Еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыда шұғыл брифинг өткізіп, оңтүстік астанада 18 шілде күні орын алған оқиғалардың егжей-тегжейін баяндады.
– Атыс кезінде 8 адам, сондай-ақ қолға түсіру барысында қылмыскер жараланды. 3 полицей, 1 шекарашы мерт болды. Соңғысы оның автомобилін тартып алмақшы болған кезде қарсылық көрсетті,– деді министр брифингте. – Сондай-ақ, әртүрлі деңгейдегі жарақаттармен 6 полицей және 3 жай адам ауруханаға жатқызылды. Бұлардың қатарында қылмыскер де бар.
Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Алматы қалалық жедел штабының ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәлімдеуінше, қылмыскер осының алдында Өзбекстан азаматшасын өлтірген. Бұған дейін ол әртүрлі қылмыстары, соның ішінде кісі тонағаны және заңсыз қару сақтағаны үшін 5 жыл 11 ай мерзімдік жазасын өтеген. Қылмыскердің айтуынша, ол осы жылдарда кеткен кегі үшін полицейлерді өлтіруге бекініп шыққан. Қалай десек те, бұл адам түзелу жолына түспеген, жазасын өтеу орындарында теріс жағынан сипатталған.
Ішкі істер министрі 18 шілдеде Алматыда болған оқиғаларды рет-ретімен тізіп айтты. Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкеріне шабуыл жасаған сәттен ол ұсталғанға дейін 24 минөт өткен. Аудандық ішкі істер бөліміне қылмыскер алдын ала қаруланып келіп, полицейді атқан және оның қаруын алған. Ол полицейді атқан пистолет кейіннен аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының жанынан табылды.
Одан әрі қылмыскер Алматы аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына қарай бірнеше рет оқ атқан, соның салдарынан 1 жай адам және 1 полиция қызметкері жарақат алған. Қарумен қорқытқан қылмыскер автомобильді басып алып, жүргізушіге Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне қарай жүруге бұйырған. Жол бойы, Құрманғазы-Шәріпов көшелерінің қиылысында ол полиция патрулін атады, соның салдарынан 2 қызметкер жараланған. Одан әрі Байзақов көшесінің бойында ол тағы бір экипажды атқылайды. Бұл жерде бір қызметкер – полиция сержанты Сәлінбаев табан аузында қаза тауып, оның әріптесі ауыр жараланды.
Содан кейін қылмыскер машина ауыстырады. Бірақ жүргізуші жай киім киген шекара қызметкері болып шығып, ол қылмыскерге қарсылық көрсетіп, сол арада мерт болады. Одан соң қылмыскер тағы бір жай адамды өлтіреді. Абылай хан көшесінің бойында арнаулы батальон қызметкерлері машинаны тоқтатуға әрекеттенеді. Бұл арада да полиция қызметкері қаза тауып, екіншісі жарақат алады. Осы кезде Мемлекеттік кірістер департаменті ғимараты жағынан постыда тұрған қызметкер жүгіріп шығып, қылмыс туралы айқайлап айтады. Оған да бірнеше оқ тиіп, көз жұмады. Ал оның әріптесі қылмыскерді ұстайды.
Сөйтіп, қорытындысында 5 адам – 3 полиция қызметкері, 1 жай адам және Қазақстан ҰҚК департаменті Шекара қызметінің 1 қызметкері қаза тапты. Зардап шеккендер арасында алты полиция қызметкері және бір жай адам бар. Ұстау барысында қылмыскер де жарақат алды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