Қазір азаматтық пен адамгершіліктің деңгейі төмендеп кеткенін көріп жүрміз. Соның ішінде полиция қызметкерлеріне қатысты әрқилы пікірлер айтылатыны да жасырын емес. Бірақ, қоғамдағы бірен-саран кемшілікті жалпы жұрттың бәріне таңудың реті жоқ. Арының тазалығына, азаматтығына кір шалдырмағандар қашанда болған, бола береді. Мәселен, үстіміздегі жылғы 10 мамырда Ырғыз селосы бойынша қоғамдық қызметті қамтамасыз ету кезінде жергілікті полиция қызметкері Абзал Тұрабаев Ырғыз селосынан Нұра – Тәуіп ауылдары бағытындағы көпір тұсында дауыстап көмек сұраған екі қыз баланы байқап қалды. Олар Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің оныншы сынып оқушылары болып шықты. Әйгерім атты қыз суға батып бара жатқан соң құрбылары көмекке шақырған екен.
Оқиғаның мән жайын түсінген Абзал еш кідірместен қызметтік киімімен өзеге қойып кетіп, қыз баланы жағаға алып шығады. Біз Абзалмен сөйлескенде ол мұны ешқандай да ерлікке санамайтынын айтты. Ол дұрыс. Өйткені, бұл оның міндеті. Ал міндетті орындау – полицияның қызметі. Ендеше, оны ерекше дабыра қылудың қажеті жоқ. Тек бар полиция біткен сондай болса екен дейміз. Отбасындағы бес баланың бірі Абзал ішкі істер органында кезінде қызмет еткен атасы Тұрабайдай болсам деп армандаған екен. Ол 2009 жылы ішкі істер бөліміне қызметке кірген. Қазір ол – жол-патрульдік қызметінің аға сержанты. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық қашанда қызықтыра түседі.
– Мен полиция қызметкерінің жинақы және тәртіпті жүретініне қызығып өстім. Сондықтан өз мамандығыма кір шалдырмауға тырысамын, – дейді ол. Сол айтқандай, Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясының түлегі бұл күндері қоғамдық тәртіп сақтауға лайықты үлесін қосып жүр. Ол әріптестері арасында беделді әрі абыройлы. Өйткені, ажал аузынан қалған балалардың ата-аналары азаматтық ісімен көрінген Абзал Тұрабаевқа шын ниеттен ізгі тілектерін білдіреді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,