«Астана-Петропавл» тас жолының «Көкшетау-Петропавл» бөлігінің жаңартылып, салына бастағанына бес жыл болды. Басында бұл телім де халықаралық стандартқа сай төрт жолақты болады екен, ортасы бөлініп тұрады екен, сөйтіп еліміздегі екінші автобанға айналса екен деген әңгімелер ақиқатқа айналмай тұр. Қаражат бөлінбеді ме, әлде бөлінген қаражат құрылысқа жетпей, бұрылысқа кетті ме, әйтеуір халықаралық маңызы бар Ресейдің Қорған, Түмен, Омбы аймақтарына шығатын Петропавлға дейінгі тас жол таз қалпында қалып, екі жолақты тар жолдың бірі ғана болып салынып жатыр...
Енді осы екі жолақты жол құрылысында «бармақ басты, көз қысты» сыбайлас жемқорлықтың орын алып жатқанын көргенде үнсіз қала алмадық.
Редакциямызға келген Жасұлан Қазыбеков ақсақалды ежелден білеміз. Ол ұзақ жылдар Сәбит, Ғабит, Сафуан сияқты жазушыларымыз шыққан Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығы саласын басқарды, одан бірнеше жыл аудан әкімінің бірінші орынбасары болды.
Енді осы ақсақал бүгінгі заңсыздықтарға, өзін адам ғұрлы санамаған шенеуніктер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қиянатына қарадай күйіп, күйзеліске түсудің аз-ақ алдында жүр екен. «Мына жолсыздықтарды жоғары жаққа жеткізер деген үмітпен «Егеменді» соңғы инстанция деп келіп отырмын, басқалардың бәрінен шошындым», деді ол әңгімесін төтесінен бастап.
Әңгіменің бәрі жоғарыда аталған «Көкшетау-Петропавл» жолының 392-418 шақырымы аралығындағы жол құрылысына байланысты. Бұл телімнің құрылысын жүргізу құқын «Казпако» ЖШС 2014 жылы тендерден жеңіп алған екен. ЖШС басшысы Д.Күтербеков кезінде Көлік және коммуникация вице-министрі қызметінен істі болып, 2012 жылы үш жылға шартты жазамен сотталып, мемлекеттік қызметтен қуылған екен.
Осы жол телімі Тайынша ауданындағы Рощинск ауылдық округінің аумағынан өтеді. Округке қарайтын Сарыбай ауылының аумағынан Жасұлан Қазыбеков 2012 жылғы наурыз айында ұзақ мерзімді (5 жыл) пайдалану құқымен 131 гектар жерді жалға алады.
Бұл жерде Қазыбековтің жерді қалай пайдаланғаны, қанша шығын шығарғаны жайлы әңгімеге біздің негізгі тақырыбымызға қатысы болмағандықтан назар аудармаймыз, әйтеуір оның осы жылдарда жалдау ақысын төлеп келгені анық.
2015 жылдың мамыр айынан бастап «Казпако» ЖШС Сарыбай ауылының тұсындағы оның жеріне баса-көктеп кіріп, үстіндегі құнарлы қабатын сырып тастап, астындағы құмдауыт балшықты жолға төсеуге қазып ала бастайды. Ж.Қазыбеков жеріне келсе оның астан-кестені шығып, экскаваторлар қазып, «КамАЗ»-дар балшығын тасып жатыр екен.
Айдың, күннің аманында жасалып отырған бұл озбырлық жай ғана заң бұзушылық емес, қылмыс екені хақ. Өйткені, бұл жердің иесі бар екенін біле тұра (жергілікті ауылдық округ әкімі айтқан), онымен кездесіп, келісім алмай, одан тиісті өкілетті органның рұқсатын алмай біреудің мүлкіне қол сұғуға бола ма?
Әділдік іздеген Жасұлан Қазыбеков облыстық экология департаментіне арызданады. Өйткені, басып кірушілер ауыл шаруашылығы мақсатына қолданылуға тиісті жерін жарамсыз қылып, үстінің құнарын сырып тастап, экологиясын әбден бүлдіріп тастаған ғой.
29 мамырда келіп тексерген Солтүстік Қазақстан облысының бас эколог-инспекторы А.Бекмұхаметов құм өндіру жұмыстарының заңсыз жүргізіліп жатқанын анықтап, алушының 200 текше метр алдық (Қазбековтің айтуынша 1500-ден кем емес) дегеніне қанағаттанып, «Казпако» ЖШС-іне 10 маусымдағы №97 қаулымен 991 мың теңге айыппұл салады.
Хош. Алайда, бұл алғашқы ғана жеңіс еді... Енді жер иесі жерді қалпына келтіру шығындарын, шеккен моральдық, материалдық зияндарын өндіру үшін күресе бастайды.
