• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2016

Жай-күйің қалай, жергілікті полиция?

389 рет
көрсетілді

Өңірлерде құрылған жергілікті полиция қызметінің алғашқы аяқ алысы қандай? Жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып келе ме? Өйткені, уақыт пен бүгінгі күн талабы мұндай сауалдарға жан-жақты әрі толыққанды жауап қайтарылуын қажет ететіні анық. Сондықтан да, бұған біз Орал өңіріндегі жергілікті полиция қызметі мысалында, әрі оның биылғы жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары негізінде жауап қайтарғанды жөн көрдік. Бұл арада, ең алдымен, жергілікті полицияның бас­ты атқаратын қызметі жөнінде оқыр­мандарға қысқаша ақпарат бере кеткен жөн демекпіз. Бұл ел-жұртпен қоян-қолтық байланыс ұстай отырып қылмыс пен құқық бұзушылық көріністерінің алдын алу, осы тұрғыда жүргізілетін профилактикалық шаралардың өрісін кеңейту болмақ. Қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіптің сақталуын бақылау, бұзақылықты болдырмау және жол қауіпсіздігі жөніндегі мәселелер де осы бағыттан тамыр тартады. Жергілікті полицияның арқасүйейтін басты көмекшілері – учаскелік полиция мен кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар әрі олармен бір­­лескен іс-қимыл десек шындықтан ал­шақ кетпейміз. Айталық, облыста бұл тұрғыда аталған уақыт аралығында ашыл­ған қылмыстардың саны пайыздық көр­сеткішке шаққанда арта түсіпті. Әсіресе, жергілікті полиция азаматтардан түскен өтініштер мен арыздарға бұрынғыдан да байыптырақ көзбен әрі сергек сезіммен қарай бастағандары сүйсіндіреді. Осы арада мұндай жағымды жайттың екі бірдей пайдасын атап көрсету қажеттігі көрінеді. Мұның біріншісі – халықтың жергілікті полиция өкілдері жөнінде қалыптаса бастаған зор сенімі болса, екіншісі – азаматтардың арыз-шағымдарын аяқсыз қалдырмай, оны аяғына дейін жеткізу жөніндегі аталған құрылым өкілдерінің жауапкершілігі. Мұнда осы өтініштердің қаралу мөлшері өсіп отырғаны да осындай жағымды жайттардың әсері деп ой түюге болады. Арыз-шағымдар көп қаралғанымен, оның тиісті нәтижесі болмаса бұдан не пайда?! Бұл жөніндегі деректер де оң тұрғыда екеніне көзіміз жетіп отыр. Оның нәтижесі, әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға салынған айып­пұл­дың басым бөлігі өндіріліп алын­ған­дығынан көрінеді. Биылғы жарты­жыл­дық­та өңірде ұзын-ырғасы 7252 қыл­мыс­тық іс тіркеліпті. Бұл өткен жыл­ғы осы кезеңмен салыстырғанда он екі па­йыз­ға көп. Әрине, қол соғатындай көр­сет­кіш емес. Керісінше, қынжыларлық көрініс. Дегенмен, облыста осы аты өшкір қыл­мыс деген кесапаттың ауыр және аса ауыр түрлерінің азайғаны әрі оның ашылу дең­гейінің өскені көңілге әжептәуір медеу. Сондай-ақ, соңғы алты айда жергілікті полицияның тұрғындардың шұғыл шақыртуларына байланысты көрсеткен көмегі арқасында көшеде жасалатын қылмыстар деңгейі төмендеген. Бұған оң әсер еткен жайттың бірі – «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша орнатылған бейнекамералар. Өңірдегі аулалар мен автокөлік жолдарына және ірі жол қиылыстарына бейнебақылау камераларын орнату ісі одан әрі жалғасып келеді. Бұл үшін жер­гі­лікті бюджеттен қаржылай қолдау көрсету шаралары да қарастырылған. Дегенмен, жол-көлік қауіпсіздігін сақтау мәселесінде жергілікті полиция қызметкерлерінің жеделірек іс-қимыл танытуы қажеттігі де айқын аңғарылады. Яғни өңірде биыл жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алғандардың саны төмендегенімен, ажал құшқан адам­дардың саны артып отырғаны өкіндірмей қоймайды. Соның ішінде, жеті баланың мерт болғаны орны толмас қасірет. Бүгінгі материалымыздың атауын «Жай-күйің қалай, жергілікті полиция?» деп қойып отырғандықтан да бұдан кейінгі әңгіменің арнасын тікелей осы құры­лымдық жүйеде шешімін тауып үлгер­меген мәселелерге аударған орынды деп санаймыз. Бұл бірінші кезекте – жергілікті полицияның материалдық-техникалық базасын жақсарту болып отыр. Бұл істе оларға жергілікті атқарушы органдар­дың тигізген қолдауы мен көмегін жоқ­қа шығаруға болмайды. Оның кейбір мысалдарын жоғарыда айтып өткен едік. Бұл мәселе Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне арнайы мәсе­ле етіп қойылғаны да алдыңғы пікірі­­міздің бір дәлелі. Дегенмен, осыған қара­мастан шешімін таппаған мәселелер мен атқарылатын істер әлі де аз еместігі байқалады. Осы сессия үстінде Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин елімізде учаскелік полиция инспекторларын әлеуметтік тұрғыдан қолдау деңгейі әлі де болса төмен екендігін атап көрсетті. Сөз жоқ, мұндай жағдай олардың алаңсыз әрі толыққанды жұмыс істеулеріне салқынын тигізеді. Сессияда көтерілген мәселелердің бірі – өңірдегі учаскелік полиция қосындарының жеткіліксіздігі. Рас, қазір Орал қаласы бойынша екі участкелік полиция қосынын ашу күн тәртібінде тұр. Дегенмен, бұл аздық етеді. Облыс аумағындағы 185 учаскелік қосынның 99-на жай және күрделі жөндеулер қажет. Бүгінгі күні облыс ауылдарындағы 98 учаскелік полиция қосыны интернет жүйесімен және қажетті компьютер­лік қондырғылармен қамтылмаған. Мұн­да қызмет автокөліктері жетіспейді. Сон­дай-ақ, жергілікті полиция өкілдерінің қызметтік баспанамен қамтылу жайы да көңіл көншіте бермейді. Оның жет­кіліксіздігі -28,7 пайыз төңірегінде. Әрине, бұл мәселе ұзақ уақыт пен ырға­лып-жырғалуды көтермейді. Өйткені, үйі жоқтың күйі бола қоя ма? Ал әзір тұрған бос баспана жоқ болса не істеу керек? Жергілікті полиция қызметі бастығының айтуы бойынша, осы орайда Ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметкерлерін жалдамалы тұрғын үй төлемімен қамту жүйесін ойластырып жатқанға ұқсайды. Оның қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді. Сондай-ақ, сессияда сөйлеген сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдегі учаскелік полиция инс­пекторларына елу автокөлік алу үшін қажетті қаражат бөлінетінін мәлімдеді. Әрине, осымен жергілікті полицияның барлық кем-кетігі түгенделеді деу қиын-ақ. Дегенмен, осындай оң көзқарас үстем түсе беретін болса, оның материалдық-техникалық базасы одан әрі нығая түсері кәміл.  Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы