Өрт – тілсіз жау. Қас-қағым сәтте тұтанарын кім білген? Алайда, қырағы жандар барда оның да алдын алуға болады екен. Атыраулық қос полиция сержанттары Артур Мырзағалиев пен Самат Зұлхайыров таң енді сібірлеп атқан тұста жеке сектордағы тұрғын үйдің шатырын от шалғанын байқапты. Әлі де ұйқысынан ояна қоймаған тұрғындар тыныштығын күзетіп жүрген полицейлер дереу көмекке ұмтылыпты.
Алайда, үй иелері қапелімде ояна қоймаған. Қауіптің алдын алу үшін полицияның бірі өрт сөндірушілерді шақырып, екіншісі баспанаға кірген. Ал үйде 7 адамы бар отбасы түгелдей ұйықтап жатқан болып шықты. Полицейлер оларды шатыры отқа оранған баспанадан аман-есен шығарды.
Өрт сөндірушілер қызыл жалынның өршуіне жол бермей, дереу сөндіріп үлгерді. Бірақ, шатыры құлады. Бұл баспананың шатырында жөндеуден кейін ағаш жаңқалары қалғаны белгілі болды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