• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Бейнебақылау жүйесі әскери сотқа да жетті

272 рет
көрсетілді

Еліміздің Әскери сотының төрағасы Сәкен Абдуллаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның Әскери сот саласында заманауи ақпараттық технология­лар кеңінен қолданыла бастағанын мәлімдеді.   «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20-шы қадамында барлық сот процестерін дыбыс-бейне тіркеу құрылғыларымен қамтамасыз ету тапсырмасы белгіленген. Сот төрелігінің ашықтығы мен оның қолжетімділігінің көрінісі ретінде баға­ланатын мұндай жаңашылдықты жүзеге асыру туралы баяндаған Сәкен  Жүсіпахметұлы жылдың алғашқы жартысында сот процестерінің 99,4% дыбыс-бейне тіркеу жүйесін қолданумен қаралғандығын айтты. «Бүгінгі күні әскери соттардың сот отырыс залдарының 69,6%-ы дыбыс-бейне тіркеу жү­йесімен жабдықталған. Жыл соңына дейін барлық сот отырыс залдарын толығымен дыбыс және бей­не тіркеу құрылғысымен жабдықтау жос­парланған» – деді ол. Сонымен қатар, бүгінде сот отырыстарының қатысушыларын хабардар ету де автоматтан­дырылған. Отырысқа қатысушылар Сот кабинеті, СМС-хабарламалар, гибридтік электрондық пош­тамен қатар, мемлекеттік органдар арасындағы электрондық құжат айналым жүйелері арқылы хабарландыру тетіктері іске қосылған. Қазір соттар, соның ішінде әскери соттар да біржақты айыптаудан арыла бастаған. Мұны сала­дағы соңғы статистикалық көрсеткіштер де айғақтайды. Мәселен, бірінші жартыжылдықта қаралған қылмыстық істер бойынша барлық тұлға­лардың 2,1%-ы ақталған. Бұдан басқа, тарап­тардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған, мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қысқартылған, ақтау негіз­дері бойынша аяқталған қылмыстық істер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,6%-ға өскен. Есесіне, қазір айыппұл, қоғамдық жұмыс, бас бос­тандығын шектеу жазалары басымдық ала бастапты. Сондай-ақ, брифинг соңына қарай спикерлер БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап бере келе, Әскери сот төрағасы өткен жылы Ақтауда оқу-жаттығу кезiнде орын алған 4 әскери азаматтың қазасына қатысты қылмыстық iс алдағы күндері сот қарауына түсетiндігін айтты. «Қазiргi уақытта мамандар қылмыстық iс материалдарымен танысуда. Бас әскери прокуратураның мәліметінше 10 күн iшiнде қылмыстық iс Ақтау гарнизонының әскери сотына жiберiлуi тиіс» – деді Сәкен Жүсіпахметұлы. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»