• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2016

Басты тақырып – Ұлт Жоспары

297 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облы­сында жұмыс сапарымен жүр­ген Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенаты­ның депутаты Қуаныш Айта­ханов Ордабасы, Отырар, Бәйді­бек, Созақ аудандарында және Кентау мен Түркістан қала­ларын­да болды. Сапар барысында депутат облыста экономика, әлеуметтік және мәдени салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып, жергілікті тұрғындармен, еңбек ардагерлерімен, мәслихат депутаттарымен, кәсіпкерлермен, партиялардың, қоғамдық бірлес­тік­тердің өкілдерімен және жас­тармен кездесті. Сенатор азаматтарды Мемле­кет басшысының бес институт­тық реформасын іске асыру шең­берінде елімізде жүргізіліп жат­қан жаңғыртулар жөнінде, эко­номиканы, әлеуметтік саланы дамытудың негізгі бағыттары, тіл саясаты туралы хабардар етті. Жер реформасы жөніндегі рес­­пуб­­ликалық комиссияның мүшесі Қ.Айтаханов көпшілікке Комиссияның жұмысы жайлы және Жер кодексі өзгерістерінің маз­мұны туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол халықты толғандырып отыр­ған сұрақтарға жауап берді. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев пен Бақытбек Смағұлов Шекара қызметінің Үшарал және Күршім жасақтарына сапармен келді. Халық қалаулылары шекарашылардың әскери-жауынгерлік қызметімен, олардың тұрмыстық жағдайларымен танысты. Бақытжан Ертаев «Өріл» және Р.Батырханов атындағы заставаларды барып көрсе, Бақытбек Смағұлов «Сарыбөктер» зас­тава­­сының шекарашыларымен кездесті. Сапар барысында депут­тар мемлекеттік шекараны күзетуде қолданылатын техни­ка­лық құралдарды, инфрақұры­лым­дар­ды көрумен қатар, шекара бойында орналасқан елді мекен­дердің тұрғындарымен де жүз­десті. Кездесу кезінде депутат­тар мемлекет тарапынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолын­дағы атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталды. Бұл салада шекара­шы­лар­дың алатын орны да сөз болды. Сапар соңында депутаттар ұлан-байтақ жеріміздің бір бөл­шегін күндіз-түні күзетіп жүр­ген шекарашы сарбаздарға тәуел­сіздік ұғымының мән-мағына­сын түсіндіріп, аса жауапты қыз­­мет­­теріне табыс тіледі. Ал ақын­ды­ғымен белгілі Бақытбек Смағұлов мемлекеттік шекара сақшы­ларына өзінің кітаптарын сыйлады. Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының парламенттегі фракциясының мүшесі Сапархан Омаров Солтүстік Қазақстан облысында партияның өңірлік филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады, Петропавл қаласындағы «Юди-Дент» тіс емханасының жұмысымен және Қызылжар ауданындағы «Левин В.Д.» атындағы жеке кәсіпкердің өндірісімен танысты. Қабылдауға келген солтүстік­қазақ­стандықтар Степногор кен байыту комбинатының қал­дықтарды кәдеге жарату жөніндегі желінің пайдалануға берілуін ұйымдастыру, облыс аумағында қатты нығыздалған кірпіш өндіру үшін ғимарат бөлу мәселелерін, зейнетақының дұрыс есептел­меуі сияқты мәселелерді көтерді. С.Омаров қойылған сұрақтарды бақы­лауға алатындығын және олар бойынша тиісті депутаттық сауалдар жолдайтындығын айтты. Мәжіліс депутаты сол күні жыл басынан бері жұмыс істеп келе жатқан «Юди-Дент» тіс емханасының жұмысымен танысты. Бұл «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағ­дар­ламасы бойынша ашылған екін­ші тіс емханасы болып отыр. Онда депутат клиниканың пациент­терімен әңгімелесті. Әңгі­ме барысында бұл жердегі бағаның солтүстікқазақстандықтар үшін ыңғайлы екендігін атап өтті. Мәжіліс депутаты жеке кәсіп­керлердің жұмысымен де танысу үшін Қызылжар ауданындағы жиһаз шығаратын «Левин В.Д.» ЖШС дүкеніне бас сұқты. Ком­панияның цехтарында 70-тен астам жиһаз түрлері шығарылады, оның өнімдері Астана, Алматы және Қазақстан мен Ресейдің кей­бір өңірлері тұрғындарының сұра­ныстарына ие болуда. Мәжіліс депутаты Майра Айсина Ақмола облысындағы жұмыс сапары шеңберінде Ақмол ауылының жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған әйелдеріне арналған тренингке қатысты. Кездесуге келген ауылдың қыз-келіншектеріне «жасыл технологияларды» пайдалана отырып, өз ісін қалай ашуға болатыны туралы айтылды. Депутаттың айтуынша, ЭКСПО-2017 қарсаңында жобаға қатысушылар – «Нұр Отан» партиясының әйелдерді қолдау жөніндегі сараптама тобы «Жасыл» экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту» коалициясымен бірлесе отырып, Астананың маңайында өзіндік ерекшелігі бар «қарсылап алу белдеуін» құру­ға, яғни халықаралық көрме­ге келетін барша жұртқа қолайлы жағдай жасауға тырысуда. Қыз-келіншектерді оқытып-үйретудің негізгі бағыттары – қонақ қабыл­дайтын үйлер, экологиялық таза жеміс-көкөніс өнімдері, кәдесый бұйымдары. М.Айсина «жасыл технология­ларды» пайдалану әйелдерге өз істерін одан әрі дамытуға мүм­кіндік береріне сенімді. «Болашақ – «жасыл технологияларда», «жасыл экономикада». Бұлар – рес­урс үнемдейтін, су үнемдейтін, жарық үнемдейтін технологиялар. Біз, біріншіден, экономиканы үйренуіміз керек, екіншіден, осы «жасыл технологиялар» бағытында дамуға тиіспіз. Біз ауыл әйелдерін ғана оқытып-үйрете бастадық. Өйткені, ауыл мәдениетін осылайша көтеруге болады деп ойлаймыз. Бүгінгі таңда қалада жасалып жатқан нәрселердің барлығын еш қиындықсыз, яғни қаладағыдай жағдайлармен ауылда да жасауға болады», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты. 2014 жылдан бері жоба аясында шамамен 5 мыңдай қыз-келіншек бизнес-сауаттылық не­гіздеріне оқытудан өтті. Тре­нинг­тер Алматы, Ақмола және Қара­ған­ды облыстарында жүйелі түрде өткізіліп жатыр. Өткен жы­лы Ақмола облысы Аршалы ау­даны­ның Арнасай ауылында «Жасыл технологиялардың» халық ака­демиясы» білім беру орталығы ашыл­ды. Ол жерде оқып-үйренуге ниет білдірушілердің барлығы «жа­сыл технологияларды» пайдалану бойынша оқудан өте алады, со­дан кейін оларды қолдануды био­ве­гетарийден тікелей көре алады. Мәжіліс депутаты Марат Бопазов Алматы облысына жасаған сапарында Матай ауылының тұрғындарымен кездесті, зейнеткерлермен әңгімелесті, Ақсу ауданының әлеуметтік нысандарын аралады. Кездесудің басты тақырыбы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, халық қалаулыларының заң шығарушылық қызметі болды. Мәжіліс депутаты, сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өтініш­терін, атап айтқанда, жергілікті мәде­ниет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселені назарға алды.