[caption id="attachment_51608" align="aligncenter" width="560"] inform.kz[/caption]
Қазақстанның 2500-ге жуық азаматы Түркиядан елге ұшып келу уақытын күтеді. Бұл туралы бүгін Түркия мен Қазақстан арасындағы әуе тасымалына қатысты журналистерге шұғыл брифинг өткізген ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Қамалиев мәлім етті, деп хабарлады inform.kz.
«Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігімен, Түркияның әуе тасымал саласындағы билігімен байланыс жасаудамыз. Түркияда жүрген отандастарымызға қатысты айтар болсам, біздің консулдықтар тиісті жұмыс атқарып жатыр, шұғыл хабарласу желісі іске қосылған. Егер әуежайлардың жұмысы қалпына келсе, ол жақтағы азаматтар өздерінің рейстерімен аман-есен елге оралады деп сенемін. Қазір шамамен 2500 адам сол жақта, олар бүгін-ертең елге ұшып келуі керек», – деп мәлімдеді Б.Қамалиев.
Естеріңізге сала кетейік, Түркия билігі жұма күні кешке елде әскери төңкеріс жасау әрекеті орын алғанын хабарлаған болатын. Ел президенті Р. Ердоған оны шағын бүлікшіл топ ұйымдастырып отырғанын айтып, халықты бүлікшілерге қарсылық көрсетуге шақырды. Соңғы мәліметтер бойынша оқиға салдарынан кем дегенде 60 адам қаза тапқан.
Түркиядағы ҚР Елшілігінің мәліметінше, курортты қалалардағы жағдай тұрақты, әйтсе де демалушы қазақстандықтарға қонақ үйлерден шықпауға кеңес берілді.
Айдар ӨРІСБАЕВ