[caption id="attachment_51685" align="aligncenter" width="560"] Фото: Руслан Қадыров[/caption]
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Талдықорғанды түрлентіп Қаратал өзенінің жағалауынан ұзындығы 1414 метрге созылған жаңа көше бой түзеді. Тұрғындарды қуанышымен құттықтаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Астанаға қарап бой түзейтін Талдықорғанға Қаратал өзені ерекше көрік беретінін айта келе демалыс аллеясының шамын жақты. Самаладай жарқыраған шамдармен қатар от шашулар атылды.
Өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар болғандықтан осынау жаңа көше әрі демалыс аллеясы салтанатты түрде ашылып отыр. Онда «Талдықорған кеше, бүгін» атты фото және қылқалам туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Елімізге танымал әншілер мен «Алатау әуендері», «Үшқоңыр» фольклорлық этнографиялық ән-би ансамблінің өнерпаздары өнер көрсетті.
Жағалаудың ерекшелігі - ересектер мен балалардың еркін серуендеп, тынығуына барлық жағдай жасалған. Оқтай түзу көшенің қос қапталындағы жаяулар жолына тегістеле төселген тас жасыл әлеммен қабысып жатыр. Тік шаншыла әрі жайқала өскен қарағай, арша секілді қылқан жапырақтылар арасында бой түзеген арудай ақ қайың, тербелген көк терек те жасыл жапырағын жайқалта адам тынысын аша түседі. Сан алуан түсімен түрлене тұнып тұрған гүлзарлар қазақы оюлардай құлпырып адам қолының шеберлігін айқын көрсетеді. Жалпы жобаның авторы Сәулетшілер одағының төрағасы Ақмырза Түстембековтың идеясы бойынша жағалау аллеясына жайлы орындықтар қойылып, балаларға арналған ойын алаңдары, белсенді демалысты жақсы көретіндер үшін скейт пен роллдром және қалқандар, шатырлар орнатылған. Сахналық алаң да өзіндік үйлесімін тапқан.
Қатарлата тігілген ағаштар мен егілген жасыл өскіндерді жаңбырлата суғару үшін ретімен жүргізілген құбырлар, бетондалған тоған, Жыпырлата орнатылып жарқырай жанған экономикалық тиімді электр шамдары, тіпті асфальт төселген теп-тегіс велосипедшілер жолы, «RHINO» фирмасының сапалы жабдықтары көп жайды аңғартады.
Ақындар «күндіз күміс, түнде алтын болып ағады» деп те теңеуін асыратын Қараталдың Талдықорған қаласының тұсынан өтетін осы бір тұсы тарамдана аралдары көгершіндердің суатына айналыпты. Бейбітшілік құсы көк аспанға қалықтай көтеріле оң қапталда бой жарыстыра бірінен екіншісінің сәні мен салтанаты асқан көп қабатты үйлерге қарай ұшуда. Осынау ғаламаттты Талдықорғандықтарға тарту еткен жан - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осыдан он бес жыл бұрын қызмет бабымен Қаратал өзеніндегі көпір тұсына келген сәтінде журналистерге бір-екі шақырым жердегі Талдықорған қалалық перзентханасына дейін созылған жуандығы түйенің беліндей құбырды көрсете «осы ашық далаға көп қабаттты тұрған үйлер салынып, Талдықорған түрлене түседі» дегенде бос жатқан далаға қарап сенерімізді де сенбесімізді де білмеген едік. Бірақ айтылған сөз тасқа басылып қалған еді. Міне бүгін сол сөз іс-жүзіне асты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ
Талдықорған.
[caption id="attachment_51686" align="aligncenter" width="560"] Фото: Руслан Қадыров[/caption]
[caption id="attachment_51798" align="aligncenter" width="560"] Фото: Руслан Қадыров[/caption]
[caption id="attachment_51687" align="aligncenter" width="560"] Фото: Руслан Қадыров[/caption]
[caption id="attachment_51688" align="aligncenter" width="560"] Фото: Руслан Қадыров[/caption]