• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

Аткинсон ұрпақтары – Астанада

720 рет
көрсетілді

  Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қар­саңында Астанада Ұлттық акаде­миялық кітапхананың ұйым­дастыруымен Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия корольдігін­дегі елшілігінің, сондай-ақ, Қазақ гео­графиялық қоғамының қолдауымен ағылшын жазушысы, журналист Ник Филдингтің «South to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan, 1847-1852» («Оңтүстікке Ұлы далаға: 1847-1852 жылғы Томас пен Люси Аткинсонның Шығыс Қазақстанға саяхаты») атты кітабының тұсаукесері өтті. Алқалы жиынға қатысқан Мем­лекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Ол заманда ұшақ жоқ, тек ат-шанамен, жаяу жүріп, небір қиындықтар көріп, қақаған қаһарлы қыста ұлын шетінетіп алмай, оны аман-есен еліне алып қайтуының өзі таңғаларлық нәрсе! Томас Аткинсон саяхаттаған Тамшыбұлақ өте қасиетті жер! Соның қасиетін білгеннен соң ұлының атын солай қойған» деп атап өтті. Сағым ойнаған сайын дала­мызға сапарлап, саяхаттап кім­дер келіп, кімдер кетпеген... Бі­рі барлаушы, бірі миссионер, бірі бас еркінен айырылған байғұс, тағысын тағылар. Олардың ойында не бол­ғанын қайдан білейік. Әйтеуір еш­қайсысының қызық қуып қы­дырып, құдалық құрып, құйрық-бауыр жесіскелі келмегені анық. Әрине «әр кәлләда – бір қиял» болған. Бірақ біздің бабаларымыз баяғы қонақжайлық салтымен қойын сойып, қолын қусырып солардың бәрін жаны қалмай жалбақтап күткен. Иә, жатжерлік жиһангерлер ұшқан құстың қанатын талдыратын ұлан-ғайыр қиырларымыз­ды әрі-бері өткенде тек тамсана тамашалап қана қоймай, көрген-білгендерін тасқа бас­тырып, тағылымды жазба­лар қал­дырған. Мәселен, сонау ХІІІ ғасырда Франция королі То­ғызыншы Людовиктің тапсырмасымен Моңғол ханы Мөңке­нің Қарақорымдағы ордасына жаяу-жалпылап барған Виллем Руб­рук жол-жөнекей Арал, Бал­қаш, Отырарды басып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерулеп, Талас жағасындағы Таразды көріпті. Тамғалы петроглифтеріне таңданып, Алтын адам табылған Есік қорғанын алыстан шолған. Ұзын-ырғасы 38 тараудан тұ­ратын күнделігінде ол қазіргі Қазақстан аумағындағы біраз жер-су аттарын хатқа түсірген. Сондай-ақ, арғы аталарымыз­дың тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты детальдарды оқуға бо­лады. Кейбірін келтіре ке­тейік. «...Олардың үйлерінің керегесі торкөздене тоқылған ағаштардан құрастырылған. Төбесінде дөңгелек тесігі бар. Жан-жағы киізбен жабылған. Іші-сырты әдемі өрнектермен әше­кейленген» немесе «...Оның қышқыл дәмі жаңадан ашытылған шараптай тіліңді тыз еткізеді. Ішкенде аузыңа сүттің дәмі келіп, қаныңды қыздырады». Айтып отырғаны «бір аяқ қымыздың – екі аяқ желігі» ғой. Одан беріде Марко Поло, Адольф Янушкеевич, Густав Зе­линский, тағы басқа тарлан­дар Қазақстан жайында кітаптар жазғаны көкірегі ояу оқырманға белгілі. Бұларды тегіс түгендеу міндет емес. *** Ал, енді мақаламыздың та­қы­рыбына шығарып ардақтаған Аткинсонға келейік. Атақ-даң­қы алыстарға тараған Томас Аткинсон ержүрек ағылшын сая­хатшысы. Жеті жыл, жеті ай Ресейдің азиялық бөлігін атпен, арбамен, қайықпен шарлап, алпыс мың шақырымнан астам жол жүрген. Мәскеу, Санкт-Пе­тер­бургте болып, орыс патшасы Николай Біріншімен кездес­кен. Император өз елінің Ан­­глиямен қарым-қатынасы онша еместігіне қарамастан, оны жы­лы қабылдап, қалаған жағына кедергісіз са­пар­лауға рұқсат берген. Соған қарағанда альбиондық ақ берен кісідегінің кілтін ала білетін­­дей алымды-шалымды