[caption id="attachment_51806" align="aligncenter" width="560"] inform.kz[/caption]
«18 шілде күні сағат 11:00 шамасында белгісіз біреу Алматы қаласы ішкі істер департаментінің Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына басып кіру мақсатымен күзетте тұрған полиция қызметкеріне оқ атты. Нәтижесінде қылмыскер тәртіп сақшысының қаруын иемденіп, оқиға орнынан ізін суытты», – делінген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Inform.kz-тің мәліметі бойынша, қылмыскерді ұстау операциясы кезінде ол «Боран» полиция экипажына оқ жаудырып, екі полицейді жаралаған.
Одан әрі қылмыскер «Қазақконцерт» АҚ маңында полициямен қарулы қақтығысқа түсіп, жараланған күйі қолға түскен. Оны ұстау кезінде тағы екі полицей жараланды. Алдын ала мәліметтер бойынша, қолға түскен азамат 27 жастағы Қызылорда облысының тумасы болып шықты.
Өкінішке қарай, қашу кезінде қылмыскер жеңіл автокөлікті басып алып, оның жүргізушісін атып өлтірді. Сонымен қатар, қарулы қақтығыс кезінде алған жарақаттарынан үш полиция қызметкері қаза тапты.
Қазір қалада «Сирена» жедел жоспары енгізілді. Полицияның барлық қызметкерлері қолға түскен күдіктінің сыбайласын ұстауға жұмылдырылды.
Айдар ӨРІСБАЕВ