[caption id="attachment_51852" align="aligncenter" width="560"] Фото: livejournal.com[/caption]
Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астана» өз алаңында Литваның «Жальгирис» командасымен кездеседі. astana.gov.kz ақпарына сәйкес, матч кезінде кейбір көшелерде көлік қозғалысы жартылай шектеледі.
Кешкі сағат 18:00-ден матч аяқталғанға дейін Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейін жабылады.
Дәстүр бойынша жанкүйерлер үшін арнайы трансфер ұйымдастырылады. Автобустар «Қазақстан» спорт сарайы, елордалық цирк, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион, «Әзірет Сұлтан» және «Нұр-Астана» мешіттерінің жанындағы (шығыс жағынан) тұрақтардан жүреді. Жолдар матч соңына дейін жабық болады. Сондықтан әуежайға баратын астаналықтарға және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарына айналып өту жолдарын алдын ала жоспарлауды ұсынады. Ең ыңғайлы жол – Орынбор көшесі арқылы жүру.
«Матчты көруге шамамен 25-30 мың жанкүйер келеді деп ойлаймыз. Осыған байланысты қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдаймыз. Екі мыңнан астам полиция және ішкі әскер қызметкерлері жұмылдырылады», – деді жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев.
Сонымен қатар, сағат 20:30-да «Астана Арена» стадионы арқылы жүретін №10, 12, 27, 40, 43, 53, 51 маршруттары жиілейді. Жалпы, 100-ге жуық автобус жүреді.
Аян ӘБДУӘЛИ