• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2016

«Тұлпар-Тальгоның» миллионыншы жолаушысы

401 рет
көрсетілді

Астананың теміржол вокзалына «Тұлпар-Тальго» пойызының миллионыншы жолаушысы келіп түсті. Ол Ақтөбе қаласынан үш бірдей немересімен елордасына жол шеккен Қанымай Бекбауова әжей еді. Өзінің бақ қонған билетпен келе жатқанынан мүлде бейхабар әжей гүл шоқтарын ұсынып, құттықтап жүрген қауымға қайта-қайта алғыс айтумен болды. Жай ғана сырғып келе жатқан әсем вагондардың жақтауына еріксіз көз түсіп, жан-жүрегіңді қуаныш кернейді. Себебі, бұл жүрдек пойыздың көркем вагондарының бәрі «Қазақстанда жасалған» деген таңбалармен әдіптелген. Тәуелсіздіктің ширек ғасырдағы жетістігі жөнінде әлдекім сұрай қалса, марқайған көңілмен көрсетуге болатын отандық туындының бірі, осы «Тұлпар-Тальго» вагондары екенін айтуға ауыз барады. Абыр-сабырда қуанышты хабарды әрең ұққан әжей бірден көңілденіп, ағыл-тегіл қуанышын жасыра алмай қалды. Ресми мекеме қызметкерлері бәрін де алдын ала білетін болып шықты. Тек оны елден жасырған. Әжейдің үш немересіне арнайы алған бағалы сыйлықтары да бар екен. Сонымен бірге, миллионыншы жолаушыға ел аумағындағы кез-келген бағытқа «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызымен 10 рет тегін жүру сертификаты табыс етілді. «Құдайдың берері көп! Миллионыншы жолаушы болып, мың-мың қуанышқа тап болғанымды қараңдаршы!», – дейді ақ жарма көңілі ағытылған әжей. Отағасымен бес бала тәрбиелеп өсірген ана бүгінде тоғыз немересінің арасында жол жалғап жүрген көрінеді. «Бес баламның екеуі осы Астанада тұрады. Көз дәрігері болып жұмыс істейтін Жанар атты келінімнің көзі нұрлы болды ғой, алып берген билеті мені миллионыншы жолаушы атандырды», – деген әжей төпелеген көп сұраққа жөпелдемеде жауап беріп жатыр. Осы жерде біз «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерін сөзге тартып, пойыздың жөн-жосығы жөнінде сұрап білдік. Жалпы, жыл басынан бері отандық пойыздар 10 миллион адам тасымалдапты. Ал «Тұлпар-Тальго» пойыздарын пайдаланған адамдардың саны биыл күрт өсіп, 1 миллионнан асыпты. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда, 2,1 есе артық. Қазір «Тұлпар-Тальго» пойыздарында көп балалы аналарға, соғыс ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, студент жастарға жеңілдік беретін дисконттық карталар бар. Демек, жүрдек пойыздар әртүрлі әлеуметтік топтар үшін қолжетімді болып отыр. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ Сурет: Ерлан ОМАРОВ