Жөнсіз қаулы – жосықсыз істердің жоқтаушысы
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Е.Сұлтанов Д.Күтербековтің әрекеттерін тезірек заңдастыруға ұмтылған сияқты. Өйткені, 2015 жылдың 24 маусымында әкім «Казпако» ЖШС-ына Тайынша ауданындағы Рощинск аумағындағы №5 және №6 жер телімдеріне «геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілсін» деген №216 қаулысын шығарады. Қазу емес, барлау екендігі ап-анық айтылған. «Не мақсатпен» деген жерге: «в целях выполнения и реализации государственной программы РК по реконструкции участка километры 392-418 автомобильной дороги республиканского значения «Астана-Петропавловск»... делінген. Демек, жол салып жатқан фирмаға геологиялық-барлау жұмысына рұқсат берілсін деген сөз болып шыққан. Және осы жаңылтпаштың соңына сөйлемнің аяғын үзбей «без изъятия земельных участков у частных собственников или землепользователей» деген сөздерді қосыпты.
Жол құрылысымен айналысып жатқан фирмаға қандай геологиялық-барлау жұмысы жүктелуі мүмкін? Белгісіз. Көзіне көрінген жерге баса-көктеп кіріп, құмдауыт топырағын бұрқыратып қазып алып жатқан «Казпако» қандай барлау жасай алады? Әкім осы қаулыны «на основании заявления ТОО «Казпако» деп бастаған. Тәртіп бойынша жекеменшік фирманың мұндай өтінішін алдымен жер комиссиясы қарап, өзінің қорытындысын беруі керек. Әкімнің қаулысы соның негізінде ғана шығады. Асығыс шыққанына қарағанда күмәнді ойлардың ұшығы қоюлана түседі...
Оның үстіне... Тіпті, осы қаулы «Казпаконың» ісін ақтайды дегеннің өзінде ол шыққанға дейінгі, яғни маусымның 24-іне дейінгі қазу жұмыстары заңсыз екені айдан анық болып тұр. Өйткені, заңсыз іс жасалып қалған соң ғана оны ақтайтын қаулы дүниеге келген.
Осы жартыкеш қаулыдан кейін Ж.Қазыбековтің шағымдарына деген көзқарас та әділетсіздік жаққа тартып, өзгере бастайды.
«Казпакоға» шара қолдануды сұрап жазған арызына СҚО Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры В.Банковский 2015 жылғы 23 шілдедегі жауабында «В ходе выезда сотрудниками природоохранной прокуратуры на то же место по телефонному сообщению 03.07.2015 г. фактов самовольной добычи недр не установлено» дейді. Тіпті айылын жимаған-ау, тым болмаса «по телефонному сообщению» дегенді жазбаса керек еді ғой. Ал енді мына қызыққа қараңыз... Дәл осы жауаптың жоғарғы тұсында Экология департаментінің тексеріп, айыппұл салғанын атап өткен. Енді неге «фактов самовольной добычи не установлено» деп өзіне өзі қарсы шыққан? Адамды ойыншық көрудің бір мысалы осындай-ақ болар.
Сонымен қатар, В.Банковский өзінің жауабында «Казпако» мен Қазыбековтің келісімшарт жасамауы заңсыз екендігін атап өткен және фирманың жер қазу жұмыстарын 2 маусымда жүргізіп жатқанын, ал әкімнің қаулысы 24 маусымда шыққанын, сондықтан қазба жұмыстарының заңсыз жүргізілгенін жазады. Бірақ, амал не, шара қолдану туралы бір ауыз сөз жоқ. Тек Жер инспекциясы басқармасына «Казпако» ЖШС пен Қазыбековтің арасында келісімшарт жасауды қамтамасыз ету керек деген ұйғарым жібереді.
Оған Жер инспекциясының бастығы М.Меңдібаев мынадай жауап береді: «В ходе проверки довод Казбекова Ж. не нашел подтверждение, так как представитель ТОО «Казпако» предъявил постановление акима СКО от 24 июня 2015 года «О разрешении на использование земельных участков для проведения геологоразведочных работ». Одан әрі осы қаулыны Қазбеков менің құқымды аяққа таптады деп бұзғызбағандықтан ол өз күшінде деп күшеніп қояды. Сөйтіп, әкімнің түсініксіздеу қаулысы ендігі жерде Күтербековтің қорғаушысы болып қызмет істей береді.
