Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейбітшілік пен келісімнің 20 жылы: еркіндік, бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық семинар-жиналысы өтті.
«Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендігімізге қол жеткізген сәттен бастап, бүгінгі күнге дейін халықтар достығы мен ұлтаралық татулыққа ерекше назар аударып келеді. Бұл қазақ жеріндегі өзге этностарға жасалған құрметтің анық дәлел-айғағы. Бұл ретте, халықтар достығы негізінде жұмыс жасап келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының маңызы зор болса, республикалық деңгейде өткізілген семинар-жиналыс отырысы бұл күні екі секция арқылы жүзеге асты.
Пленарлық мәжіліс мақсаты – қазақстандық барлық ұлт өкілдерінің бірлігін, келісімін, татулығын, олардың еркіндігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сонымен қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясы негізінде туындап жүрген мәселелерді шешу жолдарына арналды. Қанатының астындағы 130-дан астам ұлт пен ұлыстарға бір атаның балаларындай көзқарас танытуды басты мақсат ету жолында құрылған Ассамблея ісі – қасиетті іс. Оған пленарлық мәжіліс барысында көз жеткіздік. Қазақстандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құралған отырысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ҚХА жанындағы ғылыми-бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Онда 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу шараларына ерекше көңіл бөлінді. Бұл жөнінде пленарлық мәжілістің модераторы Ералы Тоғжанов кеңінен баяндады.
Пленарлық отырыстың ең ұтымды жағы аймақтық ассамблеялар хатшылықтарының, министрліктер мен ведомстволардың өзара қарым-қатынасын ұйымдастыруда өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, мемлекеттік органдар мен аймақтық хатшылықтардың өкілдері өздерін толғандырып жүрген сұрақтар төңірегінде сөз қозғауымен байланысты болды. Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов сөзінің барысында министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Пленарлық отырыстан кейін, этносаралық қатынастар саласында жұмыс жүргізу және ғылыми жобалар мен әлеуметтік зерттеулерді іске асыру әдістемелері, олардың тәжірибедегі тиімділігін арттыру бойынша жан-жақты пікір алмасулар мен кеңестер өтті. Аймақтық ассамблеялар меңгерушілері мен ғылыми-сараптамалық топ басшыларына арналған басқосу екінші секция жұмысы арқылы жалғасын тапты.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.