болған-ау шамасы. Сойы бөлек сайыпқыран содан Оралды, Алтайды, Қиыр Шы­­ғысты, Батыс Сібірді, Шығыс Қазақстан, Жетісуды кезіп кете барған. Адам жатырқамайтын Ат­кинсоныңыз ала-құла қоғамның әртүрлі өкілдерімен алғаусыз араласыпты. Барлығын бауырына тартыпты. Дініне, тіліне, діліне қарай бөлмепті. Қазақтың бай-бағландарымен де, жалбыр тымақты жарлы-жақыбайымен де, орыстың ояздарымен де, шек­пенді шенеуніктерімен де, соқасын сүйреткен шаруасымен де, монархияны мойындамай итжеккенге айдалған декабрис­термен де тең атаның баласындай сырласыпты. Ең бастысы, жәй жүрмей айналасынан алған әсерлерін қойын дәптеріне қотарып, ақ қағазды айғыздап, қарындашпен қаптатып сурет салған. Олардың ішінде асыл текті Абылайдың ұлдары Сөк, Бексұлтан төрелердің, қарапайым қазақтардың тұрмыс-тіршілі­гін бейнелейтін этнографиялық этюдтер, көркіне көз тоймас өл­кеміздің таңғажайып табиғатын өрнектеген пейзаждық көріністер өте көп. Отанына оралған соң осы­ның бәрін кітапқа кіргізіп, кең-байтақ еліміздің киелі бір пұшпағы туралы айшықты акварельдермен безендірілген та­нымдық сипаты мол, деректік құндылығы зор тарихи-жағ­рапиялық альбом шығарғаны әмбеге аян. *** Тау асып, тас басып талай жердің дәмін татқан Томастай ат жалындағы азаматтың жан жары Люси де күйеуімен бірге небір тар жол, тайғақ кешулер­ден тайсалмай өткен. Құлай сүйген қосағының қосын тартып, қиын-қыстау сәт­терде қа­сынан табылған. Біраз уақыт Санкт-Петербургтегі сар­­сүйек зия­лылардың үйінде қыз­мет іс­тегендіктен орысшаға да жетік­теу болған тәрізді. Ел ақтаған екеу 1848 жылы Семейде серуендеп, Аягөзде аял­дап, жолшыбай Алакөл, Бал­­қашта байырқалап, аққу ұшып, қаз қонған Ақсу, Тентек, Сарқан, Басқан бойындағы көне қорғандардың көп сырын көкейге тоқып, Ба­тыс Сібір генерал-губернаторы П.Горчаковтың ақы­лымен Алаш­қа аттары мәлім би-сұлтандармен сұхбаттасып, ақырында аяңдап Қапалға же­теді. Бұл жөнінде бел­гілі жазушы Сергей Марков «Ас­қарға ат­­танғандар» романында бір­шама баяндайды. Жанкешті жұ­байларды Жетісу әкімі барон Александр Врангель мен казак әскерлерінің командирі Степан Абакумов құшақ жая қарсы алған. Жақында ғана қала мәртебесін алған Қапалыңыз ол кезде әлі қа­лыптаса қоймапты. Қарағайдан қиып салған ауқаттылардың қос қабатты ағаш үйлері кейінірек бой көтерген. Сондықтан ерлі-зайыпты Аткинсондар алғашында жертөледе тұрыпты. Жергілікті бишігештер әрі-бері шапқылап, әрең темір төсек әкеп беріпті. Сонымен қойшы, сол жылы қарашаның 4-де Люси айы жетпей босанып, алтын асықтай ұл туыпты. Ақылды ағылшындар арып-ашып жүргендерінде азды күн нанын жеп, суын ішкен қазақтардың құрметіне баласына Алатау-Тамшыбұлақ деп ат қойыпты. Елдің иесін, жердің киесін сыйлаудың жарқын бір үлгісі осындай-ақ болар, сірә! *** О, он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Қапалыңызға атақ­ты Верный астар келмеген. Әу бас­та әскери бекініс ретінде салынып, артынан Алатау округінің әкімшілік орталығына айналған. Оқалы киімді орыстың озбыр ұлықтары осында отырып, Ұлы жүз қазақтарын билеген. Оның үстіне Қытай шекарасына жақын орналасқан. Базарға бай Орталық Азияға да іргесі тиіп тұр. Тоғыз жолдың торабындағы осынау мекен Ресейдің ішкі-сырт­қы саясатында қандай ма­ңызды орын алғандығын Шоқан Уәлиханов өзінің «Русский инвалид» журналының 1865 жыл­ғы №51 санында жарияланған «Қы­­тай империясының батыс өлкесіндегі дүнгендер көтерілісі туралы» мақаласында айрықша ашып көрсеткен. «Не думаю, что нашлось очень много из читателей русских газет, которые