Қазіргі таңда жолбарыстар әлемде тек санаулы елдердің аумағында ғана сақталып қалғаны аян. Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізіліп, ерекше қорғауға алынғанына қарамастан, соңғы ширек ғасырда оның саны жыл өткен сайын кемімесе, өсетін түрі жоқ. Соңғы жүзжылдықта дүниежүзі бойынша жабайы жолбарыс саны 100 мыңнан 3-4 мыңға дейін кеміп кеткен көрінеді. Балий, Яван, Тұран (Каспий) жолбарыстары адам қолымен жер бетінен мүлде жойылған.
Өзге елдер сияқты, қазақстандықтар да жолбарысты қазір хайуанаттар бағы мен цирк қойылымдарынан ғана тамашалап жүр. Мәселен, Алматыдағы хайуанаттар бағында қазір 1 жұп жолбарыс пен оның 3 күшігі өмір сүріп жатыр.
Ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен тарихи жазбаларда мысық тұқымдасына жататын бұл ірі жыртқыш аңның қазақ жерінде негізінен қалың қамыс пен тоғайларды мекен еткені айтылады. Мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласы аумағында осыдан 160 жыл бұрын жолбарыс жортқанын бүгінде көп адам біле бермейді. Зерттеушілердің жазбаларына көз жүгіртсек, Қазақстандағы Тұран жолбарысының ең соңғысы 1948 жылы Балқаш көлінің жағасында атылған көрінеді.
Жазушы Әлібек Асқаров «Ана тілі» газетінде жариялаған «Ірбіс, Мәлін, Мырсын мысық тұқымдас кейбір жыртқыштардың қазақша атаулары туралы» (30 маусым 2016) деген мақаласында: «Жолбарыс – пантера тектестер өкілі. Денесінің ірілігі тұрғысынан бірінші орында – жолбарыс, содан кейін – арыстан, үшінші – леопард, соңында – ягуар тұр. Бұлардың ұқсастығы, туыстығының жақындығы соншалықты – бір-бірімен шағылысып, тұқым өрбіту мүмкіндігі бар. Жолбарыстың ұрғашысын – өлекшін, күшігін – шөнжік дейді. Кейде жолбарыстың күшігін «сарымақ» деп те атайды екен. Ата-бабаларымыздан «Арыстанда бір жігіттің күші, қырық жігіттің жүрегі бар. Жолбарыста бір жігіттің жүрегі, қырық жігіттің күші бар» деген нақыл қалыпты. Соған қарағанда, арыстан – жүректі, жолбарыс жалтақтау. Алайда, арыстанға қарағанда, жолбарыстың күші басым екенін ұғамыз» деп жазыпты.
Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері аумағында орналасқан Тянь-Шань тауындағы жыртқыш аңдардың тізімінен бүгінде жолбарысты кездестіре алмайсыз. Өйткені, ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін ол Еуропа ғалымдары үшін құпиясы ашылмаған жұмбақ мекен саналған болатын. Зерттеушілер бұл аймаққа Жетісудағы Ұлы жүз рулары мен Алатаудың күнгейіндегі қырғыз елі патшалық Ресейдің боданына айналғаннан кейін ғана аяқ басты. Бұл бағытта тыңнан түрен салғандардың ішінен Петр Петрович Семенов-Тян-Шанскийдің есімі ең алдымен ауызға алынады. 29 жасында Батыс оқымыстылары ішінен бірінші болып Тянь-Шаньға саяхат жасаған ол өз естелігінде 1856 жылы 3 қыркүйекте Есік көліне барар жолда қайғылы аяқталған жолбарыс аулау оқиғасы туралы айтады. Кейін өзіне сыйға тартылған бұл жолбарыстың терісін ол Петербургқа алып қайтқан.
Кейбір дерек көздеріне қарағанда, Қазақстан 2019 жылы генетикалық жағынан ұқсас Амур жолбарысы негізінде Тұран жолбарысын қайта жаңғырту үшін ұлттық парк құруды жоспарлап отыр. Тянь-Шаньның баурайындағы әсем Алматы маңынан енді ешкім жолбарыс көрмейтін шығар. Бірақ, өз тарихын мыңжылдыққа жеткізіп жатқан жасыл желекті шаһар басшылығы әйгілі ғалымның ұрпақтарының қолында сақтаулы тұрған Тұран жолбарысының терісін Алматыға қайтарып жатса, қанеки. Бұл тек алматылықтарға емес, өзге де қала қонақтары үшін де үлкей сый болары күмәнсіз. Тіпті, бұл туристердің де зор қызығушылығын тудырары күмәнсіз.
Әлемнің түкпір-түкпірінде қыркүйек айында атап өтілетін Халықаралық амур жолбарысы күні қарсаңында биыл Алматы хайуанаттар бағы 29 шілдеде алғаш рет Жолбарыстар күнін өткізбек. Мұндай шаралар алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
АЛМАТЫ