Парламент Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Г.Исимбаева бастаған Мәжіліс депутаттары Алматы қаласында Универсиада – 2017-ге арнап салынып жатқан нысандарды аралады. Депутаттар Г.Исимбаева, З.Аманжолова, О.Шишигина, А.Платонов алдымен 12 мың адамдық Мұз аренасында болды. Бұл мұз жамылғыларды волейболға, баскетболға, мини-футбол мен басқа да спорт ойындарына арналған алаңдарға айналдыру мүмкіндігі беріле отырып жобаланған көпфункционалды әмбебап кешен.
Құрылыста жарықпен және дыбыспен жарақтандырудың және судьялықты техникалық жағынан қамтамасыз етудің ең жаңа технологиялары қолданылған. Мұз аренасы ең заманауи спорт жабдығымен және мүкәмалымен жарақтандырылатын болады.
Халық қалаулыларының бүкіләлемдік қысқы студенттік жарыстарды ұйымдастырушылармен болған әңгімесінде салынып жатқан осы нысандарды ойындар өткізілгеннен кейін пайдалану, олардың халыққа, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға техникалық жағынан қолжетімді болуы жөнінде мәселелер қозғалды.
Универсиада-2017-ні дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның басшысы Наиль Нуровтың айтуынша, спорт кешенінің инфрақұрылымы халықаралық деңгейде жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Ол Алматы қаласының тұрғындары мен меймандары үшін жыл бойы спортпен айналысуға және ойын-сауық іс-шараларын өткізуге арналған орталыққа айналады. «Әйтеуір, біздің балаларымызға заманауи бір нәрсе қалатын болды. Енді мәнерлеп сырғанауды, жүзу мен басқа да спорт түрлерін дамытуға болады. Біз Қазақстанның аумағында да лайықты спортшылар тәрбиелей алатын боламыз», – деді Ольга Шишигина.
Сол күні парламентшілер «Рахат» кондитерлік фабрикасының ұжымымен де кездесті. Онда «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, Президент Жолдауының негізгі бағыттарын, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын орындау жөнінде сөз болды.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген биік мақсаттарға жету үшін барлық жерде кәсіпкерлердің жұмысына барынша қолайлы жағдайлар жасалуға тиіс. Бұл істе соңғы жылдары өңірлерде билік құрылымдары бизнеске қолдау көрсетіп, оның тілегіне құлақ асып отыр. «Рахат» фабрикасы халықтың экономикалық және әлеуметтік көңіл-күйінің өзіндік барометрі бола алады. Егер өнім сұранысқа ие болып, адамдар оны сатып алып жатса, демек, олардың тәттіден дәм татуға мүмкіндігі бар деген сөз, бұл жаһандық дағдарысқа қарамастан, халық пен елдің экономикалық жай-күйінің тұрақты екенін білдіреді», – деп атап өтті Г.Исимбаева.
Бұдан соң депутаттар Қазақстанда диабеттен зардап шегетін адамдар үшін арнайы өнім шығаруды игерген бірден-бір кондитерлік кәсіпорын болып табылатын «Рахаттың» өндірістік цехтарында болды. Бұл ассортиментке калориясы азайтылған және құрамындағы қант онымен теңдес табиғи шикізатпен алмастырылған бірнеше шоколад, кәмпит, печенье мен вафли атауы кіреді.
Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Г.Щегельский мен С.Симонов Ақтөбе облысындағы сапары барысында Қарғалы ауданындағы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының нысандарында болды.
Халық қалаулылары Бадамша ауылындағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан жылу жүйесінің жұмыс қарқынымен танысты, сонымен қатар, Қосестек елді мекенінің тұрғындарымен кездесулер өткізді. Депутаттар Мәжілісте қабылданатын маңызды заң жобалары туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының орындалу барысын талқылады.
Мәжіліс депутаты З.Балиева Алматы облысына жасаған сапарында «Керуен+» пластмасса бұйымдарын өндіру зауытында болып, мектептер құрылысының барысымен танысты, сондай-ақ, балалардың жазғы демалыс лагерьлеріне де атбасын бұрды.
Ол кәсіпорын шығаратын балаларға арналған тауарлардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударды және құрылыс алаңдарында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердің сапасы мен оларды уақтылы пайдалануға беру мәселелеріне қызығушылық танытты. Мәжіліс депутаты балалардың жазғы демалыс лагерьлерінде болып, ондағы демалыстың жақсы ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Ж.Дүйсебаев Ақмола облысында Бұланды ауданының аграршыларымен кездесті.
Капитоновка ауылдық округінде орналасқан «Журавлевка-1» ЖШС-да өткен кездесуде заңнамаға дайындалып жатқан өзгерістер, сондай-ақ, жергілікті өзін өзі басқару органдары төңірегінде әңгіме қозғалды. Ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын туғызатын өзекті мәселелердің бірі – жайылымдардың тапшылығы. Депутат атап өткендей, қазіргі уақытта жайылымдар туралы жаңа заң жобасы жұмысқа алынды, оның қабылдануы осы проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Жергілікті өзін өзі басқару органдары жайлы айта келіп, Ж.Дүйсебаев 2018 жылдан бастап заңнамадағы өзгерістерге байланысты олардың өз бюджеттерi болатынын және оны қажеттіліктерге қарай өз бетінше бөлетіндерін хабарлады.
Түстен кейін депутат «Нұр Отан» партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Сенат депутаты Жабал Ерғалиев «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Ақмола облыстық бөліміндегі «Өзекті әңгіме» бағдарламасына қатысты. Хабар барысында сенатор VI шақырылған Парламенттің жоғарғы палатасының бірінші сессиясының қорытындысы жайында айта келіп, Сенатта атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық реформалары мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының орындалуын қамтамасыз ету үшін қажетті заңдар уақытында қабылданды. Сенат депутаттары Мәжілістің жаңа құрамы іске кіріскенше еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге қажетті 57 заң, ал Парламент жыл басынан бері 73 заң қабылдады.
Жоғарғы палатаның ұйымдастыруымен Астанада «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция өтті. Әлемнің 41 мемлекетінен келген 200-ден астам делегат ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күресті өрістетудегі Қазақстанның және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлін жоғары бағалады. Қазақстан Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің тарихи маңызы атап өтілді.
– Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы Елбасының ұзақ жылдардан бері жүргізіп келе жатқан кемел саясатының жемісі, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі, – деп атап өтті сенатор.
Телехабар барысында Ж.Ерғалиев телекөрермендердің жер мен тілге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласына қатысты сұрақтарына жауап қайтарды.
«Егемен-ақпарат»