АҚШ-та бұрын-соңды болмаған қонақүй ашылды. Манхэттен орталығында люкс санатындағы киіз үй бой көтерді.
Атына сәйкес, мамандар оны Орталық Азия халықтарының дәстүрі бойынша дайындаған екен. Киіз үй қала халқы көп шоғырланған жерде орналасқан. Дыбыс өткізбейтін құрылғылар орнатылғандықтан, көшедегі шу келген қонақтарға еш кедергі келтірмейді. Мұнымен қоса, дизайнерлер көшпелі халықтың тұрмысын сезініп білуі үшін арнайы алаңқай жасаған. Бұл жерде келушілер от жағып, кемпинг ұйымдастыра алады.
Жаңа стильдегі мейманхананың ішіне шағын диван орналастырып, еденіне көрпелер төсепті. Мәліметтер бойынша, қонақүй қараша айына дейін жұмыс істейді.
The Daily Mail басылымының ақпары бойынша, жоба авторлары көшпелілер үйін Калифорнияда өткен Коачелла музыкалық фестивалінен көрген екен. Осыдан барып қонақүй жасау туралы ой келіпті. Сонымен қатар, сыртқы пішінінің жұмыр болуына да баса назар аударған болса керек. Себебі, мұндай бөлме адамдардың бір-бірімен еркін әңгімелесуіне ыңғайлы екенін айтты.
Бүгінде Нью-Йорк тұрғындарының жаңа нысанға деген қызығушылықтары артуда. Бір рет түнеп шығу құны да арзан емес, 2-3 мың долларды құрайды. Бұл элиталық қонақүйлерден әлдеқайда қымбат. Шарықтап тұрған бағасына қарамастан, келушілер қарасы азаяр емес.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»