Қазақтың ғана қайғысы емес
Роза апамыз тірі кезінде апа деп айтқызбайтын. Жарықтық, тоқсан жасын күтіп отырғанда кете қалды, сол бір арман жасқа жете алмай қалды. Апайдың тоқсан жасын бәріміз де күтіп едік, амал қанша, осындай қайғылы оқиғаға тап болдық. Әрине, қимайтын жанды қара жерге беру қиын. Роза апамыз сұлулықты сүйетін ерекше жаралған адам еді. Ол кісі елдің бәрінен ерекше болатын. Өзін өнерімен, даралығымен бар елге танытты. Әсіресе, 50-60 жылдары ол кісінің даңқы жер жарып тұрды. Қазақстан, Ресей, бүкіл Кеңес Одағына атағы жайылып тарады. Роза Тәжібайқызын Мәскеуде өте жақсы көретін. Көптеген гастрольдік сапарлармен сол жаққа баратын. Менің есімде қалған бір оқиға мынадай. 50-жылдардың аяқ шені. Филармонияға жеке әнші болып алғаш барған кезім болатын. Роза Тәжібайқызы сонда бір гастрольден оралып келді. Сол кезде филармония ұжымына жалақы беруге банкте ақша жоқ екен. Сонда филармонияның бір айлық бүкіл жалақысын Роза апайдың өзі қалтасынан бергені есімде. Бұл жай да ол кісінің кеңпейілділігін, дархандығын білдірсе керек. Киім киісі, өзін ұстау мәнері, бекзаттығы, сән-салтанаты сол кездің өзінде өте жоғары болатын. Бір қызығы, кейін көп адамдар мені Роза Тәжібайқызымен шатастырып алып жүрді. Маған біреулер Роза Бағланова десе, ол кісіге Бибігүл Төлегенова дейтін көрінеді. Роза апай осы жайға күліп қоюшы еді. Бір айтатын нәрсе, халқының ардақты әншісі еліне еркеледі. Оның еркелігін халқы да көтерді. Өнері жөнінде айтсақ, бұл кісі эстрада саласында әлемнің ең талантты әншілерімен теңдес, ерекше дарын еді. Мұны Роза Тәжібайқызының өзіне де айтатынмын. Өз құлағыммен естіген, өз көзіммен көрген жағдай сол, ол кісінің дауысы микрофонсыз-ақ филармонияның залында болсын, опера театрының залында болсын кеңістікті кернеп кететін. Бәріміз, енді концертке қатысамыз ғой, сонда Роза Тәжібайқызы әнді микрофонсыз айтатын. Бұған да жүрек керек, шынайы дауыс керек. Қазіргі әншілер микрофоннан бір елі айрылмайды ғой. Иә, Роза Тәжібайқызы өзінің шығармашылық еңбегімен халықтың көңілін көтерді, жан-жүрегін жадыратты, елге қуаныш сыйлады. Осы жуырда ғана мен бір үлкен тойда болып, бір соғыс ардагерімен қатар отырғаным бар. Сонда кеудесінде орден-медальдары саудыраған әлгі кісі: «Ой, Роза апай біз майданда жүргенде келіп бір сағат концерт қойып, ән шырқап берген еді. Содан кейін рухымыз көтеріліп, сондай көтеріңкі көңілмен атойлап шабуылға шыққанымыз әлі есімнен кетпейді» деп Роза Тәжібайқызын көтере, құрметтей сөйлегеніне іштей қуанып едім. Әрине, халық Роза Бағланова десе, ішкен асын жерге қойып, өте қатты сыйлайтын. Ол кісінің өмірден өтуі өнер адамдары үшін ғана емес, бүкіл қазақ үшін, Қазақстан үшін де ауыр шығын, үлкен қайғы. Сонымен бірге ТМД халқы да Роза апамызды жоқтайды деп білемін. Себебі, ол кісінің әнін бүкіл Кеңес Одағының халқы жақсы көретін, «Ах, Самара, городогын» сүйіп тыңдайтын. Не істейміз, дүниеге келмек бар, кетпек бар. Жақсы ұл өсірді. Халқының алдында сыйлы болды. Қайда барса да, халқы оны әркез құрақ ұшып қарсы алды. Топырағы торқа болсын, жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын. Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі.Ұлы әншісі елімнің
Роза Тәжібайқызының дүниеден озғанына көңіл сенбейді. Амал қанша, ажалға ара тұра алмаймыз. Қазақтың ұлы әнші қызы дүниеден өтті. Қазақ өнерінің тарихында айшықты із қалдырған қайраткер адам арамыздан кетті. Роза Бағланованың қазақ өнеріндегі орны ерекше. Кезінде біздің опера және балет театрында біраз уақыт жұмыс істеп, кейін филармонияға ауысса да, біз оны өз адамымыздай көретін едік. Халық оны сонау Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінен бастап біледі. Ол бораған оқтың ортасында жауынгерлерді әнімен жігерлендірген азамат әнші