• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Аймақты аралаған «Алтын адам»

324 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған тың жоба – «Ұлттық музей сенің қалаңда» мәдени туры Атырау қаласында жалғасын тапты. Келушілердің назарына «Ұлт­тық музейге саяхат» және 3Д гра­фикалық бейнероликтері ұсы­нылды. Жергілікті тұрғындар тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналған еліміздің ең құнды жәдігерлерінің бірегейі «Алтын адамды» тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Ұлттық музей атырау­лықтар назарына 10 сирек туындыны ұсынды. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен іс-шара «Музейдегі түн» акциясына ұласты. – Біздің «Музейдегі түн» акция­сын ұйымдастырудағы мақ­сатымыз – тәуелсіздіктің символы «Алтын адам» жәдігерін облыс халқы толық көрсе деген ниеттен туындаған. Сондай-ақ, жастарға құрт, жент, диірменмен тартып, тарыдан талқан алу секілді ұлттық тағамдардың дайындалу тәсілін, археология саласы бойынша қыш құмыра жасаудан шеберлік сабағын өткізу арқылы салт-дәстүрден алшақтамауды дәріптейді. Шараға келушілерге арнап «сынақ» ойынын ұйымдас­тырып отырмыз. Мәселен, екі топқа бөлініп, иінағашпен су тасу, ағаш үйді құру секілді ептілік пен күштілікті айқындайтын жайттардан сүрінбей өткендерге мұражайдың барлық жәдігерлер бөлмелерін аралап көруге, суретке түсу үшін тегін абонент беріледі, – дейді облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің директоры Рашида Хари­пова. Айта кетейік, «Ұлттық музей сенің қалаңда» акциясы биылғы 27 маусымнан Орал, Ақтөбе қала­ларынан бастау алып, қала тұр­ғындары ықыласына бөленген болатын. Үш күнге созылған мәдени турға Атырау облыстық әкімдігі қолдау білдірді. Қаршыға КҮЛЕН