• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2016

Қажымұқанның 145 жылдық мерейтойы атап өтілді (фото)

781 рет
көрсетілді

Астана іргесіндегі Қажымұқан ауылында қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 145 жылдық мерейтойы атап өтілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен қатар келген той мерекелі шараларға жалғасып, спорт сайыстармен өрнектелді. Алдымен Целиноград ауданының әкімі Малғажар Тәткеев балуан бабамыз жайлы естеліктер айтып, шараның маңыздылығын атап өтті. «Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 145 жыл толуы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен қатар келіп отыр. Мен ауыл тұрғындарын және қонақтарды осы қос мерекемен құттықтаймын. Бүгінде Қажымұқан ауылы гүлденіп, өсіп-өркендеп келеді. Біз 2014 жылы бабамыздың ескерткішін орнаттық. Айналасын қоршап, абаттандырдық. Мектепте оған арналған шағын мұражай аштық. Осы арқылы өскелең ұрпаққа батыр баба ерлігін, Отанға деген сүйіспеншілігін, боз кілемдегі жарқын жеңістерін айтып, насихаттауды қолға алдық. Тағы бір айта кетерлігі, Қажымұқан атамызға арналған осы шараның өтуіне аудан, ауыл кәсіпкерлері қол ұшын созып, ақсақалдар алқасы мұрындық болды. Баршаңызға зор алғыс білдіремін», – деді аудан әкімі. Сонымен қатар, Малғажар Тәткеев тойдың өтуіне атсалысқан бір топ азаматтарды марапаттап, алғыс хат табыс етті. Мұнан соң сахна төріне осы ауданның тумасы, күш сынасудан әлемдік сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Сергей Цыркульников көтеріліп, үлкен шеге майыстырып, шынжыр үзіп, шегелерді ағашқа қолымен қағып халықты таңғалдырды. Ең бастысы, ол үлкен-үлкен 12 шегені 1 минут 41 секундта майыстырып, әлемдік рекордты жаңартты. Бұған дейін 6 шегені 2 минут 35 секундта ресейлік балуан бұрап тастап әлем рекордын өзгерткен екен. Шара барысында күрес, кір тасын көтеру секілді спорттық ойындар ойналып, күшті жігіттер темір техниканы сүйреді. Талғат РАЙЫМБЕК