• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Алақанға сыйған әлем

303 рет
көрсетілді

KazEOSat жерсеріктері қаланың көпіріне дейін бақылап тұр Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен адамзат баласының ғарышқа ұшуына 55 жыл толуына орай Астана­дағы Ұлттық ғарыш орталы­ғы БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистер қауымын «Ғарыш қалашығының» жобасымен және Қазғарышқа ведомстволық бағы­нысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы қызметінің тыныс-тіршілігімен оның пре­зи­денті міндетін атқарушы Марат Нұрғожин таныстырды. Елбасы Жарлығымен құрылып, қызметке кіріскен бұл ұлттық ком­панияның қызметі бүгінде үш негізгі бағытта жүргізіледі. Оның бірі – ғарыш қызметі саласында ағымдағы, ұзақ мерзімді және салааралық бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу болса, екіншісі – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық міндет­терін шешуге бағытталған ғарыш технологияларын енгізу және үшін­шісі – ғарыш жүйелері мен кешендерін құру жөніндегі тәжі­рибелік-конструкторлық жұмыс­тарды жүргізу болып табылады. БАҚ өкілдерін «Ұшуды бас­қару орталығы» залына бастап кел­ген Марат Рахмалыұлы бұл жер­­де әлем тура алақандағыдай көрі­­нетінін айтады. Бұл, әрине, өзі­міз­дің отандық «KazEOSat-1» және «KazEOSat-2» ғарыштық жер­серік­терінің тікелей көмегімен жүзе­ге асады. Сонымен қатар, бұл күнде еліміздің «қос қанатына» айнал­ған аппараттарымызды бақы­­л­ау ар­қы­лы, осы жерден бас­қары­ла­ды. Біз аталған залға кірген бет­те-ақ алып мониторлы экраннан зең­гір көкте қалықтап жүрген қос қар­лы­ға­шымызға – KazEOSat-1 мен KazEOSat-2 жерсеріктеріне көзіміз түсті. Санды деректерден құрал­ған коор­динаттарды оқыған маман­дар­дың мәлімдеуінен түйгеніміз, «KazEOSat-1» жерсерігі Үндістан үстінен ұшып бара жатқан болса, «KazEOSat-2» Алтай тауларының басын шалған ақ бұлттың арғы жағында жүзіп барады. Айта кетейік, 2014 жылдың 30 сәуірінде Куру ғарыш айлағынан (Франция, Гвиана) KazEOSat-1 айыру қабілеті жоғары тұңғыш қазақстандық жерсерігі құрылғысы табысты ұшырылды. Бұл бірінші қазақстандық Жерді қашықтықтан зондтау жерсерігі аппаратының түсіру өнімділігі тәулігіне 220 000 шаршы шақырымды құрайды. Ал түсіру алабының ең ұзындығы – 2000 шақырым. KazEOSat-2 – екінші ғарыш аппараты ел Үкіметінің тапсырысы бойынша «SSTL» британдық компаниясының «SSTL-150+» жерсеріктік платформасы негізін­де жасалған. Жоғары дәлдікті жер­серіктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымы 2014 жылы іске қосылған болатын. Екі жобаның да мақсаты еліміздің аумағында ғаламдық навигациялық жерсеріктік жүйелердің ақпарат тұтынушыларын сапалы қызмет­терімен қамтамасыз ету болып табылады. Атап айтқанда, карто­графия мен геодезия; жерге орна­ластыру және кадастр; ауыл шаруашылығы; геологиялық бар­лау жұмыстары мен ұлттық қауіп­сіздік сынды көптеген сала­лар­дың қызметін жеңілдететін аппа­рат­тарымыздың игерілмей жат­қан әлеуеттері әлі де болса баршылық. Астанадағы «қисық көпір» ғарыштан бақыланады Жоғарыда «қос қарлығашы­мыздың» межеленген мақсат-міндетін айтып өттік. Енді, соның айғағы ретінде нақты бір мы­сал келтірелік. Қайбір жылдары Астана қаласындағы қоғамды дүр сіл­кін­дірген «қисық көпірдің» шы­нын­да да қисық салынуы жұрт­тың жағасын ұстатқаны жасы­­рын емес. Бөгенбай даңғылы мен Алаш тас жолының түйіскен тұсын­да жүргізілген күрделі құры­лыс ныса­нын салу барысында кет­кен олқы­лық кейіннен қайта түзе­ліп, қалпына келтірілгені бар. Алай­да, бірнеше жыл мерзімінен кешеуіл­деп қолданысқа беріліп, бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жат­қан бұл көпір қазір асқан дәл­дік­пен мұқият бақылауда екенін біреу білсе, біреу білмес. KazEOSat-2 аппаратының көме­гі­мен ғимараттардың, ин­же­нер­лік құрылыстардың, стра­те­гия­­лық маңызды нысан­дар­дың (АЭС, ГРЭС, ГЭС), бөгет­тер­дің, дамбалардың жағдайына мони­торинг жүйесін енгізу және төтен­ше жағдайлардың алдын алу есе­бінен арттыруды қамтамасыз ету көзделген. Дәлдігі жоғары отан­дық навигация жүйесінің жұмы­сын Дифференциалды түзету және мони­торинг орталығын көріп, сәй­кес­тікті бағалау зертханасын ара­­ла­­ғанда жете түсінгендей болдық. Асылында, біз әрі-бері зымы­рап күнде өтіп жататын әлгі «қисық көпірімізді» осы ор­та­лық мамандары қалт жібер­­мей қада­ғалап-ақ отыр екен. Әрине, өзі­міздің отандық аппа­рат­тары­мыз­дың көмегімен. Бұл жердегі дәлме-дәлдіктің шебер ұштасатыны сон­шалық, көпір үстіндегі кептеліс мәселесі жайына қалады. Дөңес әрі бұрылысқа негізделген бұл өткелдің бір бұрышына орнатылған арнайы құрылғылар мұндағы көлік қозғалысының жылдамдығы мен жол жабындысының құрамын анықтап, оның астындағы металл-плита­лардың, тіреу-бағаналардың берік­т­ігін немесе оларға түсер салмақтан орын алатын ауытқу­шылықты миллиметрлік дәлдікпен айқындап бере алады. Демек, егер бұл жерде қандай да бір төтенше жағдай болу қаупі төнсе, оның алдын ала алатынымыз сөзсіз. Осылайша, Қазақстан тәуелсіз­дік жылдарында ғарыш саласын қарқынды дамыта алды. Бұған еліміздің халықаралық деңгейде жүзеге асырып жатқан жарқын жобалары дәлел. Мәселен, бүгін­гі таңда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ әлем­дік жетекші компаниялардың ресми дистрибьюторы болып табы­лады. Олардың қатарында өз еліміз бен Орталық Азия (Өзбек­­­стан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Түрік­менстан) елдері мен АҚШ, Канада, Корея сынды мем­лекеттердегі әріп­тес компаниялары жет­кілік­ті. Олар жерсеріктерінен оптика­лық және радарлы деректер тара­ту жөніндегі ақпараттар алмасу­да. Демек, еліміздің ғарыш сала­сы ғылыми-технологиялық мақсат­тағы салалық жүйесін құру арқы­лы ұлттық компания меншікті жоба­сын сәтті жүзеге асырып келеді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»