• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

Қоғамның белсенді қолдауы қажет

326 рет
көрсетілді

Алматыда кеше болған жағдайға байланысты Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин өз пікірімен бөлісті. Ол қылмыстық топтармен, сондай-ақ, экстремизм мен терроризмге қарсы күресте қоғам болып белсенді қолдау көрсету едәуір күш бола алатындығын айтады. – Әрине, терроризмге қарсы күрес­те алдыңғы шепте еліміздің күштік құры­лымдары темірдей тәртіп орнатып, табан­ды қарсылық көрсете алатындығы бел­гілі. Десек те, осы орайда оған қосымша көмек ретінде қоғам тарапынан белсенді қолдау көрсетілгені қажет. Мәселен, Facebook немесе WhatsApp сынды әлеу­метт­ік желілерде әртүрлі ақпарат­тар шап­шаң тарайтындығын ескерсек, осы әлеуеттің өзін билік мүмкіндігінше өз пай­дасына қолданғаны мақұл. Ресми түрде бекітіліп, расталған мәліметті таратуды айтпаған күннің өзінде, бұл желілердің әлеуеті күштік құрылымдардың көмекші құралы бола алатындығы сөзсіз. Яғни, қоғам тыныштығын бұзып жүрген бұзақыға қатысты бағыт-бағдарлар мен қандай да бір ақпараттарды алу арқылы күдіктіні қолға түсіруге әбден болады. Ал енді теріс ағымның жетегінде кет­кен радикалдардың не себепті күштік құры­лымдарға ата жауындай өштесу себебін түсіндіруге тырысып көрейін. Олар көп ретте өздерінің арам ойларын жүзеге асыру үшін қару алып, қоғам тыныштығын бұзу арқылы елді үрейде ұстағысы келеді. Ондай ниетін іске асыруы үшін азғынға керек қару күштік құрылым мен полицейлердің қолында жүретіні белгілі. Міне, олардың құқық қорғау органдарының өкілдеріне шүйліккіш келетінінің себебі осы. Ендеше, «қаныпезердің қолына қару түскен соң, олар тек ел билігіне ғана қауіп төндіреді, қарапайым азаматтарға тиіспейді» деген ұғым ақылға қонымсыз. Сондықтан да, мұндай әрекет қашан да қоғам үшін өте қауіпті. Жалпы, қазір мемлекет қоғам қауіпсіздігін басты назарға алып, азамат­тардың амандығын сақтауда сан түрлі шараларды қолға алып жатыр. Қай елде болса да биліктің осындай әрекетке баратыны сөзсіз. Алматы қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қызыл деңгейі енгізілуінен-ақ жағдайдың алаң­датарлықтай екендігін әрқайсымыз түсіністікпен қабыл­дауымыз қажет. Оның бірден-бір белгісі – тұрғындар әрбір ескертуге құлақ асып, бей­берекет жүрісті доғарып, үй-жайларынан шық­пай, арнайы құрылымдардың ресми мәліметтерін ғана басшылыққа алуы керек. Мен Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғаға қатысты білдірген пікірімде экстремизм мен терроризм қатерінің ұзақмерзімді тренд екенін айтқан болатынмын. Қазір соны тағы бір еске түсіруіме тура келіп тұр. Өйткені, ендігі жерде біздің қоғам мен мемлекетіміз ұзаққа созылатын күреске дайындалуы тиіс. Оның үстіне мұндай қатермен біз ғана бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. Соңғы күндердегі Франция мен Түркиядағы жағдайлар әлем назарын өзіне аударып, дүниені үрей құшағында қалдырды», – деді Е.Қарин.