• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2016

Сапа – мен үшін ең басты мәселе

331 рет
көрсетілді

– дейді кәсіпкер Гүлмира Қоңқашева Қазақстанда жасалған және тұтынушылардың үлкен сұра­нысына ие болған макарон өнім­дерінің бірі – «Арзу» жаймалары. Тараз қаласындағы «Та-Мак» ЖШС шығаратын жаймалар аз уақытта нарықтағы бәсекелестерін ығыстырып, таңдаулы өнімге айналып үлгерді. Аталмыш кә­сіп­орын өндіретін өнімдердің «Қазақстанның үздік тауары» атануы – осының дәлелі. Нарық заңы қатал. Өндірілген өнім сапалы әрі бағасы қолжетімді болуы тиіс. Онсыз бәсекелестікке төтеп беру қиын. «Та-Мак» ЖШС осындай сынақтардың бәрінен өте білді. Гүлмира Қоңқашева басқаратын серіктестік 2004 жылы макарон өнімдерін шығаратын цех ашып, сапасы импорттық өнімдерден кем түспейтін жайма әзірлеу тәсілін екі жылдың ішінде меңгеріп, кәсіпорынды іске қосады. Үшінші жылы Таразда шығарылатын жаймалар Орталық, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарына кең тарала бастайды. 2008 жылы макарон өнімдерінің басқа да түрлерін шығаруды қолға алады. Сол жылдың өзінде облыс көлемінде «Үздік азық-түлік өндірісі», республикалық «Алтын сапа» конкурсының лауреаты атанған «Та-Мак» ЖШС 2009 жылы «Халық таңдауы», 2010 жылы «Алтын көшбасшы» аталымдары бойынша жеңіске жеткен. Халықаралық ХАССП жүйесі – тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа стандарттары және малайзиялық «Халал» стандарты бойынша экологиялық таза өнім өндіретін серіктестік 2012 жылы Ресейде өткен азық-түлік өнімдерінің көрмесінде алтын медальді иеленеді. Кәсіпорынның тәулігіне 10 мың тонна өнім өндіретін италиялық автоматты құрылғыны іске қосқаны да осы жылы. 2014 жылы мәскеулік конструкторлық бюромен бірлесіп, жаңа автоматты қаптама жүйесін іске қосты. Ол әлем­дегі ешбір тауар қаптамасына ұқсамайды. Соның арқасында «Арзу» тауар таңбасымен сатылатын жаймалар дүкен сөрелерінде бірден ерекшеленіп тұратын болды. «Та-Мак» серіктестігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры құй­ған инвестицияның арқасында өз өнімдерін экспортқа шығара бастады. «Арзу» маркалы макарон өнімдері Голландия, Фран­ция және АҚШ-тың «Mueller Aussenhandel e.K.», «Monolith Süd GmbH» делдал компаниялары арқылы Германия, Ресей, Қырғыз мемлекеттері мен Өзбекстан нарығына шығарылуда. Бүгінде кәсіпорын тұтынушыларына «Ертөстік» деген тауар таң­басымен жаңа бренд ұсынуда. Мұндай қадам макарон өнімдерін шығаратын өндіріс орындары арасындағы бәсекелестікке тың серпін беретінін айтады серіктестік басшысы. Екінші жағынан жаңа жоспарлардың тууына жол ашады дейді. – Сапа – мен үшін ең бас­ты мәселе, – дейді Гүлмира Қадыр­қызы. – Бір өндірушілерге өнімнің неғұрлым мол шығарылып, жан-жаққа тынымсыз таралып жатқаны ұтымды, ал менде ондай көлем қуалау деген жоқ. Аз шығарсам да тап-тұйнақтай, барлық талапқа сай болуы тиіс. Сынған, майысқан қамырды ешқашан оратпаймын. Менің жұмысшыларым да ондай жүрдім-бардым әрекетке бара алмайды, өйткені, менің талаптарымнан хабардар. Егер соны біле тұра абайсызда жерге түсіп қалған қамырды қорапқа сала салса, онысы бейнекамераға түсіп қалады. Гүлмира Қоңқашева үш перзент өсіріп отырған аяулы ана, ардақты әже. Жолдасы Талғат та осы зауытта тізе қосып бірге жұмыс істейді, директордың орын­­басары. «Осындай ақылшы ер-азаматым болмаса, мұншама істі дөңгелете алып кетерім не­ғайбыл еді», дейді зайыбы туралы Гүлмира Қадырқызы. Астанада қызмет істейтін үлкен ұлынан екі немересі бар. Екінші ұлы да елордада тұрады. Ал сүт кенжесі Саяжанның жасы 7-ге енді толады. 45 жасқа тақағанда дүниеге әкелген ерке қызы десе Гүлмира апай­дың жаны бөлек. «Кейде сол Саяжаныма көңіл бөлуге уақыт таппаймын, бірақ күтушісі оны кез келген уақытта өзі әкеліп көрсетіп тұрады», дейді ол. Гүлмира Қадырқызының тағы бір қасиеті – қайырымдылыққа бір иығын беріп тұрады. Иә, бір қарағанда қаталдау, онша-мұншаға ықылас таныта бермейтін дәті берік жан болып көрінгенімен, көп әріптестеріне қарағанда қолы ашық. Мереке кездерінде өз өнімінен толтырып көлікке тиеп алады да, балалар мен қарттар үйіне жол тартады. Бұл әдеттен жаңылмай келе жатқанына қан­ша жыл. Міндетті түрде мол дастарқан ұйымдастырып, қой сойдырып, қазан-қазан ет астырады. Әншілер мен бишілерді алдырады. Бір сөзбен айтқанда, нағыз шат-шадыман думанды мерекенің көрігі қызады. Қазандағы сорпаға «Арзу» жаймалары салынып, жиналғандарға ет тартылады. Кеш соңында әкелген қайырымдылық көмегін мекеме басшыларына тапсыруды да ұмытпайды. Ал Жаңа жыл мерекесінде өз өнімдерін тарту еткенімен шектеліп қалмай, балалар үйінің балғындарына Аяз атаның атынан сыйлық та жа­сайды. Мұндай атымтай жомарт­тықтың сыры соншалық тереңде деп ойламаңыз. Бұл – Гүлмира Қоңқашева үшін кәдуілгі нәрсе. – Жағдайы бар әр адам солай жасауы тиіс, – дейді ол. – Мен де көпбалалы отбасында он баланың жетіншісі болып дүниеге келдім. Мен көрген балалық шақ не тапсаң да өзгелермен бөлісуді, қиындыққа тап болған жандарға барынша жәрдемдесуді өмірдің ең ажырамас бөлігі ретінде санама сіңірді. Бірақ оның қайтарымы болар ма екен деп ешқашан дәметкен емеспін. Бұл өмірде қандай табысқа жетсем де өз күшіме сенгендіктен, табандылығымнан деп білемін. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы