің 16-сына қараған түні Түркияда әскери төңкеріс ұйымдастыруға әрекет жасалды. РИА «Новости» агенттігінің хабарлауынша, оқиғалар Анкара мен Ыстанбұлда орын алған.
Билік қазір жағдайдың бақылауда ұсталып отырғанын мәлімдейді. Алайда, көз көргендердің айтуларынша, бүлікшілер қарсыласуларын әлі де тоқтатып жатқан жоқ. Ұлттық барлау қызметінің мәліметінше, путч ұйымдастыруға қарулы күштер мен жардармения бөлімшелері қатысқан.
Алдымен әскерилер Түркия спутникті тележелісі мен Doğan Media Group холдингі ғимараттарын басып алған. Оларда CNN Türk телеарналары мен Hürriyet газетінің редакциялары орналасқан.
Прокуратура Анкарадағы әскери төңкеріс жасау әрекетінің барысында 42 адамның қаза тапқанын айтып отыр.
Anadolu Ajansı бағынуға көнбеген тікұшақтарды атып түсіру үшін әуеге әскери ұшақтардың көтерілгенін хабарлады. Бұдан бұрын Түркия премьер-министрі Бинал Йылдырым Анкарадағы түрік парламентін атқылап жүрген тікұшақты атып түсіру үшін Эскишехир авиабазасынан истребительдерді көтеру жөнінде бұйрық берді. Соңынан бұл тікұшақтың атып түсірілгені жеткізілді.
AFP хабарлағандай, Түркия президентінің Анкарадағы сарайына бомба тасталған. Ал Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған бұл кезде Ыстанбұлда болған. Мемлекет басшысы демалып жатқан мейманхананың күзетіндегі бір полицей бүлікшілермен атыс кезінде қаза тапқан.
Мұрат АЙТҚОЖА