• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

Қасым кубогы – қарағандылықтарда

428 рет
көрсетілді

Таяуда арқа төрінде Астана-Қарағанды қаласының өнерпаздарынан құралған командалар арасында шағын футболдан V «Қасым» кубогы сарапқа салынды. Кезекті доп додасы Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­ды­ғына және Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналды. «Ең бірінші, шахталы ша­һарға қош келдіңіздер. Қасым Аманжолов атындағы турнир тағы да өзінің жалғасын тауып жатыр. Бұл жарысты ұйым­дастырудағы негізгі мақсат – Астана өнер жұлдыздары мен Қарағанды өнерпаздарының арасындағы достықты одан әрі нығайта түсу. Осы үрдісті үзіп алмай, жыл сайын жиналып тұрсақ, бұл да бірлігіміздің бір белгісі емес пе?», – деді айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов. Әдебиет пен мәдениет өкіл­дерін көк алаңнан көру қызы­ғарлық дүние болды. Олай дей­тініміз, олар тек ән айтып, домбыра тартып, қойылым қойып қана емес, ала доп аламанында да алғырлық таныта алатынын байқадық. Қос қаланың намысын қорғаймыз деп келген қос команданың ширақ қимылы мен шебер әдістері «ә» дегеннен көріне бастады. Бірінші бөлімді, яғни алғашқы 45 минуттың аяқ алысына ақын Руслан Нұрбай ком­ментаторлық жасап, ойынның барысын әзіл араластырып, әң­гімелеп отырды. Ал екінші таймда коммен­таторлықтың тізгінін «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы Серік Сағынтай ұстап, екі команданың ойын өрнектерін сырлы сөзбен су­реттеді. Оның «Алда жүрген Айтбай ма, қорғанысқа қайтпай ма?» деп ұйқастыра сөйлегеніне кө­рермендер қол соғып, бір күліп алды. +35 градус ыстыққа қарамастан, соңғы бөлімге бе­рілген 45 минут ойын жоғары дәрежеде өтті. Дегенмен, жарыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те бар емес пе? Сонымен, бір жарым сағатқа созылған доп додасы алаң иелерінің пайдасына шешілді. Екі таймда да ерекше екпін танытқан елордалықтардың еңсесі түскен жоқ. Жалпы, қорытынды бойынша 3-2 есебімен басым түскен Қарағанды қаласының командасы кубоктың иесі атанды. Басқа ойыншыларға әртүрлі аталым бо­йынша марапат қағаздары табыс етілді. Дәлірек айтсақ, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды...» Үздік бапкер – Мирас Құттыбай (Қарағанды облысы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы), «Жас дәурен, ризамын мен саған...» Ең әдемі гол – Нұрбек Әділбек (Астана қаласы «Жастар» театрының актері), «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...» Үздік қақ­пашы – Мұратбек Бейсенбаев (Астана қаласы Қуыршақ театры­ның актері), «Өртке тиген дауылдай...» Үздік шабуылшы – Қайнар Әлетаев («Базар жоқ» театрының актері), «Мен қалған бір атаның ғасырымын...» Үздік ойыншы – Әділ Ахметов (Астана қаласы Жастар театрының ак­тері), «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде...» Үздік жартылай қорғаушы – Бек Шмат (Астана қаласы. Айтыскер ақын), «Қиялым қақты қанат...» Үздік жанкүйер – Марал Дадиева (Қара­ғанды мемлекеттік универ­си­теті, Қазақ тілін дамыту орта­лығының маманы), «Түсірген ой сәулесін шартарапқа...» Үздік ұйымдастырушы – Марғұлан Уәли («Базар жоқ» театрының сценарисі), «Қолымда найза, шағылып айға...»Үздік қорғаушы – Алмаз Мырзахмет (ақын, жазушы, «Қасым» республикалық əдеби-қоғамдық журналының жауапты хатшысы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы). Ұйымдастырушылардың ұй­ғарымы бойынша аталмыш ала­манның келесі кездесуі Жезқазған жерінде өтеді деп жоспарлануда. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