Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған 9 тамызда Санкт-Петербургке келеді. Түркия вице-премьері Мехмет Шимшек ресейлік әріптесі Аркадий Дворковичпен кездесуі барысында осылай деді.
«Елші мырза біздің құрметті президентіміздің (Реджеп Тайип Ердоған) тамыздың 9-ында Петербургте болатынын растап берді», - деді Шимшек.
Түрік вице-премьері бұған екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жеделдетіп қалпына келтіру керек болып тұрғанын қосты.
Аркадий Дворкович өз кезегінде Түркияның су-24 ұшағын атып түсірілгені үшін кешірім сұрағаны Анкара мен Мәскеудің арасындағы байланысты қайта қалпына келтіруге жол ашып бергенін жеткізді. Шенеуніктің айтуынша, Шимшекпен арада жүргізілген келіссөздер Санкт-Петербургте екі ел президенттері кездесуі үшін «мазмұнды негіз» жасап беруге тиіс.
«Біз конструктивті келіссөздерге дайынбыз. Біздің кездесулерімізден кейін министрлер деңгейінде кездесулер өтетін болады. Екі жақтың қарым-қатынасын қалпына келтіру сауда-экономика саласындағы іс-қимылды біртіндеп жандандыру мақсатында кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс деп есептейміз», - деді Ресей вице-премьері.
Ресей мен Түркия арасындағы дағдарыс өткен жылдың қараша айында түрік истребителі Сирия аспанында Ресейдің Су-24 бомбардировщигіне шабуыл жасағаннан кейін пайда болды. Ресей президенті Владимир Путин мұны терроршыларға болысу мақсатындағы «ту сырттан соққы беру» ретінде бағалады. Осыдан кейін Анкарамен арада экономикалық қарым-қатынасқа тосқауыл қойылды.
Екі арадағы суық қабақ биылғы маусым айында Ердоған атып түсірілген ұшақ пен қаза тапқан ұшқыш үшін кешірім сұрағаннан кейін біртіндеп жыли бастады.
Түрік президентінің Ресейге келуі Анадолы жерінде мемлекеттік төңкеріс орын ала жаздағаннан кейін жүзеге асқалы тұр. Бүлікшілдер көтерілісі басылды. Оған қатыстары бар 10 мыңнан астам әскерилер мен азаматтар тұтқынға алынды. Елде осындай дүмпу болғалы жатқанын Сирия жеріндегі Ресей әскерилері түрік әскерилерінің бір-бірлерімен сөйлескен радиосигналдары арқылы анықтап, оны жылдам түрік басшылығына жеткізді. Соның нәтижесінде Реджеп Тайип Ердоған аман қалды. Мұның соңынан бүлікшілдерді ауыздықтауға қол жетті. Бұған түрік халқының көшеге шығып, өз елі президентіне қолдау көрсетулерінің әсері аз болған жоқ.
Ал Ресей ұшағын атып түсірген түрік ұшқыштары қамауға алынды.
Мұрат АЙТҚОЖА