Келесі шағымын Қазыбеков өзінің «Казпако» ЖШС-нан материалдық залал шеккенін, жерінің құнарлы бетінің сыпырылғанын айтып, осы фирмаға шара қолдануын сұрап облыс прокуроры С.Зайтлерге жазады. Ол арызды тағы да сол В.Банковскийге жылжытады, ал Банковский бұл жолы істе қылмыстық заң бұзушылық бар екен, ал ондайдың тергелуі ҚПК-нің 201-бабы бойынша ішкі істер органдарына жүктеледі, деп істі Тайынша аудандық ІІБ-ге жібереді.
Заң бұзушылық барын ол бұрын неге көрмеген? Әлде қызметін атқара алмай ма? Әлде біреудің жасырын бұйрығын орындап, қылмысқа көзжұмбайлық қылып отыр ма? Белгісіз.
Істі қарау міндетін мойнына алған полиция майоры К.Мұқажанов болған істің бәрін қайталап келіп, істі жабу керек деген шешім қабылдайды және 14 тамызда бұл туралы Қазыбековке қатынас жібереді.
Ақырында, «Казпаконың» жергілікті филиалының бастығы Н.Жұқабетов бізден ақша бопсалады деп Ж.Қазыбековтің өзіне жала жабады. Ол ол ма, «Казпако» Қазыбековтің жеріне емес, басқа жерге кірді деп жер инспекциясының басшысы М.Меңдібаев оның жер телімінің өзгерген сызбасына дейін жасайды. Қайта қозғалған қылмыстық істі бұл жолы Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Р.Ерімбетов қысқартады, прокурор заңға сүйеніп қайта қозғауды тапсырса сол тергеуші тағы қысқартады. Істі заңсыз қысқартқаны үшін Қазыбековтің шағымына орай оған облыстық ІІД бастығының 2016 жылдың 16 наурызындағы №222 бұйрығымен ескерту жасалады. Тағы қозғалған істі енді департаменттің тергеушісі А.К.Ахметбеков қысқартады. Сөйтсе бұл Ахметбеков бұрыннан істі қысқарта беретін Тайынша аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары М.К.Ахметбековтің туған інісі екен. Заңды жақсы білетін Жасұлан Қазыбеков облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыз жазып, ағасы жіберген қателікті інісіне тексерткен ІІД бастығының орынбасары Сембиннің қылығының өзі сыбайлас жемқорлық заңымен қудаланатын қылмыс емес пе деп көрсетіп, ІІД бастығы, генерал-майор Б.Біләловтің атына арыз жазады...
Қысқасы, осылай істі шырайналдыру, адам тағдырымен ойнау жалғаса береді, жалғаса береді. Оның бәрін жазып шығуды бір мақаланың көлемі де көтермейді. Ашынған Ж.Қазыбеков Меңдібаевтың және басқалардың үстінен шағым айтып облыс прокуроры Зайтлерге арызданады. Тіпті, Бас прокуратураға дейін арызданады. Бірақ бәрі бәз-баяғы қалпында, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала берген. Қазыбековтің талабы орындалмайды. Бір ғана қызмет – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент өзіне М.Меңдібаевтың үстінен жазылған шағымның дұрыстығына көз жеткізіп, әкімге оның тәртіптік жауапкершілігін қарауды сұраған акт жібереді. Соның нәтижесінде М.Меңдібаевқа сөгіс жарияланады.
Мәселе қалай шешіледі?
«Көкшетау-Петропавл» тас жолының 392-418 шақырымының жолын саламын деп тендерді жеңіп алған «Казпако» фирмасы конкурсқа ұсынған құжаттары бойынша құмды, қиыршық тасты қайдан алатынын, қандай карьерлерден таситынын алдын ала білді. Құм алатын карьер Келлеровка селосының түбінде деп көрсетілгені де белгілі болып отыр. Бұл жол құрылысы жүргізілетін Рощинск ауылдық округінен 15-20 шақырым қашықтықта. Осыны алыссынған «Казпаконың» мамандары жол шығынын азайту мақсатымен құрылыстан небәрі 400-500 метр жердегі шаруалардың жеріне баса-көктеп кіріп, қолдан карьер жасап, құмдауыт топырақтың шаңын аспанға көтеріп, жолға салатын материал ретінде рұқсатсыз қазып ала берген. Қазбековтің жері де соның ішінде. «Казпако» дәл осы маңда оның жерінен басқа тағы да 2-3 жерден осылай қолдан карьер жасап алған.
Жоғарыда Жасұлан Қазыбековтің жергілікті атқару органдарының басшылығында ұзақ жылдар қызмет істегенін айттық. Жол құрылысының мәселесін де ол жақсы біледі. Сондықтан «Казпако» жүргізетін жол құрылысының «Карагандадорпроект» институты жасаған жобасын көтеріп, оның 392-418 шақырымының өне бойында осындай, заңсыз жолмен құм тасығандықтың арқасында 205 млн. теңге үнемдегенін есептеп шығарып, барлық есебін облыс прокурорына жеткізген. Салық та төленбейтін бұл заңсыз қаражаттар кімнің қалтасына сүңгіп жатқаны белгісіз дейді ол.
