• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2016

Қанатымен ән сепкен Қарлығаш

563 рет
көрсетілді

   Аласапыран күндерде атқа қонып, тағдыршешті кезеңде табандылық танытып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен көріктілер қазақ тарихында аз емес. Қос білегін сыбанып, соғысқа да сұранып, майдан даласында қару ұстаған арулар да болған. Оның бәрі Отанға деген маздаған махаббаттан пайда болса керек-ті. Бұл орайда әркім өз сезімін әртүрлі жолмен жеткізетіні белгілі ғой. Біреулер қанымен, біреулер жанымен, енді біреулер әнімен білдіріп жатады. Сахнаны саялап, саздың сүйемелдеуімен санасындағы сарқылмас сезімін, Атамекенге деген орны бөлек лебізін ән арқылы жеткізіп жүрген жандардың қатарында Қарлығаштың да өзіндік өрнегі бар. Жастарды отан­сүйгіштікке тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүрген ол Қазақ Ұлттық музыка академиясында білім алып, Ербол Сариннің сыныбына түседі. Кейін осы оқу орнының магистратурасында оқығанда жезтаңдай әнші Қайрат Байбосыновтан тәлім алады. Содан болу керек, Қарлығаш қай кезде де өнер бәйгесінде алдыңғы шептен көрініп келеді.  Аз ғана мерзімнің ішінде Мағжан Жұмабаев, Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев атындағы байқаулар мен «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы атанып үлгерді. 2011 жылы Қызылжар қаласында Мағжан Жұмабаевқа арналған «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!» атты фес­тивальде ақынның өлеңдеріне жазылған жаңа әндер аталымы бойынша белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаевтың «Сарыарқа – сайран жерім-ай!» әнін орындап, бас жүлдеге ие болған еді. Одан кейін Ақтөбе қаласында болған кезекті өнер сайысында да қатарластарынан бағы басым түсіп, оның да бас жүлдесін қанжығасына байлайды. Сол жарыстан кейін Италиядағы халықаралық байқауға жолдама алады. Осы 2013 жылы Римде өткен «Джованни Кантано иль Мондо» байқауында Қарлығаш Аббасова екінші орынды еншілеп қайтқанын сүйіншілеп жазған ақпарат беттерінен байқаған болатынбыз. Италияға Швейцариядан, Ресейден, Норвегиядан, Франциядан, Украинадан, Белоруссиядан және т.б. мемлекеттерден 356 қатысушы жиналған. Бұл байқаудың бірден-бір ерекшелігі мұнда тек ұлттық өнер түрлері ғана ұсынылды, дейді Қарлығаш. Қазылар алқасының мүшелері біріншіден вокал сапасын, орындау техникасын және артистизмді бағалаған. Біздің жерлесіміз «Домбырамен ән айту» аталымында өнер көрсетіп, халық әні «Бұлбұлым» мен Естай Беркімбаевтың «Сандуғаш» әнін шырқап, шетелдің сахнасынан қазақ­тың абыройын асқақтатып қайтқан еді. Қазіргі уақытта Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қарулы Күштерінің ұлттық әскери патриоттық орта­лығында қызмет етіп жүрген Қарлығаш «Ана туралы баллада» дейтін бейнебаянымен де белгілі. Сұрапыл соғыстың сұлбасын сурет­тейтін, сындарлы сәттерден сыр шертетін клиптің әсері әсте бөлек. Бауыр еті баласын майдан даласына аттандырған ананың қарс айырылған жүрегі, қапаланған реңі, үміт пен күдікке толы күтумен өткен күндері бәрі-бәрі осы бейнебаянның бейнесін ашып тұрғандай. «Адам біреуге ұстаз болып оны тәрбиелеу үшін, ол ең бірінші өз-өзін тәрбиелеу керек. Қаншама жыл жинаған білім мен тәжірибені ұштастыра білген ұстаздың шәкірттері де осал болмайды деп ойлаймын. Сол себепті мен ең бірінші өзімнің өнерім арқылы дүйім жұртты мойындатып, мойынын бұрғыза алсам, сонда ғана мұғалімдік мұратты жүзеге асыра алам дер едім. Өзім тәлімін алып, тәрбиесін көрген ұстаздарыммен қалай мақтансам, ертең мен дайындайтын шәкірттерім де менімен солай мақтана алатын дәрежеге жетуді көздеймін», дейді Қарлығаш. Қарлығаштың өзі айтпақшы, «сахна салғырттықты көтермейді» дегендей оған таймас табандылық пен шығармашылық шыдамдылықтың қажет екені даусыз. Сонда ғана машақат марапатқа айналғанын көресіз. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»