еді. Бертінде оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілгені әбден орынды болды. Роза халықтың сүйікті әншісі еді. Оның өмірі халқымен бірге болды. Қашан да сөзін «халқым» деп бастайтын. Сол халқына еңбек те етті, сол халқының алдында еркелеп өмір де сүрді. Оның даңқы әлемді шарлады. Талай елдерде болып, әнімен жұртты тамсандырды. Қазақ дейтін халық барлығын әлемге жайды. Соны бәріміз мақтаныш еттік. Әнші ретінде оның ерекшелігін жұрттың бәрі біледі. Оның ғажап дауысын басқалармен шатастыру мүмкін емес. Тек Розаға тән күмістей сыңғырлаған дауысты кез-келген адам ажыратар еді. Роза Тәжібайқызының азаматтық келбеті айрықша еді. Жан-жағына шуақ шашып жүретін. Сол үшін оны барлығымыз да ерекше жақсы көрдік. Оның үлкен еңбегі лайықты бағаланды. КСРО халық әртісі болды, Қазақстанның Халық қаһарманы болды. Ең бастысы – халықтың шынайы құрметіне бөленді. Жаның жәннатта болсын, қазақтың әнші қызы! Ермек СЕРКЕБАЕВ, КСРО халық әртісі, Еңбек ері.Ол дара еді
Соңғы айлардағы қазалардың бәрі жанымды сыздатады. Қазақ мәдениеті мен өнерінің жарық жұлдыздары ескі жараны ұмыттыратындай араға уақыт салмай-ақ, бірінен соң бірі сөнуде. Бірақ, табиғаттың заңдылығына қалай қарсы тұрасың? Бәріміз топырақтан жаратылдық, топыраққа қайтамыз... Енді, міне, Розадан айрылдық. Бұл қаза да менің жанымды қинайды. Өйткені, таныс-біліс, дәмдес-тұздас болдық. Розаны өткен ғасырдың сонау 57-58 жылдарынан бері білем. Оның дауысының тембрі қандай еді?! Қазақтың ән өнерінің тарихында Роза сияқты әнші бола қойды ма екен? Оны айту қиын. Біз бәріміз алдымен Күләшті мақтаймыз. Ақиқатын айту керек, Күләштің актрисалығы басым болатын. Ал, соғыс уақытында елімізге Өзбекстаннан келген өндірдей жас қыз қазақ сахнасының жарық жұлдызына айналды. Ол қазақтың да, өзбектің де, орыс пен поляктың да, басқа көптеген ұлттың тілінде ән сала білетін. Кейіннен Розаға еліктейтін, Розаға ұқсағысы келетін жастар көбейді. Амал не, ол жалғыз еді! 58-59 жылдары менің «Таң самалы» деген әнім шықты. Оның алғашқы орындаушысы Роза болатын. Сол әннен кейін мені «Таң самалым» деп еркелетіп кетіп еді. Осы әнді кейін де талай әнші айтып жүр. Бірақ Розадай қайдан болсын?! Ең алдымен, Бағлановадай талант өте сирек туылатынын айту керек. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Иманы өзіне серік болғай! Еркеғали РАХМАДИЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері.Үні кетпес құлақтан
Ардагер әншіміз Роза Бағланованың о дүниелік болған хабарын естіп, біртүрлі мұңайып отырмын. Жарты ғасырдан астам сыйлас, сырлас болған досым еді. Кезінде менің қатысуыммен жазылған әндерді орындап, жұртқа жайды. Әуезовке ұнаған, елге белгілі «Ақмаңдайлым» мен «Ақсұңқарымды» алғаш шырқаған әнші еді. Екеуінің де өлеңі менікі ғой, Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған. Айта берсе, Розаның өмірінен есте қалған өнегелі әңгімелер көп. Шығармашылық жөнімен ынтымақтасып, ғажайып әншілігін сыйлап, күнделікті өмірде араласып-құраласып тұрдық. Сұлулықты керемет жақсы көретін, жан дүниесі кәусар бұлақтай таза еді. Біз соған қызығатынбыз. Қазақша тәрбиеленген, өнегелі, көргенді адам болатын. Халық Розаны ешқашан ұмытпайды, өз уақытымен үндескен, заманымен бірге жарқылдап шырқаған оның өнеріне болашақта да рахметін айтатын болады. Сөз жоқ, Роза Тәжібайқызы қазақтың ұлы әншісі. Келешекте оның жүректерде өшпейтін үні қалған ғажайып мұрасын насихаттай бергеніміз абзал. Роза туралы үлкен сөздер де айтылуы керек деп білемін. Туған халқын алпыс жылдан астам уақыт әнмен тербеген ақмаңдай әншіміздің топырағы торқа, арты кеніш, алды пейіш болсын. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.Ұлт эстрадасының бәйтерегі болатын