Автомобиль жолдары құрылысының нормалары мен ережелері сонау Кеңес Одағы уақытында жасалған. Құрылыс технологиясы жетілдіріп отырғанымен жол материалдарының шығыны, тығыздығы мен көлемі ешқашан өзгермейді. Алайда, бізде ол қазір мүлде сақталмай отыр. Егер жолдардың құрылысы аталмыш нормаларға сәйкес жүргізілсе биыл салынған жолға келесі жылы жөндеу жүргізіліп, мемлекеттің қаражаты босқа шашылмас еді.
Осы нормаға сәйкес құм алатын карьерлер алдын-ала белгіленеді. Ондағы құмның сапасына қарай (құрғақ, дымқыл және т.б.) жоба жасаушылар жолдың қалыңдығы қандай, тығыздығы қандай болуы керектігін алдын-ала жобалайды. Осы жобаның талаптарын толық орындаймын деп «Казпако» мемлекеттік тендерді ұтып алып, іске кірісті. Ал жол құрылысын жүргізу барысында негізгі материалдың бірі болып табылатын құмды кез келген жақын жерден қазып алып, жолға салып жатыр. Ал құмдауыт топырақтың сапасы карьерден алынған құмға келмейтіні хақ. Тығыздықтары да әртүрлі. Ендеше бұл жолдың сапасыз болатынын, мемлекет қаражатының босқа шашылатынын алдын-ала болжауға болады. Жұрттың айтуына қарағанда, қазірдің өзінде Чапаев селосы маңындағы аяқталған учаскенің сапасыз екені көрініп жатыр.
«Әй дер ажа, қой дер қожа» болмаған соң жол салатындар ойына не келсе соны істей береді. Ал облыс әкімі 2015 жылдың 25 қыркүйегінде ғана «Казпако» үшін жаңа қаулы шығарып, Рощинск ауылдық округінің аумағындағы аталмыш жерлерді көліктік мақсатқа ауыстырып, оның топырағын 2016 жылдың 8 шілдесіне дейін алуына рұқсат берген. Заңға сүйеніп жасалған қаулыны дұрыс-ақ екен делік, алайда осы қаулының 3 және 4-тармақтарын оқығанда әкім мемлекеттің мүддесінен гөрі «Казпаконың» мүддесін көбірек ойлай ма деп қаласың. Оған мына сөздер дәлел:
«Рекомендовать ЖШС «Казпако» (по согласованию) в соответствии со ст.105 Земельного кодекса РК возместить потери сельскохозяйственного производства в связи с временным изъятием земель из сельскохозяйственного оборота в сумме 1 059 800 тенге в республиканский бюджет.
Рекомендовать ЖШС «Казпако» (по согласованию) в соответствии с действующим законодательством по окончании работ привести земельные участки в состояние пригодное для их дальнейшего использования по целевому назначению с обязательным проведением рекультивации».
Көзіқарақты оқырман мұндай «ұсыныс жасалсын» («рекомендовать»), «келісімі бойынша» ( по согласованию) деген сияқты сүйейсалды сөздердің орындалу емес, тек көз алдау үшін жазылғанын көріп тұр. Нақты талап болмаған соң мемлекет мүддесінің орындалмайтыны сөзсіз ғой.
Сөйтіп, біреудің заңды жолмен жалға алған жеріне кіріп, тиісті органдардың рұқсатынсыз карьер ашып, жердің ауыл шаруашылығына жарамды құнарлы бетін сырып тастаған, қойнауындағы кең тараған пайдалы қазбаны (құмды) рұқсатсыз алған жекеменшік кәсіпорын «Казпаконың» әрекеттерін тиюға ешкімнің әлі келмей отырған сияқты. Бұл Ж.Қазыбековтің ғана емес, мемлекеттің де мүддесін таптағандық десек артық айтқандық емес. Өйткені, оның жері ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға енді мүлде жарамайды. Шын мәнінде кәсіпорынның заңсыз әрекеттерін тиюға болады, бірақ соған тиісті органдар белгісіз бір мықтының бұйрығымен баспай отырғаны да хақ. Осындай мықтылар заң бұзушылықтардың қорғаушысы бола берсе бізде заң үстемдігі орнар ма? Президенттің заңның үстемдігін қамтамасыз ету туралы талабы орындалар ма? Әрине, орындалмайды. Сондықтан, тиісті орталық мемлекеттік органдар мұндай істерді түбірімен жоюға, заң үстемдігін орнатуға белсене кірісер деген үміттеміз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»