бы знали то место, из которого я пишу Вам мое письмо, и хотя бы приблизительно могли указать не карте Капал. А между тем знание этого пункта не показывает одного только исключительного знакомства с географиею, оно указывает и на степень того интереса, которым проникнуто наше общество к своим политическим делам отдаленных пределах Россий» делінген онда. Сол кездің өлшемімен алған­да сән-салтанаты келіскен ша­ғын шаһарға әлемге әйгілі сая­хат­шы-ғалымдар жиі соққан. Аткинсондар міне, солардың сойынан. *** Аталарымыз біліп айтқан: «Өт­кен күннен белгі бар». Ат­кин­сондар аман-есен еліне барып, естерін жиған соң «Восток и Западная Сибирь», «Путешествие по Нижнему и Верхнему Амуру», «Воспоминания о  Татарских степях и обитателях» дейтін кітаптар шығарды. Кіндік қаны қасиетті Қапал топырағына тамған Алатау Ат­кинсон Британияда білім алып, Гавай аралында қызмет етіпті. Жеті бала тәрбиелеп, өсіріпті. Га­зетке редакторлық етіпті. Бұрнағы күні Ұлттық ака­де­миялық кітапханада жан тебі­рентерлік жақсы жаңалық болды. Саңлақ саяхатшылардың саналы ұрпақтары алыстан ұшақ мініп Астанаға арнайы шақырумен келіпті. Тіпті, бір-екеуі кезіндегі атасы мен әжесінің киім үлгісімен киініп алыпты. Журналистермен жүздесіп, Тәуелсіз Қазақстанның халық­аралық аренада айтарлықтай орын алатындығынан хабардар екендіктерін білдірді. Өздерін  Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мов қабылдағанын мақтанышпен жеткізді. Кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева кіріспе сөз сөйлеп ашқан кездесуде ұлыбритания­лық қаламгер Ник Фильдингтің ағыл­шын тілінде жарық көрген «Оңтүстікке, Ұлы далаға: Томас және Люси Аткинсондардың Шығыс Қазақстанға 1847-1853 жыл­дардағы саяхаты» дейтін кі­табының тұсауы кесілді. Отан­дастары осыдан неше жүз жыл бұрынғы ізімен жүріп өткен автор шығармасының жазылу тарихына тоқталып, болашақта оның қазақ оқырмандарының рухани олжасына айналғанын қалайтынын жасырмады. Жалпы, Аткинсондардың кітаптары да ана тілімізге аударылса біткен істің бірі болар еді. Н.Фильдинг слайд арқылы залға жиналған зиялы қауым өкілдерін Т.Аткинсонның туып-өскен ортасымен, Қазақ сахарасынан эскиздерін салып әкелген суреттерімен кеңінен таныстырды. Сөйтсек, бұл Аткинсоныңыз әмбебеп, адам болыпты. Әкеден ерте айырылып, әуелі кәсіптің басын шалыпты. Архитектор ма­мандығын меңгеріп  өзінің туған қаласындағы бірқатар ғи­мараттарды жобалауға қаты­сыпты. Әдеби туындыларды құмарта оқып, қылқаламға жиі қол артқан. Баз-базында флейтада ойнап, көңіл көтеретін әдеті де жоқ емес көрінеді. Германияға барғанында атақты Александр Гумбольдпен пікірлескен соң аңсары саяхат әлеміне біржола ауған сияқты. Алқалаған әлеумет алдында Аткинсонның бүгінгі үрім-бұтақтары саналатын Пол Далк­вист, Белинда Браун, Филип­па Смит, Рауз Уайтхед арқалана сөй­­леп, ұлы бабаларын ұлықтаған қазақ халқына ағынан жарыла алғыстарын жаудырды. Байыпты басқосуға қатыс­қан мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Мем­лекет тарихы институтының ди­­ректоры Бүркіт Аяған, тарих ғылымдарының докторы Зия­бек Қабылдинов, белгілі жазу­шы Шәрбану Бей­сенова төл та­рихымыздың төрт құбыласын түгендеуге қомақты үлес қосқан Аткинсондардың ерен еңбектері елеп-ескеруге тұрар­лық екеніне ерекше екпін түсіре әңгімеледі. Осылайша Ақордалы Астанада Аткинсон ұрпақтарына лайық­ты сый-сияпат жасалды. Енді олар Алматы облысына барып, Тамшыбұлақтың таңдайдан кетпес таза суынан дәм татпақ. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан Омаров