Өмір өзен өз арнасында буырқанып жатыр. Талай тау-тасты жарып өтіп, талай бөгеттерді бұзып, алға ағуда. Жезтаңдай әнші апамыз Роза Тәжібайқызының да өнердегі өмірі кең арналы тау өзеніндей еді. Дегенмен, уақыт шіркінге еш қайран жоқ. Күркіреп тасыған өзен де, сылдырап аққан бұлақ та түгесіледі. Тас та үгіледі, тау да шағылады екен. Сол секілді екі аяқты пенденің де талқаны таусылары хақ. Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызымен мен 1968 жылдан таныспын. Сол кісінің ансамблімен алғаш рет Армения жеріне гастрольдік сапармен барғанымыз әлі есімде. Әрқашан жұмысына ұқыпты, тиянақты қарайтын апамыз талай өнер адамына үлгі болды. 1960 жылы іргесі қаланғаннан бері мемлекеттік «Қазақконцерт» гастрольді концерт бірлестігінің жетекші әншісі болды. Есімі төрткүл дүниеге жайылған Роза Тәжібайқызы ән әлемінде үш-төрт ұрпаққа өнеге болған ірі тұлғалардың бірегейі болып қалмақ. Бүгін қазақ эстрадасының туын көтерген бәйтерегі құлады. Қатарымызда жоқтығы жанымызға батады. Марқұмның рухы тыныш, топырағы торқа болсын! Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі, «Қазақконцерт» КБ директоры.Ғасырда бір туатын талант
Роза апамыздың дүниеден өткені туралы хабар қатты тиді. Сірә, барлық қазаққа солай әсер еткен шығар деп ойлаймын. Ол кісінің орны бөлек еді ғой. Оны білмейтін қазақ жоқ деп есептеймін. Оның дауысын естіген адам ұмытпайды. Менің өзім де ол кісінің дауысын алғаш естігеннен кейін-ақ ұмытқан емеспін. Және менің өміріме бетбұрыс жасады. Бұрын балалық әсермен инженер болуды армандасам, бұдан кейін өнер жолын біржола таңдауыма әсер етті. Осы жолда Роза Тәжібайқызымен көп кездестік, көп ғибратын көрдік. Ұлы әншінің орындаушылық өнегесі бүкіл қазақ әншілерінің бәріне әсер етті деп айтуымыз керек. Сонымен бірге, Роза апай менің композиторлық қызметіме де игі ықпал еткен адам. Менің әндерімді орындай отырып, жаңа шығармашылық шабытқа жігерлендірді деп еске алам. «Асыл арман» атты әнімді ол кісідей орындаған адам жоқ. Соны тыңдаған сайын тебіренер едім. «Әдемі-ауды» қалай шырқар еді! Жалпы, Роза Бағланова талай қазақ композиторларының бағын ашқан әнші. Ол кісіге талайымыз қарыздармыз. Роза Бағланованың әншілік шеберлігі туралы ұзақ айтуға болады. Ол кісідей әннің мазмұнын терең ашып айтатын әнші сирек. Сөзді қандай таза айтатын! Әншілігі өз алдына, азаматтық келбеті қандай еді. Басқаларға қамқор болып жүретін. Ұлы әнші, үлкен Азамат озды өмірден. Бірақ жүрегімізде дауысы қалды, үлкен мұрасы қалды. Соған шүкіршілік етеміз. Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртісі.Мені Роза апамдай әнші болсын деген екен...
Қазақтың біртуар әншісі Бағланова Роза апамызға ұқсаған жұлдыз болсын деп, әнші болсын деп, осы апама ұқсауымды тілеп, ата-анам менің атымды Роза деп қойыпты. Ол кезде, яғни мен туған жылы апамыздың есімі бүкіл Қазақстанға, бүкіл Кеңес Одағына, тіпті шетелдерге әйгілі болып, жұлдызы өте жарқырап тұрған кезі ғой. Жалпы, қазақ халқы ырымшыл халық қой. Жақсы адамдарға жанасқанды ылғи жақсылыққа жорып, соған ұқсасын деп ырымдап, әрқашанда балаларына бір әйгілі есімдерді беріп жатады. Есімім Роза деп аталғанына құдайға шүкір. Міне, қазақ өнерінде әншілік жолменен 35 жыл сахнада жүрмін. Апамызбен сахнаға талай рет бірге шығып, өнер көрсетіп, ән шырқадық. Халқына еркелей білген, біз сияқты кейінгі жастарға тәлім-тәрбиесі мен өнегесін көрсете білген аса талантты апамызды өте құрметтеймін, сыйлаймын. Роза апайдың бәріміз күтіп жүрген тоқсанына жетпей бұл дүниеден аттанып кеткені қандай өкініш. Бірақ ол кісі қазақ әнінің бұлбұлы болып халықтың жүрегінде мәңгілік қалады. Әні, ешкімге ұқсамайтын дауысы, қазақ музыкасына қосқан үлесі, қазақ музыкасындағы орны, әншілік өнердегі орны ең жоғары деңгейде, бірінші сатыда тұрады. Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі.